Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Күз – еңбек ақталатын мезгіл

Күз – еңбек ақталатын мезгіл

Қыркүйек – қазақ күнтізбесі бойынша жыл он екі айдың жетінші айы, ал қазіргі Григориан күнтізбесінің тоғызыншы айы. Күз – берекелі ай. Адамдардың төккен тер, еткен еңбегі ақталатын мезгіл. Ежелгі римдіктер үшін қыркүйек жылдың жетінші айы еді. Сондықтан «septem» деп атады, латын тілінен аударғанда бұл сөз жеті деген мағынаны береді.Аталған айдың  екінші онкүндігінде салқын басталады. Жаңбыр жауып, түнде шөп басына шық түседі. Бұл айда шуақты, тымық күндер де болады, далада ұзыннан-ұзақ мизамдар шұбатылады. Бұл табиғат амалын халқымыз «мизам шуағы» деп атайды.Қыркүйектегі ауа райы¬на қарап, алдағы қыстың қандай болатындығын есепшілер болжай білген. Шуақты күндер көп болса, яғни мизам шуағы ұзақ тұрса, алдағы қыс жұмсақ, жайлы болады деп күтілетін. Қыркүйек айының атауы мал шаруашылығына байланысты туғаны белгілі. Малшылар қой мен ешкінің төлдеу мерзімін жылдың жылы айларына келтіру, малдың қоңын толықтыру мақсатында жаздың басында қошқарлар мен текелерге күйек байлайды. Байланған күйек тоқсан күннен соң алынып, аталық малдар еркін жіберіледі. Сол себепті қазақтар күйек ағытатын мезгілді «қыркүйек» деп атаған. Атаудың шығуына «қырғи» атауы себеп болуы мүмкін деседі. Қырғи деген құс осы айда балапандарын қанаттандыратын көрінеді.
Қыркүйекте болатын ірі табиғи құбылыстың бірі – Сүмбіле жұлдызының тууы. Сүмбіле жазда көк аспаннан жоғалып кетеді де, қыркүйек айының ортасына таман туып, көзге көрінетіндей келбетте болады. Мұны «Сүмбіленің тууы» дейді. Бұл уақытта күн аздап суыта бастайды. «Сүмбіле туса, су суыр» дейді. Осы кезден бастап, жауын-шашын көбейеді. Осыны күз келді дейді. Күндіз күн шуақты болғанымен, түнде суытып кетеді. Содан шөптің басында шық пайда болады.
Бұл айда болатын тағы бір табиғи құбылыс – күн мен түннің теңесуі. Ол қыркүйек айының 22-сіне сәйкес келеді. Кібісе жылда (366 күн толық келетін жыл) бір күн артық болғандықтан күн мен түннің теңесетін уақытында аздаған айырмашылық бар. Мұны «күзгі теңелу» дейді. Оңтүстік жарты шарда, керісінше, наурыздағы күн мен түннің теңелуі күзгі, ал күн мен түннің қыркүйекте теңелуі көктемгі болып саналады.
Күз – жылдың ең жұмбақ және романтикалық уақыты. Ғасырлар бұрын адамдар ғылыммен таныс болмаған кезде ата-бабаларымыз толық сенетін белгілер мен нанымдар белгілі бір құбылыстарды болжап, түсіндіруі мүмкін еді. Күздің халық белгілері алдағы ауа райы, қыста және көктемде болатыны туралы егжей-тегжейлі айтып береді. Көптеген адамдар бүгінгі күнге дейін тек ежелгі нанымдарға негізделген ауа райын болжай біледі.
Қыркүйек айында дүниеге келген адамдар ойлау қабілетінің ұшқырлығымен ерекше болады. Олар ақшаны бейберекет жұмсағанды ұнатпайды. Бір қызығы, Гарвард университетінің ғалымдары жүргізген зерттеу қорытындысында қыркүйек айында дүниеге келген балалар мектептегі ең жақсы бағаны алады деген қорытындыға келген. Ал Чикаго университетінің зерттеулері бойынша 100 жас және одан көп жасаған адамдар қыркүйек-қараша айларында өмірге келген екен.
 Қыркүйек айында жарық дүние есігін ашқан адамдар қызуқанды, әсершіл, үнемі алдына мақсат қойып, соған жету жолын ойланумен жүретін көрінеді. Біреуге сыйлық бергенді ұнатады. Дегенмен ақшаны үнемдеп жұмсайды әрі есепке жүйрік келетін көрінеді. Ал әйелдер тәуелсіз болғанды ұнатады, күйеуінен гөрі өзінің жайын көбірек ойлайды. Үй шаруашылығына өте пысық, тамақты дәмді дайындайды әрі үйді таза ұстайды. Ал ерлер қызғаншақтарды жек көре тұра, өздері өте қызғаншақ келеді. Көрсеқұмар, бірақ жар таңдау жолында өте сақ келеді. Жақсы жағдайда өмір сүргенді ұнатады.
К.Махсұт

27 тамыз 2023 ж. 324 0