Дау партисипативтік рәсім тәртібімен реттелді
Арал аудандық сотында талап қоюшы Ж-ның жауапкер Н-дан материалдық шығын және моральдық зиян өндіру туралы азаматтық ісі партисипативтік рәсім (екі тарап адвокаттарының жәрдемдесуімен дауды реттеу) тәртібімен реттелді.
Татуластырушы-судья тараптармен әңгімелесу барысында заңнамадағы татуластыру рәсімдерінің тиімділігі мен салдарын түсіндіріп, татуластыру шараларын жүргізген.
Нәтижесінде тараптар дауды партисипативтік рәсім тәртібінде реттеуге ниет білдірген.
Партисипативтік келісімнің шарттары бойынша, жауапкер талап қоюшымен өзара келісілген мөлшердегі соманы 2023 жылдың тамыз айының 25-не дейін төлеуге міндеттенген, ал талап қоюшы қойып отырған талабынан бас тартқан.
Партисипативтік келісімге екі тараптың адвокаттары қол қойып, сотқа бекіту үшін ұсынған.
Азаматтық процестік кодексінің 277-бабының 6-тармақшасына сәйкес, сот, егер тараптар дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасса және оны сот бекітсе іс бойынша іс жүргізуді тоқтатады.
Осыған орай, сот ұйғарымымен дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім бекітіліп, іс бойынша іс жүргізу тоқтатылған.
Арал аудандық сотының баспасөз қызметі