Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Хюгге немесе біз бақыт туралы не білеміз?

Хюгге немесе біз бақыт туралы не білеміз?

Жақында британдық жазушы Хелен Расселлдің бақыт туралы кітабы қолыма тиді. Алғашында онша қызықпағаныммен, оқыған кітаптың артықтығы болмас деген оймен бастаған болатынмын. Расымен де бір бастағаннан қызыққаным сонша әп-сәтте кітапты қалай аяқтағанымды байқамадым да. Кітапты оқу барысында «біз бақыт дегенді дұрыс түсініп жүрміз бе?» деген сұрақ санама сан мәрте келді. Ақыры «Әлемдегі ең бақытты елдер» тізімін қарап, өзімше зерттеу жүргізе бастадым.
Кітаптың басты кейіпкерлері үлкен Америкадан Данияның ауылына көшіп келген жас отбасы. Олардың бұл елдің өміріне ілесіп кетуі, жаңа ортаға үйренісуі мен қалыптасуы туралы. Бақытты елдің тұрғындарымен араласу барысындағы кедергілер, өздерін олардан ерекше сезінуі, жұмыс орнындағы көптеген ыңғайсыз жағдайлармен күресі қалай болмақ? Екі елдің арасындағы осыншалық айырмашылыққа олар төзе ала ма?
Дания – әлемдегі ең көне мемелекеттердің бірі. 1000 жылдан астам уақыт монархиялы басқару әдісімен келе жатқан елде жалпы 444 арал бар. Оның 72-сінде ғана тұрғындар тұрады. Шынымен де Дания бақытты елдер тізімінде көш басында. Бұл жолда жыл сайынғы өтетін сауалнама халықтың еркіндік дәрежесі, ішкі өнімнің тұрғындарға қолайлылығы, қоғамдағы сенімділік пен оған лайықты жандардың болуы, халықтың денсаулығы, өмір сүру ұзақтығы және олардың жомарттығы мен жалпы жемқорлық, ұрлық мәселесіне байланысты анықталады. Дания әлемдегі коррупцияға қарсы мемлекеттер арасынан және табиғатты қорғау, аялау мәселесі бойынша мойындалған ел. Онда жеңіл көліктерге қарағанда велосипедтер саны 2 есе көп әрі елдің қай нүктесінен болмасын 52 км шақырымда ашық теңізге жете аласыз. Әрі олардың көліктері, автобустары көп балалы аналар мен қариялардың жағдайына қарай жолдың келесі бетіне еркін өте алады. Халық ыңғайына қарай биіктігі 6 қабаттан асатын мекеме жоқтың қасы. Әрі Дания қоғамдағы ең ауқатты жан мен жағдайы нашар адамның арасындағы айырмашылық ең төмен болатын ел қатарында. Онда компания басшысы мен қарапайым аула сыпырушының жақсы дос екенін, бірге түрлі курстарға қатысатынын көруге болады. Олардың жұмыс уақыты таңғы 8-ден кешкі 16-00-ге дейін ғана жалғасады. Егер де белгілі себеппен жұмыс уақытын өткізсеңіз жай ғана түсініктеме жазумен шектелесіз. Денсаулығына байланысты еңбекке уақытша жарамсыз жанға 1 жылға дейінгі төленетін демалыс беріледі және тегін дәрігерге көріне аласыз. Міне, осындай белгілеріне қарап Дания бірнеше жылдан бері Еуропадағы тұрғындарға ең ыңғайлы елдер көшін бастап келеді.
Ең қызығы Данияда «хюгге» ұғымы басты рөлде. Хюгге – күз мезгілінде үйдегі тыныш аура. Яғни күннің суыта бастаған сәтінде бос уақытыңды отбасыңмен бірге үйде көңілді өткізу. Даниялықтар жан тыныштығына ерекше назар салады. Олардың ойынша жылы төсек, жақсы кітаптар мен балауыз шамның жарығы адамды көбірек қуанышқа бөлейді. Осындай жайлылықта достармен, жақын адамыңмен уақыт өткізу, сергіп, көңіл көтеру – ең басты құндылық деп есептеледі. Жайлылық сезімін көбірек сезіну жалпы өмірге деген көзқарасты өзгертеді. Ол жалпы қоғамның дамуына, тұрғындардың бір-біріне жақсы қарым-қатынаста болуына көмек береді. Олар «бақыттың бар сыры осында. Өзіңнің жан рахатыңды басты орынға қою» деп есептейді.
Қазақстанда ше? Біздің еліміз бақытты елдер арасында 56 орында тұр. Өзгеден бір саты жоғары ел болғанымызбен, Дания елінде өмір сүруді кім қаламас еді? Бізге ол үшін не кедергі?
Бәрімізге ең таныс сөз «қазақ, қазақ болғалы». Кейде жастарға берілетін осындай ескерту сөздер көп жақсы дүниелерге кедергі болуы мүмкін. Еркіндікті, өз ойындағы бастаманы жасауға талпынған көп жастың ең басты кедергісі – қоғамның ойы. «Ұят, ыңғайсыз, жұрт не ойлайды?» сынды кедергі ойлар мазалаған сәтте біз өзімізден гөрі өзгені жоғары қоятынымызды білесіз бе? Ал бұл кедергілерді жою арқылы біз өз бақытымызды, жан тыныштығын тапсақ ше?!
Біздің қазақ халқы қандай дана, көреген халық десеңізші. Ұрпағының ұлы болуы да сондықтан болса керек. Үлкендердің сөздеріне немқұрайлы қарамай, олардың мәнін түсіне отырып орындап, ұрпақ тәрбиесінде тиімді қолдана алсақ, сол бізді адамдыққа да, адалдыққа да, жақсылыққа да жетелейді. Осы қанмен келетін қасиетті жоғалтпай, тәрбиенің тамырын үзбеген абзал, дегенмен бұл бақытымыздың бағасын білуге де кедергі болмасы анық.
Г.САҚТАПОВА
02 қыркүйек 2023 ж. 205 0