Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбегі еленген маман

Еңбегі еленген маман

Теміржолтіршілік жолы екендігіне, ол бар жерде темірдей тәртіп те, талап таболатынына ешкімнің таласы жоқ шығар. Шойын жолды, алмастай өткір жолды өзінің ырқына көндіріп, алысты жақындатқан, жолаушыны, жүк тиелген вагонды көздеген жеріне жеткізген теміржолшылардың жұмыс барысындағы қажымас қайратына, болаттай беріктігіне таңғалмасқа болмас. Шынында да темірдей жолға жан бітіретін, сонымен қатар ел экономикасының бір тамыры болған оның жұмысын жандандыратын – теміржолшылар. Тамыз айымен қатар келетін алғашқы мереке де осы сала мамандарының төл мерекесі. Осы орайда бүгінгі еңбек ері «Қазақстан темір жолы – жүк тасымалы» АҚ, «Арал теңізі» станциясының вагон құрастырушы маманы, бірнеше мәрте аудан, облыс әкімдерінің Құрмет грамотасымен марапатталған, биылғы мейрам қарсаңында «Адал еңбегі үшін» төсбелгісінің иесі Әлімбай Бисембаев туралы сөз қозғалмақ.
Әлімбай Бисембаев Садуақасұлы 1962 жылы 10 тамызда Арал ауданына қарасты қазіргі Сарышығанақ жерінде (бұрынғы 85 разъезд) дүниеге келген. Теміржолшылар отбасында дүниеге келген Әлімбай ағай ес білгелі әкесінің жанында өсті. Өз уақытында станция басшысы қызметін атқарған әкесі Бисембаев Садуақас баласының ата жолын жалғауына қарсы болмады. Білгенін үйретіп, ақылшысы болды. Кейіннен үлкен ұлы Бисембаев Сансызбай орнын басып, отбасылық кәсіпті жалғастырды. Әлімбай ағай да мектептегі оқуын бітірісімен-ақ теміржол қызметіне кіріседі. Алғашқы еңбек жолын жол монтері қызметімен 1979 жылы туған жерінде бастаған ол араға жыл салып әскери борышын өтеуге кетеді. Кеңес заманында қазіргі Екатеринбург қаласында «танкі әскері» бөлімшесінде қызмет етіп, сержант атағын алып, 1982 жылы елге оралады. Әскердегі үзіліс оған көп кедергі болмады. Өз кәсібін жол қозғалысы басқарушысы маман ретінде қайта жалғастырды. Жұмыспен қатар Ақтөбе қаласындағы Жол қозғалысы техникумында өз білімін толықтырады. 1986 жылы Арал қаласы станциясы құрылуына байланысты Сарышығанақ станциясы жол торабында қалады. Сол себепті Әлімбай Бисембаев та өз жұмысын Арал қаласына көшіріп, алғашқыда бұрма бұрушы маман қызметінен бастап, кейіннен вагон құрастырушысы маманы болып ауысады. Сол уақыттан бері кейде станция кезекшісі, құжаттарды реттеу операторы секілді қызметтерді де атқарды.
Сонымен қатар Әлімбай Бисембаев еңбек адамы ретінде жұмысқа жаңадан келген екі шәкіртті тәрбиелеген жан. Теміржолшылар отбасынан шыққан Жарболғанов Талғат пен Еділбаев Нұрғали жұмысқа жаңа орналасқан сәттен Әлімбай ағаның жанында болды. Пойыз құрастырушысы қызметінің қыр-сырын, қиындығы мен қызығын осы кісіден үйреніп, қазіргі таңда «Арал теңізі» станциясында қызмет атқаруда. Ең қызығы, шәкірті Талғаттың әкесі Жарболғанов Молдахмет Әлімбай ағаның жетекшісі болған.
Қазіргі таңда қыстың суығы мен жаздың аптап ыстығына, мезгілдің қолайсыздығына қарамай жүк тиелген вагондарды ағытып, діттеген жеріне жеткізу Әлімбай Бисембаевтың негізгі міндеті. Оның ішінде Аралтұз мекемесінің тұздары мен Шөміш елді мекенінен шыққан құм тиелген вагондар ең жиі тасылатын жүктердің бірі. 40 жылдан аса еңбек жолында кездесуі мүмкін қаншама техникалық ақаулар мен қауіптің алдын алып, мүлтіксіз қызмет атқару оңай емес. Есептелген уақыт пен белгіленген жоспарды бұзбай атқарылған адал еңбектің жемісі де тәтті екені даусыз. Өздерін «екі алмастай жолдың үстінде келеміз» дейтін бұл мамандық иелері әрқашан еңбек биігінде.
Бүгінгі күнде Әлімбай Бисембаев үлкен отбасының отағасы. Жары Күнқияш Кусупова Арал аудандық орталық ауруханасында аға мейіргер. Әлімбай ағаның үлкен қызы Садуова Гүлбақыт ата кәсіпті жалғастырып, Алматы қаласындағы «Логистика және көлік» академиясын бітірген. Келіні Нұрымова Лаура да бүгінде «Арал теңізі» станциясында құжаттарды реттеу операторы маманы болып жұмыс жасайды. Әлімбай Бисембаев қазіргі таңда 4 баласынан тараған 4 немере, 7 жиен немеренің атасы, отбасының темірқазығы.
Осындай теміржолға адал қызметімен елге танылып, еңбегі еленген жандарды төл мерекемен тағы да құттықтаймыз! Барша теміржол қызметкерлеріне отбасы амандығын, кәсібінің берекелі болуын тілейміз!
Г. САҚТАПОВА
07 тамыз 2023 ж. 226 0