Интернеттегі алаяқтықтан қалай сақтанамыз?
Электрондық коммерция дамыған сайын интернеттегі алаяқтық қарқын алып қана тұрған жоқ, үйінде отырған адамды үптеп кетудің сан түрі пайда болып жатыр. Бұрын «сауда сақал сипағанша» еді, қазір сату да, сатып алу да интернеттегі байланыста болғанша ғана. Біз бұған дейін де ақпараттық технологиялардың арқасында айшылық алыс жерде тұрған тауарды үйіңізден шықпай-ақ сатып алуға болатыны, бірақ көрмей сатып алғанның жақсы жақтарымен қоса жағымсыз жақтары да бар екендігі туралы мәселе көтергенбіз. Маркетплейстер жасанды, сапасыз заттарды қалай өткізіп жіберетіндігі туралы сөз қалғанда таяқтың бір ұшы интернет алаяқтыққа барып тиген еді.
Осынау жағдай көкейкесті сипат алып тұрғандықтан, Алматы қаласы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің өкілдері өткізген баспасөз мәслихатында көтерілген жайттарды баяндай кетсек. Өйткені Орталық Азия және Моңғолиядағы «Касперский зертханасы» да онлайн алаяқтардан қалай сақтану керектігі туралы хабарламалар, мәліметтер таратуға мәжбүр екендігін білеміз.
Ал жоғарыдағы біз атаған департамент өкілдері кибер қылмыскерлердің құрбаны болған тұрғындардың шағымдары жыл өткен сайын көбейіп келе жатқанын айтады. Жыл басынан бері департаментке азаматтардан 3 500-ден астам өтініш келіп түссе, кәсіпкерлерге қатысты жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп, сәйкесінше 120 әкімшілік хаттама жасалған, сондай-ақ тұтынушыларға 90 млн теңгеден астам қаражат қайтарылған.
«Бүгінгі таңда тұтынушылардың құқықтарын қорғау мекемелеріне түсетін шағымдар көп. Көбінесе тұтынушылардың құқықтары электрондық сауда саласында бұзылады. Арсыз кәсіпкерлер тарапынан да алаяқтық фактілері бар. Сонымен қатар азаматтар «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның нормаларымен жеткілікті түрде таныс емес, бұл олардың кәсіпкерлер тарапынан заңды құқықтары мен мүдделерінің бұзылуына әкеледі», Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Бимұрзаев.
Дегенмен азаматтарды қорғау мақсатында Сауда және интеграция министрлігі мен Аумақтық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменттері тұрақты түрде консультативтік-ағарту жұмыстарын жүргізетін көрінеді. Оған қоса Алматы қаласының департаменті қоғамдық бірлестіктердің қатысуымен ашық есік күндерін, өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелерінде тұтынушының құқықтық сауатын арттыру үшін азаматтарды қабылдауды тұрақты негізде өткізеді.
«Кәсіпкерлер үшін электрондық сауданың әлеуеті зор, өйткені біз қарқынды дамып келе жатқан технологиялар заманында өмір сүріп отырғандықтан, қолма-қол ақшасыз есеп айырысатын тұтынушылар саны күн сайын артып келеді. Мұның артықшылықтары да бар, яғни шағын және орта бизнесті дамыту, жаңа инновациялық жобаларды ашу, сондай-ақ бұрыннан бар компанияларды жаңғырту, көлеңкелі ақша айналымын қысқарту, халық пен кәсіпкерліктің құқық пен цифрлық сауаттылығын жақсарту десек болады», деді Н.Бимұрзаев.
Дегенмен тұтынушылар арсыз кәсіпкерлерге де тап болып жатады. Пошта арқылы тұтынушы тапсырыс берген өнім мүлдем келмейді, немесе сапасы жарнамада, интернет сайтта көрсетілген өнімге сәйкес келмейді.
«Интернет саудадағы алаяқтықтың ең көп таралған түрі – сайттар мен әлеуметтік желілердегі жарнамалар. Әсіресе автокөлік аксессуарларын, смартфондар мен басқа да керек-жарақты, киім-кешек, аяқ киім, тапсырыспен жиһаз сатып алушылар интернет алаяқтарға жиі кездеседі. Сонымен қатар әлеуметтік желі мен интернет-дүкен болсын, алаяқтарға тап болу мүмкіндігі бірдей», дейді департамент өкілдері.
«Алаяқтар өз құрбандарын қалай арбайды? Бірінші кезекте – негізсіз арзан баға. Тауарларға тапсырыс беру кезінде көбінесе жедел төлем терминалы арқылы белгілі бір виртуалды әмиянға ақша салып алдын ала төлем жасау сұралады. Әрі қарай әлгі «дүкеннің» бірнеше күн қатарынан сылтаулары пайда болып, бірақ тауарды жедел жеткізуге уәде беруден танбайды, содан кейін із-түзсіз жоғалады немесе түкке тұрғысыз сапасыз тауар жібереді. Алдын ала ақшасы төленген тауарды сатып алатын кезде қаперде ұстауға тиісті жайт – сенімді интернет-дүкендер сізден бірден виртуалды әмиянға немесе ұялы телефон шотына ақша аударуды сұрамайды. Алдымен интернеттен дүкен туралы ақпаратты іздеңіз, оның нарықта қанша уақыт болғанын тексеріңіз. Егер сіз ірі дүкендер желісі немесе өзіңіз білетін компания сайты арқылы тапсырыс бермек болсаңыз, браузердің мекенжай жолағында ресурстың мекенжайын дұрыс жазғаныңызға көз жеткізіңіз», деп кеңес берді Н.Бимұрзаев.
Сондай-ақ тауар сатып алмас бұрын дүкен әкімшілігінен заңды тұлға туралы мәлеметтер сұратып, алынған ақпаратты салық органдарының жалпыға қолжетімді дерекқорлары мен заңды тұлғалардың тізімін пайдаланып тексеру қажет.
«Оған қоса онлайн сауда жасамас бұрын басқа клиенттердің пікірлерін қарап шығыңыз. Дегенмен кейде кибер қылмыскерлер қосымша есептік жазбаларды қолдана отырып, өздері туралы оң жазбалар қалдыра алатындығын ұмытпаған жөн. Іздеу формасына сатушының телефон нөмірін немесе желілік бүркеншік атын енгізу арқылы бұл деректердің қолма-қол ақшаны ұрлау және сатып алушыларды алдау мақсатында пайдаланылғанын анықтауға да болады», дейді спикер.
«Арзанның жілігі татымас» деген де бар, сондықтан әрдайым тауардың құнына назар аудару керек. Егер баға нарықтық бағадан әлдеқайда арзан болса, онда бұл да күдік тудыруға тиіс.
Осы арада заңның 24-бабына сәйкес сатушының салық заңнамасында көзделген тәртіппен бақылау-касса машиналарының болуы, сондай-ақ бақылау-касса машиналарының орналасқан жерінде қазақ және орыс тілдерінде ақпарат орналастыруға міндетті. Фискалдық чек ұсынылмаған жағдайда тұтынушы мемлекеттік кірістер органдарына жүгінуге құқылы. Мәселен, тұтынушы тауарды өз еркімен таңдап, сатып алатындықтан, сатушы туралы мәліметтер мен байланыс деректерін анықтау жауапкершілігі тұтынушының өзіне жүктелетінін де айта кеткен жөн. Тұтынушылардың құқығын қорғау саласындағы уәкілетті орган электрондық саудадағы арсыздарды іздестірумен айналыспайды. Алаяқтық пен тұтынушыларды алдау фактілері бойынша интернет алаяқтарды іздестіру іс-шараларын ішкі істер органдары жүргізеді.
Осы мәселеге қатысты журналистік сауалымызға орай Қазақстан, Орталық Азия және Моңғолиядағы «Касперский зертханасының» басқарушы директоры Валерий Зубанов былай деп жауап берді. «Интернет саудада онлайн алаяқтықтың қандай түрлері жиі кездеседі? Мәселен, ритейлерлер бірнеше факторға байланысты қаражатын жоғалтып отыр. Welcome-бонустар арқылы жаңа клиенттерді тарту кезде маркетингтік бюджеттерді тиімсіз пайдаланады. Мұндай ұсыныстарды көбіне берілген артықшылықтарды пайдаланып, тауарларды кейіннен қайта сату мақсатында алаяқтар пайдаланып кетеді. Клиенттердің есептік жазбаларын бұзу компанияларды жанама қаржылық зиян шектіріп қана қоймай, абырой-беделіне де әсер етеді.
Автоматтандырылған бот-шабуылдары өзектілігін жоғалтпайды. Олар пайдаланушылардың құпия сөздерін таңдау, жарнамалық кодтарды іріктеу/таңдау және кардинг (ұрланған несие карталарының деректерін пайдалану) үшін де қолданылады. Сондай-ақ мұндай шабуылдар бәсекелестер тауарларының белгілі бір санаттарына бағалар парсингі (бағдарлама немесе сервис көмегімен веб-сайттардағы ақпараттарды автоматты түрде жинау мен құрылымдау) үшін жүзеге асырылады.
Адалдық бағдарламалары арқылы алаяқтық жасау қылмыскерлер үшін жеке кәсіп болып тұр. Көбіне олар желіге шығып кеткен мәліметтер базасынан ақпаратты қолдана отырып, клиенттердің есептік жазбасына кіруге, құпиясөздерді саралау тәсілімен сәйкестендіруге тырысады, қолданушыларға трояндық – стилерлер мен боттардың көмегімен шабуылдайды.
Бір жағынан сауда желілері қызметкерлерінің өздері де адалдық бағдарламаларында кеткен ақауларды теріс пайдаланып, яғни ол ұсыныстарды өз пайдаларына жаратып жіберетіні жиі кездеседі», дейді Валерий Зубанов.
Қорыта келгенде, Алматы қаласы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің қызметкерлері «жедел желі» арқылы және азаматтарды жеке қабылдау кезінде тұтынушыларға сатушыға қатысты әрі қарай әрекет ету, олардың заңды мүдделері мен бұзылған құқықтарын қорғау жолдары туралы төмендегідей кеңес береді.
Мемлекеттік органға өтінішті «e-Otinish» бірыңғай ақпараттық платформасы, «Egov.kz» электрондық үкімет порталы арқылы жіберуге болады немесе 8 (727) 392-21-83 жедел желісі бойынша қоңырау шалып, тұтынушылар Алматы қаласы тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестіктерге көмек пен кеңес алуға құқылы.
egemen.kz