Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Түлкі мен балапан (мысал)

Түлкі мен балапан (мысал)

Түлкі күні бойы өзіне тамақ іздеп таба алмай, кешке қарай ауыл ішіне кірді. Ауылда жалғызсырап қалған балапанды көріп, ұстап алады. Қорыққанынан не айтарын білмей сасып қалған балапан:
– Түке-ау, саған не болды? Мені жегеніңмен жұтымыңа тұрмаймын, онан да менің анамды же. Ол менен гөрі семіз, жегенде аузыңнан бал татиды.
Түлік бір тамсанып қойып:
– Жоқ, күні бойы қарным аш, сенің анаңды қайдан іздеп жүремін, – деп балапанды қылғындырған үстіне қылғындыра түсті.
– Түке-ау, қылғынып өліп барамын, ең болмаса бір өтінішімді айта кетейін.
–Ә, солай ма, – деп түлкі ойланып қалды...
–Егер анамды әкеп берсем, мені жемейсің бе?
– Е, бейшара тауықтың балапаны, құдай сенің өмір жасыңды ұзақ қыла көрсін! Жарайды, жемеймін, – дегенді мейірімділікпен айтып, балапанды анасына жұмсап жібереді. Арғы жағын өзі іші біліп тұрды. Бірақ балапан қу түлкіден аман-есен құтылғанына кәміл сеніп, сол кеткеннен мол кетті.
Арада бірнеше күн өтті. Әбден ызаға булыққан, аш қарынға дым түспей ашынып жүрген түлкі не істерін білмей келе жатқанда, қарсы алдындағы үйдің төбесінде жүрген баяғы балапанды көрді де:
–Е, ұлы тауықтың балапаны. Төбеден түсіп, аман-есен біліспейсің бе, көп болды ғой көрмегенімізге... дегенді әрең айтты.
– Түке-ау, –деді жауап ретінде балапан саспай, – мені көріп, көзіңіз бейне оттай жанып кетіпті ғой... Сонда да болса, әнеугүні саған сасып айта алмап едім... Менің анам жоқ. Инкубатордан шыққан едім, – дегенде, түлкі-екең құлап қала жаздады.

А. Өткелбаев,
Арал қаласы
06 ақпан 2021 ж. 935 0