Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімінің құттықтауы

Аудан әкімінің құттықтауы

Құрметті теміржол саласының қызметкерлері!
Қадірлі сала ардагерлері!

Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – теміржолшылар күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Теміржол - әр мемлекеттің экономикасының күре тамыры. Қызметі толағай міндетке толы көлік кешенінің жетекші саласы. Жолаушылар мен жүк тасымалының басты қатынас құралы екендігін де жақсы білеміз.

Ел мен елді жалғастырып, алысты жақын етіп, берекелі бірлікке ұластырып отырған бұл саланың еліміз үшін маңызы зор. Кешегі күні бабаларымыз ат арытып, арбалатып жететін айшылық алыс жолдарды бүгінде көзді ашып-жұмғанша жүріп өтуге мүмкіндік туды.

Темiржолшы мамандығы – ерлiк пен үлкен жауапкершiлiктi талап етеді. Сала мамандарының жүйелі жұмыстарының нәтижесінде ауданымызға қарасты барлық темір жол бекеттерінде тәулік бойы жолаушылар мен жүк пойыздарының қозғалысы бір сәт те тынбай, ырғақты және үзіліссіз жұмыс істеуде.

Ғасырлық тарихы бар отандық теміржол жүйесінде тоғыз жолдың торабын байланыстырған «Сексеуіл станциясының» алар орны айқын. Темірдей тәртіпке бағынып, өз міндеттеріне жоғары жауапкершілікпен қарайтын теміржол тарландары өзіндік қолтаңбаларын қалдырып келеді. Биылғы кәсіби мереке және Қазақстан темір жолының 25 жылдық мерейтойы қарсаңында болат жолдың бойында ұзақ жылдар қажырлы еңбек етіп келе жатқан Cексеуіл теміржол электр жүйесінің бастығы Әміржан Жұмақов пен Сексеуіл техникалық қызмет көрсету бекетінің вагон қараушы-жөндеушісі Әлбиев Түстібай «Құрметті теміржолшы» төсбелгісін иеленді.

Құрметті теміржолшылар!

Қоғамдық маңызы зор жауапты қызметтегі кәсіби шеберліктеріңіз бен біліктіліктеріңізді біз әрдайым жоғары бағалаймыз.
Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасыларыңызға амандық тілеймін!
Тәуелсіз еліміздің игілігін молайту жолындағы ерен еңбектеріңіз толағай табыстарға толы болсын!

Ізгі ниетпен,
аудан әкімі С. Сермағамбетов

07 тамыз 2022 ж. 1 316 0