Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаппай білім алу сән бе, салт па?!

Жаппай білім алу сән бе, салт па?!

Дастархан үстіндегі менің болашағыма қатысты ойталқы сөз әні-міне тоқтайтын түрі жоқ. Үлкен қаладағы оқу немесе облыс шеңберінде жүріп, жергілікті оқу орындарынан білім алу сынды ата-ана арасындағы талқылау бұл жолы ұзаққа созылды.
– Немене үлкен қаладағы жоғарғы оқу орында білім алғандардың барлығы білімді немесе өнерлі болады деген бе? Дәм-тұз тартайын десе мәселе білім алғанда емес. Талабы бар бала тасада қалмайды. Өзімізге жақын Қызылордаға барып оқысын. Наны жүрген болса шетелсіз ақ нан табады. Біз оқыған да жоқпыз. Мектептің білімінен басқа түк те жоқ. Сонда қатарымыздан кем болдық па? Көп сөзді қой, баланы елден жырақ жіберіп, ертең елеңдеп отыратын жағдай жоқ, – деген әке таңдауы менің Қызылордағы педагогикалық колледжге түсуіме түрткі болды.
Бұл 2006 жылдың жаз айы болатын. Содан не керек, біз де ел қатарлы Қызылордаға келіп қалдық. Ауылдың шаңы мен қарбалас тіршілігінен басқа дым көрмеген қарадомалақтың үлкен қалада жүріп-тұруының өзі алғашында қиынға соқты. Сонда да оқу немесе өнер деп ұмтылған бала жүрек бұлқынысы ақыры арман тұлпарын еріттеп мініп, өз мақсатына ұмтылыс жасады. Бұл менің мамандық таңдау мәселесіндегі ең алғашқы есте қалар естеліктерім болатын. Алғашында өнер деп ұмтылсам да тіл мамандығында болашақ бар деп пайымдаған ата-анам педагогикаға бет бұрғызды. Бастысы оқу керек болды. Қатарластарым жан-жаққа кетіп жатқанда ауылда қалу абыройсыздық емей немене еді?! Осылайша мен де көптің бірі болып білім алдым.
Дәл қазіргі сәт те мектеп бітірген түлектер үшін таңдау мүмкіндігі тұрған айрықша кезең екені белгілі. Бірі дәрігер болам десе, енді бірі ұстаз, әнші немесе актер боламын деп әуре-сарсаңға түсуде. Қалай дегенмен қай түлектен сұрасаң да ешкімнің елде қалғысы жоқ. Бұл өзі жаппай науқанға айналып бара жатққан жанталас болып барады. Мамандыққа мән беріп,баланың талабы мен талғамына талас қылып жатқан ешкім жоқ. Біреудің атағы өз саласында аспандап жатса баласын сол биіктен көргісі кеп қиялдайтын ата-ана көп. Сол қиялдың жетегінде жүріп, дизайнер болсам деп армандап жүрген баланы ұстаз немесе дәрігер қылып жіберіп жатқан ата-аналаға қандай өкпе артарсыз?! Тіпті ол баланың оқу оқып, білім алуға қарағанда қазірден кәсіп істеп, өз қиялындағы жобаны жүзеге асыруды көздейтін шығар. Онымен санасып жатқан да ешкім жоқ. Жарайды, бала оқимын десе талабын ескеріп, мүмкіндік жасау жөн шығар. Бірақ елдің баласы өйтті, біз одан кембіз бе деп бақталастыққа бой алдыру арқылы бір оқудың соңына барын шашуға дайын тұратын ата-аналарды естігенде таңқалмасқа шара жоқ. Негізі оқимын деген бала жағдай жасамасаң да оқиды. Ал студенттік өмірдің қиын кездеріне шыдай алмайтын балаға астына көлік мінгізіп, оқуының қасынан үй алып берсең де оқуға құлқы болмауы мүмкін. Міне, біздің айтпағымыз да осы еді. Мәселе білім алуда болса бәрі басқаша болған болар ма еді. Алайда елге көрінгісі келіп көлгірситіндер «құрсын кімнен кембіз, айналдырған бір баланы оқыта алмасақ несіне отырмыз. Ешкімге жалтақтамасын» деп оқуға түскен қаласынан пәтер сатып алып беретін ата-аналар қатары артып келеді. Сөйтіп оқытқан баласы үмітті ақтаса қане?!
Мәселен, біз пәтер жалдап, таңертең бір үзім нанмен шығып, кеш батқанша нәр сызбай жүріп сабақ оқыдық. Білімге бас қойдық деп асыра айтпай-ақ қойайық. Бірақ оқу орнының белгілі бір тәртібіне бағынып, уақыт таңдамай барлық курстарына қатысуға тырыстық. Тойып тамақ ішпеген күндер көп болды. Бірақ сол алған дипломның жемісін көріп жатырмыз десек болады. Ал сіздің барды шашып, абыройды асырып оқытқан балаңыз дипломын сандыққа салып қойып, өзі басқа салаға кетсе не болмақ?! Онсыз да ондай жағдайлар қазіргі қоғам өмірінен көптеп орын алуда. Сондықтан баланың болашағы үшін таңдау жасап, кесімді ой айтарда келешегіне де көз тастап қойыңыз. Оқитын бала мектеп кезінен-ақ білімді әрі ізденімпаз болады. Сонысымен де ол үлкен жетістіктерге жетіп, қатарластарынан оқ бойы озық шығады. Әрі қарай білім аламын десе соған күш салу керек. Ал керексіз мамандыққа қинап түсіріп, ертең одан мықты маман шықпаса балаға өкпелеп керегі жоқ. Нан тауып жей алатындай мамандықты орта деңгейлі колледж немесе лицейлер де бере алады. Бастысы баланың талабында. Ақыры оқу керек болса өзіміздің Аралда да қос бірдей колледж бар. Түрлі мамандық бойынша түлектер қабылдайтын оқу орындарының бүгінде басымдық беретін мамамндықтары кәсіптік мақсатқа негізделген. Осы оқу орнын бітіріп, үлкен жетістіктерге жетіп жатқан жандар көп.
Иә, көксегеніңіз көл-көсір байлық, шексіз абырой-атақ болса оны сізге балаң жасап береді деп айту қиын. Сондықтан баланың ертеңіне бүгіннен бастап инвестиция құйыңыз. Сіздің оқуға түсер уақытта пәленбаймыңдап шашқын ақшаңыздың ертең қайыры болмауы мүмкін. Қазақта «балаңды аясаң – аяма» деген жақсы тәмсіл бар. Түсінген жанға осы астарлы сөздің астында үлкен мағына жатыр. Кір-қожалақ болса да өзгенің баласы, сіздің креслода отырған балаңыздан артық ақша тауып, үлде мен бүлдеге оранып жүруі мүмкін. Сондықтан балаға білімді байлық болсын деп емес, азық болсын деп беріңіз. Бастысы білімді сатып алып бермеңіз. Өйткені «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Мұны мен емес әл-Фараби бабамыз айтқан...
А. ҚАРАСАЙ 
12 тамыз 2023 ж. 267 0