Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қап шығаратын зауыт бар

Қап шығаратын зауыт бар

Қызылордада кәсіптің көзін тауып, халық тұтынатын тауар дайындап жатқан қап зауыты бар. Кәсіп иесі Ербол Қожанбаев өз ісіне шынайы берілген азамат цехты кеңейту жұмыстарының қалай жүріп жатқандығын,шикізаттың қайдан алынып, өнімнің қайда сатылатындығын шабыттана әңгімеледі.

Қалдықсыз өнім өндіретін өндіріс ошағы айына 800 мың қап тоқиды. Мұнда 17 адам еңбек етеді. Барлығы да – жергілікті тұрғындар. Отандық өнімнің әлеуетін арттырғысы келетін кәсіп иелерінің басты мақсаты – сырттан келетін тауарларды ығыстырып, өнімнің қолданыс аясын кеңейту.

Шағын зауыттағы тіршілік қарбалас. Күріш қабы дайын болғанға дейін бірнеше сатыдан өтеді. Әуелі пропилен түйіршіктері арнайы қондырғыда ұсақталып, 250 градусқа дейін қыздырылады. Одан күнделікті тұрмыста қолданылып жүргендей кәдімгі пленка шығады. Жіңішке, тілініп, тоқуға иекемделеді. Содан кейін ол пленка иіріліп, жіпке айналады. Жіпті станокқа қояды. Бірнеше жіп тоқылып, жиектеме тігіліп, қапқа айналады екен.

–Зауыт өз жұмысын ақпан айында бастады. Шикізатты Атыраудан аламыз. Қазіргі кезде 14 станогымыз бар. Алдағы уақытта зауытта түрлі-түсті логотипті басып-шығару, вакуумдық қаптарын әзірлейтін, қолғап шығаратын станоктарын алуды жоспарлап отырмыз. Жоспарларымызды іске асырған жағдайда 200-ден астам адамды жұмыспен қамтимыз.Ол үшін бізге мемлекеттен қолдау қажет.

Кәсіпорын басшысы алдағы уақытта қалдықтарды қайта өңдейтін құрылғы сатып алып, станоктардың санын көбейтуді, қапты еліміздің басқа да қалалары мен өзге елдерге сатылымға шығаруды басты мақсат етіп қойып отыр.

Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы

Фото: syrboyi.kz
04 тамыз 2023 ж. 138 0