Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Көкшетауда кеспе шығаратын зауыт іске қосылады

Көкшетауда кеспе шығаратын зауыт іске қосылады

Көкшетауда жылына 8200 тонна кеспе шығаратын зауыт іске қосылады.

Қытай инвесторларымен облыс орталығында кеспе өндіретін зауыт және жылына 17 мың тонна ұн өндіретін элеватор салу жөнінде келісімшарт жасалды.
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Марат Иғалиевтің айтуынша, қазіргі уақытта «ӘКК-Есіл ҰК» АҚ мен «МК Рамадан» ЖШС ұн зауытының базасында салынатын кеспе зауыты құрылысы жобасын талқылауда.
«Жоба құны – 350 миллион теңге. Аталған жобаны «Аграрлық Несие Корпорациясы» АҚ қаржыландырады. Сақтандыру кепілдігі 84 % «Қазақ Экспорт» АҚ үлесінде, кепілдік мүлік 16 % «ӘКК Есіл ҰК» АҚ-да», - дейді Марат Иғалиев.
Оның айтуынша, жаңа зауыт автоматтандырылған құралдардың көмегімен тәулігіне 23 тонна дайын өнім шығарады. Полиэтилен қаптамадағы 0,5 келілік кеспе өнімі Шығыс Азия елдерінде экспорттық әлеуетке ие болмақ.
«МК Рамадан» ЖШС қытайлық «Шинжанхэ» компаниясымен іскерлік қарым-қатынас орнатуда. Қытай нарығының 70 % кеспе өнімдерімен қамтып отырған компания осы салада бағыт-бағдар беріп қана қоймай, қажетті құрал-жабдықтарды таңдауда және жеңілдікпен сатып алуға ықпал етері сөзсіз. Елімізде кеспе дайындайтын өндіріс орындары көп емес. «МК Рамадан» ЖШС мен аталған компания арасында ұзақ мерзімді келісімшарт жасалады. Мұның өзі компанияның экспорттық әлеуетін дамытуға және нарық сұранысына сай өнімдерді көбейтуге мүмкіндік береді», - дейді Марат Иғалиев.
Жоба жетекшісі Ербол Тәшеновтың айтуынша, кеспе өндіретін зауыт құрылысы жобасымен бір жыл бойы жұмыс атқарылуда. Бұл ретте мамандар Қытай тәжірибесіне сүйенуде. Ірі комбинаттармен келісім жүргізілуде. Олар консалтингтік формада көмек көрсетуде. Қажетті құрал-жабдықтар Қытайдан тасымалданады.
«Компаниямен офф-трейк» келісімшарттар жасадық. Ол дайын өнімді сатып алады. Қазақстан үшін өнімнің экспортқа бағдарланғаны маңызды. Біз жобаның болашағы жарқын екеніне көз жеткізіп отырмыз. Өңдеу өнеркәсібіне де ден қоюымыз қажет. Бидай – биржалық тауар, ал бағаның құбылуына ешкім ықпал ете алмайды. Сатылым бағасы өнімнің нақты бағасынан төмен болып жатады, бұл еліміздегі ұн өндірісі саласының бәріне қатысты. Біз кеспе өндірісі бағытын таңдадық. Өнім жаңа технологиямен бидайдың жұмсақ сұрыптарынан өндірілетін болады. Мұндай кеспе Қытай мен Шығыс Азияда үлкен сұранысқа ие. Тауар ішкі нарықта да саудаланатын болады. Мұндай отандық өнім бізде тым аз. Дүкен сөрелерін импорт өнім жаулап алған. Оның бағасы да арзан емес. Сондықтан да қолға алған жобамыз қолдау табарына сеніміміз зор», - дейді Ербол Тәшенов.
Жоба 2019 жылдың аяғына дейін іске асырылады деп жоспарланған. Жаңа өндіріс орны 40 жаңа жұмыс орнының ашылуына, қала бюджетіне салық түсімін арттырып, еліміздің экспорттық әлеуетінің жоғарылауына ықпал етеді деп күтілуде.

https://baq.kz 

02 маусым 2019 ж. 794 0