Өлі разы болмай, тірі жарымас...

Жастық желікпен көліктің ішінде даңғырлатып музыка қосып барамыз. Ауылдан шыға берісте үлкен қорым бар еді. Сол қорымның қасымен музыка қосқан күйі зырылдап өте шықтақ. Ойымызда ештеме жоқ. Біздің бұл әрекетіміз өлі әруақтарға құрмет көрсетпегендігіміз екенін кейін білдік қой әрине. Әңгімемді одан әрі жалғастырайын. Сонымен не керек, ештемені елеместен әлгі қорымнан 2-3 шақырым асып кеттік, сол тұстарда үлкен жолдан бөлек әлгі малды ауылға бұрылатын іздік жол бар болатын. Бұрыннан болмағандықтан анағұрлым анық емес. Әйтсе де, көліктің жарығына көрінетіндей-ақ. Құдайдың құдіретін қарасаңызшы, біз бұрылмақ болған сол жол жабылып қалғандай күй кешірдік. Мал ауылдың иесі бұл жолды жазбай табатын. Бірақ жолды байласа, көз байланады екен. Негізгі жолға бірнеше мәрте қайта оралып, әлгі жолды іздейміз. Алайда, бір зер салып қарасақ, сол үлкен жолмен әлі кетіп барамыз. Осылайша, төрт-бес рет өз бетімізше ұмтылған сапарымыз сәтсіз болды. Бізді беймәлім әлемнің тылсым күші өз жетегіне ертіп бара жатқандай. Біріміздің айтқанымызға біріміз көнбей, бір байламға келе алмай жүрміз. Кері бұрылып, қайта жүреміз. Сол баяғы басқа жаққа алып баратын үлкен жол. Осылайша, не істерімізді білмей азды-көпті абдырадық. Түн тас қараңғы. Көлігіміз тоқтаса, айналамыз адамды-адам көрместей тас түнек. Көлікті сөндіріп, сәл үнсіз отырдық. Музыканы біржола өшіріп, уақыт өте өз-өзімізге келе бастадық. Жолды таппасымызды анық білеміз. Есімізді жиып, әлгі біз елемей өткен өлі әруақтар мекеніне қайта барып, (қорым) сапарымызды сол жерден қайта бастауды ұйғардық. Кері бұрылып, артта қалған ауыл маңындағы қорымның тұсына бардық. Сол жерге тоқтап, іштей өлі әруақтарға құрмет білдіріп, Құран оқыдық. Ойымызға Алланы алып, Жаратушыдан жәрдем сұрай, өзіміз бармақ болған малды ауылға қарай қайта беттедік. Жаратушының шапағаты шексіз ғой шіркін. Жайлап жүріп отырып, өзіміз іздеген әлгі іздік жолды бұл сапарымызда жаңылмай таптық. Әрі жүріп отырып, өзіміз жоспарлаған жұмыстарды сол күні таң атқанша тындырдық. Шыны керек, бұл өз басыма үлкен сабақ болды. Содан кейін, қорым жанынан өткенде, өлі әруақтарды еске алып, оларға құрмет білдіруді ұмытпайтын болдым.
Иә, «Өлі разы болмай, тірі байымайды», деген тәмсіл бар ғой халқымызда. Мен сол жолғы сапарымда бұл сөздің бекер айтылмағандығына анық көз жеткіздім. Кейбір қорымның жанынан өткенде «Ей, жолаушы, атыңның басын тарта жүр, біз де сендей болғанбыз, сен де біздей боларсың» деген сөзді жиі оқып қалушы едік. Жұмыр басты пендеге ескерту ретінде айтылған бұл сөздің әсте тегін айтылмағанын бұл жолы тағы ұғындық. Бауырлар, өліге құрметпен қарап, олар жатқан мекеннің тұсынан ұдайы тізгінді тартып өтейікші. Себебі, олар да біз секілді өмір сүрген. Түптің-түбінде біздің аяғымыздың астында тапталған шөп, үстімізде өсетінін ұмытпайықшы. Біз одан кем болып қалмаспыз.
А.ҚАРАСАЙ