Ағаш қазан астындағы от

Ертеректе түріктің атақты сатирик жазушысы Әзиз Несиннің «Әңгіме оқи отырыңыз», Оспанхан Әубәкіровтің «Ұзын сөздің қысқасы» деген шығармаларын оқығанмын. Мына кітапты оқығанда солар есіме түсті. Олар да өз шығармаларында қоғамдағы әртүрлі келеңсіздіктерді, адамдар арасындағы қоғамға жат қылықтарды ащы мысқылмен әжуалап, өткір сатира тілімен түйреген еді. Ерғалидің моншақтай әңгімелері де дәл сол. Тек айырмашылығы Әзиз Несин де, Оспанхан да әрбір әңгімесін екі-үш беттен жазса, Ерғали бір-екі, асса бес-алты сөйлеммен берген, бірақ, одан бағасы түсіп тұрған жоқ. Даңқты жазушылардың шығармаларымен терезесі тең деуге болады. Олар өз уақытысында қоғамның болмысын қалай берсе, Ерғали да бүгінгі қазақ қоғамының болмысын дәл солай берген.
Моншақтай әңгімелерді оқығанда бәрі де өзіміздің күнделікті өмірімізде басымыздан өтіп жүрген жағдаяттар, пәлендей ерекшелігі жоқ сияқты. Бірақ әрбір әңгімеге тереңірек үңілсең, оның астарында айтылар үлкен ой жатқанын аңғарасың. Амалсыз езуіңе күлкі үйірледі. Жай адам байқай бермейтін нәрселерді автор жүрегімен сезіп, аңғарып алдыңа әкеліп отыр. Жазушы шеберлігі деген осы.
Мысалы, адалдық, адамгершілік – адамның зор бақыты дейді ұлылар. Ал біз сол бақытты шартараптан іздеп, сандалып, сансырап, алақтап-далақтап, шаршап-шалдығып жүрісіміз мынау.
Немесе Құранды соңынан бастап оқисың. Ақиқат деген нәрсе де өмірде ең соңынан айтылады. Екеуінен әйтеуір ұқсастық көремін.Тағы да мықты жас депутаттың арманы – министр болу. Ал мықты министрдің мансап соңындағы арманы – жаймашуақтағы депутаттық қызмет. Дөңгеленген дүние деген осы.
Міне, осылай кете береді. Кітаптың тағы бір ерекшелігі – осы күні кім көрінген жазушы болып кетті және олар кітаптарын аудан әкімінің, әрі кетсе облыс әкімінің алғы сөздерімен, елге белгілі адамдардың пікірлерімен бастауды дәстүрге айналдырған. Ал Ерғалидің кітабында мұның бірі де жоқ. Бірден әңгімелерінен бастап кеткен. Автор туралы да бір ауыз сөз жоқ.
Кітапты оқып болып, бетін жаптым. Ойланып отырмын. Түйгенім, автор ағаш қазан астындағы от деуі арқылы қоғамдағы, адамдар арасындағы түрлі жаман, жат қылықтарды ағаш қазанмен бірге жанып кетсін, ата-бабаларымыздан қалған адам бойындағы асыл қасиеттеріміз өзіміздің сүйікті шойын қазанымызда қалсын дегені шығар деп топшыладым. Бұл менің өз ойым. Қалған оқырман не ойлайтынын өздері білер. Ал кітапты оқыған адамның қымбат уақытым зая кетті деп өкінбейтініне сенімдімін.
Жақсыбай ТӨРЕБЕКОВ,
мәдениет саласының ардагері