«3,5 млн теңге сыйақы»: Қазақстанда «Үздік педагог» байқауы басталды
Қазақстанда «Үздік педагог» республикалық байқауы басталды, деп хабарлады turkystan.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Байқауға меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан барлық мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымының штаттық педагогтары қатыса алады.
Конкурс үш кезеңнен тұрады: аудандық, облыстық және республикалық.
Үміткердің педагогикалық қызметте жоғары жетістіктері және конкурсқа қатысу кезінде кемінде бес жыл үздіксіз педагогикалық тәжірибесі болуы керек.
«Байқаудың бірінші кезеңіне қатысуға 1311 өтінім берілген. Қазіргі уақытта аудандық/қалалық комиссия олардың портфолиосын бағалау жұмыстарын жүргізіп жатыр», – делінген хабарламада.
Екінші кезеңде әр аудан/қаладан 100 ұпайдың 80 пайызынан кем емес ұпай жинаған 10 қатысушы таңдалады. Республикалық байқаудың үшінші кезеңі биыл қыркүйек айында өтеді.
Республикалық кезеңнің қорытындысы бойынша 64 жеңімпаз «Үздік педагог» куәлігімен, «Үздік педагог» төсбелгісімен және 1 000 АЕК (3 450 000 теңге) ақшалай сыйлықпен марапатталады.