Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кофе мен лимон салмақ тастауға көмектесе ме?

Кофе мен лимон салмақ тастауға көмектесе ме?

Әлеуметтік желіде лимонмен кофе ішу вирусқа айналды. Видео авторлары бұл рецепті өмір салтын айтарлықтай өзгертпестен салмақты қалыпқа келтіруге көмектесетін сиқырлы сусын деп сенеді. Ал оның шынымен көмегі бар ма? Massaget.kz тілшісі зерттеп көрген еді.

Йель медициналық университетінің терапевті Хорхе Мореноның айтуынша, кофе мен лимонның денсаулыққа пайдасы бар екені дәлелденген. Бірақ бұл екі өнімді араластыру олардың пайдасын арттырмайды.


    "Кофе мен лимон шырынын араластырып ішу салмақ жоғалтуға көмектеспейді. Негізінде, бұл жәй ғана адамдарға жалған үміт беретін желідегі миф", - дейді Бэйлор медицина колледжінің аға диетологы Кортни Кэри.

Диетолог Александра Разаренова лимон мен кофе салмақ жоғалтуға арналған сиқырлы сусын емес екенін растады.

    "Жүргізілген зерттеулер нәтижесі, кофенің метаболизм жұмысын тездетіп, энергия шығынын арттыратынын көрсетті. Бірақ, кофе әсер етуі үшін салауатты өмір салты мен дұрыс тамақтануды қатар алып жүру қажет. Лимонның құрамындағы С дәрумені де метаболизм жұмысын жақсартады, бірақ салмақ жоғалту құралына жатпайды", - дейді маман.

Медицина ғылымдарының кандидаты, диетолог Алена Поташева да кофемен лимон ішу салмақ тастауға көмектеспейді деп санайды.

    "Лимонмен кофе ішу дұрыс емес. Әлеуметтік желіде тараған бұл трендте сиқырлы қасиеттер көп. Атап айтқанда, желідегі видеоларда екі апта ішінде сусынның арқасында бірнеше килограмм жоғалтуға болатыны айтылған. Ақылға салып ойланар болсақ, кішкентай лимон тілімі бар шыны кофенің денсаулыққа зияны да, пайдасы да жоқ. Оған коса, адамдарды "Сиқырлы дәрігерден" сақтандырғым келеді. Адамдар мәселені тез шешкісі келіп,оңай нәтижеге жеткізудің жолдарын іздейді. Дәрігер ретінде мүмкін емес нәтиже үшін өзін дәмсіз комбинациялармен азаптауына қарсымын", - деп өз ойымен бөлісті диетолог.

Артық салмақтан арылу мақсатында ішіп жүрген мұндай сусыныңыз керісінше денсаулығызға кесірін тигізуі мүмкін. Бұл туралы дәрігер-диетолог, нутрициолог Александра Разаренова айтты.

    "Кофенің құрамында кофеин бар, ол ұйқысыздық, бас ауруы, ашуланшақтық, мазасыздық сияқты әсерлерді тудыруы мүмкін. Кофеиннің асқазан-ішек жолдарының мүшелеріне әсерін атап өткен жөн. Кофенің кері әсері лимонның қышқылымен қосылса, күшеюі мүмкін. Салдарынан асқазан сөлінің өндірісі ұлғайып, өт қабының белсенді жиырылуы пайда болады.  Мұндай сусын жүрек айнуын, құсу және диспепсияның басқа көріністерін тудырады. Сондықтан, лимонмен кофе ішпес бұрын шамадан тыс мазасыздық, асқазан-ішек жолдарының аурулары, жүрек-тамыр жүйесі секілді әдеттеріңіздің жоқ екенін біліп алу қажет. Аш қарынға лимон қосылған кофе ішу өте қауіпті", - деді Александра Разаренова.


20 тамыз 2023 ж. 202 0