Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бірге өткізген күндер-ай...

Бірге өткізген күндер-ай...

Мен Жайшылықты 1961 жылдан бастап өте жақсы білетін едім. Сол жылы мектеп бітірген жастар оқып, білім алуымызды әрі қарай жалғастыру мақсатында Алматыға келген болатынбыз. Оқуға түсіп студент болған кезімізде ауылдан келген жастар көбіне бірге жүретінбіз. Жұрт бізді «Аралдықтар тобы», деп атайтын. Сол топтың белгілі де, белсенді мүшелерінің бірі Жайшылық болатын. Ол, сабақ оқуға кедергі келтіреді деп жатақхананың айқай-шуын ұнатпай, көбіне пәтер жалдап тұратын. Кейде қалта тақырланып, қарнымыз ашқанда Жайшылыққа баратынбыз. Онда әрдайым табылатын нан, май жеп, шәй ішіп жүрек жалғайтынбыз.
Студенттік өмірдің қызығы мен қуанышын бірге көрдік. Әртүрлі мейрамдар қарсаңында немесе «туған күн» тойлауға жиналып, бас қосып «вечер» жасайтын едік. Мұндайда Жайшылыққа екі нәрсе жүктелетін: оның біріншісі «вечерге» қыз балаларды тауып шақыру болса, екіншісі өлең айту еді. Осы екі тапсырманы да ол мүлтіксіз орындайтын. Белгіленген уақытта қалай, қайдан табатыны белгісіз, отырыспаға бір топ қыздарды алып келетін. Бірақ оларды қызғыштай қорғап, көзінен таса қылмай, кеш бітуіне шашау шығармай алып кететін. Сөйтсек олар Жайшылықтың Алматыда тұратын нағашысының балалары мен олардың таныс бойжеткендері болып шықты.Әке-шешелеріқазақи жастармен аралассын деп Жайшылыққа сеніп тапсырып, біздің отырыспаға әдейі жіберетін көрінеді.
Жайшылықтың жіңішке әдемі дауысы бар болатын. Сол кезде экранға шыққан Үндінің атақты актері мен кинорежиссері Раджа Капурдың фильмдеріндегі әндерді нақышына келтіріп айтатын. Дауысымды сақтаймын деп шикі жұмыртқа ішіп жүретін. Кейін ересек өмірге аяқ басқанда ол қанша сұрасақ та өлең айтпайтын болды. Жылдар өте институтты бітірдік, үйленіп, үй болдық. Бірақ тобымыз ажырамады, қарым-қатынасымыз үзілген жоқ.
Жайшылық менен 1-2 жас үлкен және ру жағынан маған нағашы болып келеді. Сондықтан да мен оны құрметтеп Жәке деп атайтынмын, ал жұбайым марқұм Бақытгүл қайнаға дейтін. Бұл сөзге ол кәдімгідей марқайып, рахаттанып қалатын. Бір жылдары Жәкең біздің үйге «келіннің қолынан тәтті шай ішемін» деп жиі-жиі арнайы келіп тұратын. Бізде оны құшақ жая қарсы алатынбыз. Әсіресе бізбен бірге тұратын шешем (жетпістен асқан қария)«інім келді» деп қуанып қалатын, екеуі өткен-кеткенді сөз қылып, әнгіме дүкен құратын.
Жаңа үйленген кезіміз, шақырыспаларға барғанды, қыдырғанды жақсы көреміз. Шешем тура айтпаса да біздің көбіне үйде болғанымызды қалайтыны түр-түсінен белгілі болып тұратын. Бір қызығы егер бізді інің үйіне шақырып жатыр десек, «иә барыңдар, жақын адамдармен қатынасып тұрғанға не жетсін» деп ұлықсатын бере салатын. Осылай, Жәкеңді пайдаланып біраз шақырыспаларға барып жүрдік. Бірде қонақтан келгенімізде шешем:
– Иә, бүгін інім неге шақырды?» - деді.
Тура қойған сұраққа қапелімде жауап таба алмай, сасқалақтап:
– Ініңнің үйіндегі келінің Шәркүлдің туған күнін тойладық, - дедім. Шешем бірден.
–Тәйт, о не дегенің, інім ауышқан ба, әйелдің туған күні болушы ма еді, -дегені бар емес пе?
Күлкіден жарылып кете жаздадық. Осы оқиғаны Жәкеңе айтқанда ол:
– Қария дұрыс айтады, ал сендердің өтіріктеріңді апама айтсам, қонаққа бару былай тұрсын үйлеріңнен шыға алмай қаласыңдар, - деп бізді қорқытатын.
Кейін шешемнің осы айтқаны «қанатты сөзге» айналып біздің жолдастарымыздың тіпті таныстарымыздың арасына таралып кетті.
Жайшылық еңбекті ерте бастаған адам. Сонау 1958-1960 жылдары, жасөспірім кезінде кешкі мектепте оқып күндіз Аралдың кеме жөндеу заводында жұмыс істеген. Институтты бітіре сала Қиыр Шығыста мерзімді әскери қызметте болып, КСРО армиясының капитаны шеніне ие болған. Жәкең, «сол жылдар менің өмірге, еңбекке деген көзқарасымды қалыптастыруға ерекше әсер етті» деп айтып отыратын. Сондықтан да болар Жайшылықтың айтқан сөзінен де, істеген істерінен де өмірлік тәжірибесінің бізге қарағанда молырақ екені көрініп тұратын. Қандай да жұмыс болмасын, оның жай-жапсарын, мәні мен мағынасын егжей-тегжейіне дейін білуды ұнататын. Кейін институт бітіріп жұмыс істеген кезде де ол қызмет бабында үлкен бедел, абыройға ие болып, келе-келе Алматыдағы үлкен энергетикалық компанияның басшыларының бірі болды. Осылай еңбектің қызығы мен қуанышына бөленіп, зейнетін көрді. Кезінде Жәкеңнің қолда бар мүмкіндігін бізде талай пайдаландық. Алыс жердегі шақырыспаларға жолға шыққанда көлік дайындау міндетті түрде Жәкеңнің мойнына ілінетін еді.
Жәкең бәрімізден кеш үйленді. Өйткені жоғарыда айтылғандай оқуды бітірісімен үш жыл армияда болды. Елге оралғаннан кейін де Шәркүлмен танысқанға дейін 2-3 жыл өтіп кетті. Сол жылдары біздің топтағы жігіттер мен қыздар талай той өткізіп бұл іске әбден машықтанып, төселген кезі болатын. Ауылдан туған-туысқандардың келуін күтпей-ақ, «алдынан өту», «құда түсу» тағы басқа рәсімдерді өзіміз өткізе беретінбіз. Осы жолы да солай болды. Жәкең Шәркүлмен танысқаннан кейін көп ұзамай марқұм болған досымыз Серік Измағанбетов құда болып, мен күйеу жолдас болып Шәркүлді КазПИ-нің жатақханасындағы көп қыздардың ішінен алып шыққанымыз есімде қалыпты. Сол кезде Абай даңғылымен үлкен Алматы өзенінің қиылысқан жерінде жаңадан салынған тамаша ғимаратта екеуінің некесі қиылып, жаңа отбасының өмірге келгені жария етілді. Бұл рәсімнің аяғы үлкен тойға ұласты. Жәкең Шәркүлмен жарты ғасырдай тату-тәтті, бақытты ғұмыр кешті. Жанар мен Ержан дүниеге келді.
Шәркүлдің ғылымға деген құштарлығы сол кезде-ақ айқын байқалатын. Әртүрлі отырыспаларда мен Шәркүлге:
–Сен ғылым үшін жаратылған адамсың, қазан-аяқ жаққа жолама, бермен кел, – деп оны, басқа келіншектердің күңкілдегеніне қарамай, ерлер жағына шақырып алатынмын.
Жәкең де жұбайының ғылыммен айналысуына бүкіл қолдан келген көмегін аяған жоқ. Кейін Шәркүл өзінің тынымсыз еңбегінің арқасында докторлық диссертация қорғады, профессор және педагогика ғылымдары академиясының академигі атақтарына ие болып, осы саладағы еліміздегі белгілі ғалымдардың бірі болды. Міне, отбасының осындай қызықтары мен қуаныштарын Жәкең толығынан көрді. Кездескенде мерейі тасып, мақтаныш сезімде жүргені белгілі болатын.
Жайшылық балаларының оқуына көп көңіл бөлетін. Қызы Жанардың шетелде оқуына жағдай туғызу үшін екі бөлмелі үйінің бір бөлмесін АҚШ-тан келген мектеп оқушысына бөліп бергені менің әлі күнге дейін көз алдымда. Есесіне Жанар да АҚШ-тің мектебінде және кейін университетінде білім алуға мүмкіндік алды. Қызының шетелде оқығанына Жәкеңнің қуанышы қойнына сыймай, әртүрлі отырыспаларда оның қалай, қайда оқып жатқанын, қай жерде тұратынына дейін жалықпай тәптіштеп айтып отырушы еді. Балалары да әке-шешелерінің еңбегін ақтады, екеуі де жоғары білімді өз істеріне маман азаматтар. Әсіресе Жанар мен Жанаттың Еуропада, халықаралық компанияда қызмет істегенібәріміз үшін мақтаныш. Соңғы бір кездескенімде Жәкең, «мен қазір жыл сайын жаз бойы Швейцарияға, Жанар мен Жанатқа барып демаламын, шаңғы тебемін» деп мақтанышпен айтқаны жадымда қалыпты. «Ой, Жәке шаңғы деген біздің ауылға үрдіс емес, қартайғанда бір жеріңді сындырып алма» деп қалжыңдайтынмын.
Жәкең бір жылдары үй салуды армандады. Ол ойын да жүзеге асырды. Алматының батыс шетінен екі қабатты үйді қатырып тұрып салды. Біраз жыл оны да рахатына тұтынды, талай қонақты жайғарды. Ол үйдің қызығын біз де көрдік. Кейде жиналу қажет болған жағдайда көпшілік дауыспен «Жәкеңнің үйі кең, сонда барайық» дейтінбіз. Ол да қарсылық білдірмейтін. Жайшылық демалыс уақыттарында шахмат ойнағанды ұнататын. Кейде оның үйіне қонаққа барғанымызда, шай, тамақ жөніне қалып, отырыспамыз шахмат турниріне айналып кететін де кездері болған. Әсіресе Қызылордадан іссапармен досымыз марқұм Айдар Қуанышбаев келгенде, екеуі шахматты күні-түні ойнауға бар еді. Жәкең негізінде мінезі ашық адам еді, бір көрген кісіментіл табысатын, үйіне де қонақты жиі-жиі шақырып, әнгіме дүкен құрғанды ұнататын. Оны тіпті менің ауылдағы туған-туысқандарым, жора-жолдастарыма дейін жақсы білетін.
Мұсылман дінінде «Адам шыр етіп жерге түскенде оның бүкіл өмірі маңдайында жазулы тұрады» деген қағида бар. Олай болса Жайшылық та өзінің туасылы маңдайына жазылған өмір жолын осылай жүріп өтті. Қызметте беделді, отбасының тірегі, ардақты әке, ата болды. Туған-туысқандарына, жора-жолдастарына, достарына сыйлы болды, олардан қолдан келген көмегін аямады. Қорыта айтқанда абыройлы өмір сүрді. Жылдар жылжуда. Менің інім Хамит үйленгенде Жайшылық құда болып барған. Қазір Хамитүлкен перзенті Айбикені тұрмысқа бергелі жатыр. Қазақ «Өзінен кейінгіні көріп қартаясың»деп әсте тегін айтпаған-ау!
Алуадин СЫДЫҚОВ,
Физика-математика ғылымдарының докторы, профессор,Қазақстан жаратылыстану академиясының академигі

Фото:  ult.kz
16 тамыз 2023 ж. 148 0