Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Студент санасы

Студент санасы

Ел болашағы жастардың қолында деп білеріміз анық. Ертеңгі елдің тұтқасына айналып, ұлттық мүдде жолында қызмет жасайтын да – жастар. Әлемдегі мың түрлі өзгеріс пен ілгерілеудің көшіне еру үшін де жас буын бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Бәсекеге қабілетті дегеннің астында тұлғалық даралық бой көрсетері анық. Себебі, өз қоғамында даралана алмаған, адамзат алдында қалай дараланбақ?!
Дара болу да, қара болу да өзімізден. Қазіргі таңда жастардың негізгі бөлігін студенттер құрайды. Яғни, білім сапарында маңдай тер, күш-қуатын жұмсап, өз болашағына инвестиция құйып жатқандар. Келешекке деген инвестиция мақсатқа жету жолындағы негізгі баспалдақтар болып саналады. Студент атанып осы жолда жүргенімізге 3 жылдан аса уақыт өтіпті. Алғашқыда айналамызға таңырқай қарап, өмірге жаңадан келгендей болғанымыз да рас. Уақыт өте бой үйретіп, адам танып, осы өмірге бейімделіп кеттік.
Сынақ өмірдің өткелдері де, шуақ өмірдің қуаныштары да қатар келген күндер өтті. Он жетімде бала болып келген ем, он сегізде адам болып қалыппын. 1-курс студенті үшін ең негізгі жұмыс – сабақ оқу. Яғни, алғашында «нб» дегенді қойған кезде шошып, «Енді не болар екен?» деген уайымға берілгеніміз де есімде. Қыркүйек айының бастапқы апталары факультетке келеміз де, сабақ болмаған соң қайтамыз. Бізге мейлі, қалада тұрып, 1 сағат уақыт автобуспен келер студенттерге обал еді. Сабақ та әдейі өтілмейді емес, сабақ кестесі, дәріскерлер енді ғана таңдалып, ретке келе бастайды.
Сабақтың қиыншылығы өз алдына. Арман шырағданы жаңа ғана оқуға түскеніне қуанып тұтанған балмұздақ шырағын осылай үрлеп өшіріп алмасақ болған-ды. 5 аптада 100 баллды қоржынға түсіру қалай болар екен? Сонда, студент атаулы сабақтан бас алмастан, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылуы керек пе? Тіпті, жаратылыстану бағытындағы білім алатын студенттерді айтудың өзі артық. Себебі, қасына жақындай кетсең, уайымы – сабақ, мұңы – балл, қайғысы – шәкіртақы.
Бәсекеге қабілетті студент қалыптастыру үшін таңдаған мамандығының әліппесінен бастап, «ішкі кухнясына» дейін көрсетуіміз керек-ті. Беліне көтере аларлық шоқпар байлап, иығына жүк артуымыз да тиіс. Жас шырақты сөндірмеуді көздесек, жаңа өмірге қадам басқан жанның жолына бөгет, алдына тосқауыл қоймау маңызды. Есімде ұстаз болған ағайымыз әр дәріс сайын тұрақты 3 тапсырма беріп, әрбір тапсырмаға түсініктемені кемінде 3 бірдей кітаптан жазуды жүктейтін. Ол ақпаратты дәлелді ету үшін де сілтемелерді қоюды міндеттеді. Анығында, бұл бізді ақпарат айдынында шынайылыққа көз жеткізуге бейімдеді.
Оқудың жөні бір бөлек, өмірдің жайы бір басқа... Тіршілік соқпағында адам тірі болу үшін талпынары белгілі. Себебі өмірдің қанша мәні кетсе де, тіршіліктен әсте адамзат қол үзгісі келмейді. Әйтсе де өмірдің қиыншылығы қажытқан немесе баз кешіп кетуге бой ұсынғандар өмірмен қош айтысудан тыйылар емес. Сынақты өмірдің келтірген қиыншылықтарына адам бойындағы төзім деген дүние болмаса, сынып қалуы да оп-оңай екен-ау.
Студенттің басында күнделікті негізгі ойы – сабақ қамы мен тамақтану жайы. Өйткені, ата-ана құшағында ыстық тамаққа тоя жатқан бал күндер елес болып, өз күніңді өзің көр дегендей студенттік шақ бедірейіп қарайды. Студенттер үйінде «Көппен көрген ұлы той» дегендей, аш та, тоқ та болса көппен бірге көретіні жанға медеу болар. Дегенмен, ауылдағы ата-ананы уайымға батырғысы келмейтіндіктен «Қарным тоқ, сабағым жақсы» деп жауап қатып жүргендер қаншама. Мемлекеттік грантты иеленгендегі қуанышына шәкіртақының қашан түсері белгісіз уайым қарсы келеді.
Аталмыш студенттің хал-жайын ойлап қарағанда, қандай қорытындыға келеміз... Әркім өзінше түсінер. Біздің парыз  – айту.
Шыңғыс Нұрбай,
Қазақ ұлттық университетінің 4-курс студенті
25 қаңтар 2022 ж. 378 0