Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақша аударғанда абайлау керек

Ақша аударғанда абайлау керек

Бүгінгі күні ақша аударымдары біздің күнделікті өмірімізге мықтап енген. Мысалы, ақшаны жақындарыңызға тек банктік қосымшалар арқылы ғана емес, сондай-ақ ақша аударымдарының арнайы сервистерін пайдалана отырып, әртүрлі тәсілдермен жібере аласыз. Алайда ақша аударымдарының ыңғайлылығы мен қолжетімділігі алаяқтар үшін пайда көрудің тағы бір тәсіліне айналды. Fingramota.kz алаяқтардың ақша аударымдарымен байланысты ең танымал тәсілдерін ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Егер адам туғандары мен жақындарына ақша жіберсе, оған ешқандай қауіп жоқ болып көрінуі мүмкін. Расымен де, бұл аударымды кім "ұстап қалуы" мүмкін? Шын мәнінде, алаяқтар бұл тәсілді де меңгеріп алды. Мысалы, егде жастағы әйелге оның ұлының, қызының немесе немерелерінің атынан қоңырау шалып, әлдебір нөмірге шұғыл түрде ақша аудару керектігін айтады. Мұндай жағдайда қаскүнемдер құрбандары эмоцияға беріліп, қоңырау шалып тұрған адамның жақыны екенін және оған расымен ақша керектігін тексеріп жатпайды деп сенеді.

Алаяқтар мұндай тәсілді өз махаббаттарын кездестірмеген жалғыз басты жастарға да қолданып жатады. Олар танысудың жалған парақшаларын ашып, қарым-қатынас орнатады. Кейін олар сіздің аяушылығыңыз бен жомарттығыңызды пайдаланып, ақша аударымы түрінде шұғыл көмектің керектігі жайында оқиғаны ойдан құрастыруы мүмкін.

"Сауалнамаға жауап беріңіз де, миллион ұтып алыңыз!"

Сіз мұқтаж жандарға ақша жіберу туралы "түсініксіз" электрондық хат алып көрдіңіз бе? Немесе әлеуметтік желілерде танымал тұлғаның немесе мемлекеттік органдардың атын жамылған әдемі баннер пайда болып, сауалнамаға жауап беріп, төлем жасауды ұсынуы мүмкін.

Сауалнама көбіне оп-оңай келеді, сізден қандай киімнің брендтерін, автокөлік түрлерін немесе ритейлдерді білетініңізді қызықтап сұрауы мүмкін, содан кейін сауалнамаға жауап бергеніңіз үшін "лайықты" сыйақы алуыңызбен құттықтайды. Әрине, оны алу үшін алдымен банктердің комиссияларын төлеп, "шағын" сома жіберуіңіз керек болады.

Сенгіш құрбан картадан өз деректерін шынайы енгізіп, нәтижесінде ешқандай сыйақы алмағанын, картасындағы барлық ақшаның түсініксіз шоттарға аударылғанын анықтайды. Бұл жағдайда адам транзакцияның күшін жоя алмайды, ал алаяқтар әдетте мұндай тәсілдерді шетелде отырып жасайды.

Бұл тәсілді іске асырудың көптеген нұсқалары бар. Сізге нарық құнынан әлдеқайда төмен бағамен үй немесе автокөлік сатып алуға ұсыныс жасауы мүмкін, осындай мүмкіндікті жіберіп алмау үшін аванстық төлем жіберуді сұрайды. Алаяқтар өздерін қайырымдылық ұйымының өкілдері ретінде таныстырып, банктік аударым арқылы қайырымдылыққа ақша жинауы немесе сізді шетелдік биржаларда және "болашағы зор" жобаларға қатысу үшін мол табыстармен қызықтыруы мүмкін.

Оларды әшкерелеу оңай емес, себебі олар заңды түрде жұмыс жасайтын қайырымдылық ұйымының атын жамылып, өздерін шетелдік инвестициялық компанияның өкілі деп таныстыруы мүмкін, бірақ ақша аударуға келгенде олар сізге алаяқтық шоттың деректерін береді.

"Жаңа пошта қызметі"

Ақша аударымдары бойынша алаяқтық интернет арқылы тауар сататындарға да қатысты жасалуы мүмкін. Оның тәсілі қарапайым - сатушыға сатып алушының атын жамылған алаяқ жазады, ол басқа қаладан хабарласып тұрғанын және тауар ақысын төлеп, жіберу үшін жаңа пошта қызметін пайдалануды ұсынады. "Сатып алушы" "сәлемдеме жасайды", ал сатушы ашылған бетте "сатып алушыдан" ақша келіп түсуі үшін картасының деректерін енгізуі қажет. Одан кейін сатушы картасында ақшасыз қалады, ал "сатып алушы" ізім-ғайым жоқ болады.

Ақша аударымы кезіндегі қауіпсіздік

Егер сіз жоғарыда аталған жағдайлардың біріне тап болсаңыз, алдымен өзіңізге мынадай қарапайым сұрақтар қойып көріңіз: "Мәміле тым мінсіз емес пе?", "Мен жаңа махаббатымды соншалықты жақсы танимын ба?", "Бұл расымен менің туысым ба?". Ақшаны жібермес бұрын жүз рет ойланып, тексеріп алыңыз. Мысалы, егер сізге шетелге инвестиция салуды ұсынса, мұндай мүмкіндіктердің шынайылығына көз жеткізу үшін мүдделі тараптармен жеке кездесу туралы келісіңіз.

Егер сіз қалай болғанда да деректерді енгізу бетіне кірген болсаңыз, онда осы бетті қарап шығыңыз. Алаяқтар әйгілі компанияның немесе ұйымның дизайнына ұқсатып жасанды сайттар ашқан жағдайлар жиі кездеседі. Оларды тек веб-жолдағы мекенжайы бойынша ғана айыруға болады. Ең дұрысы, ұсыныс келіп түскен ұйымға қоңырау шалып, онда аталған сервистің бар-жоғын анықтап алу.

Сондай-ақ интернет арқылы ақша жіберетін пайдаланушылар қауіпті браузерлер мен серверлердің салдарынан ақпаратты жол-жөнекей ұстап қалу және ұрлау қаупіне жиі ұшырап жатады. Пайдаланып отырған веб-сайтта браузердің іздеу жолағының сол жағында шағын құлып логотипі бар екеніне көз жеткізіңіз, бұл SSL-дің қолданыстағы сертификаты. Құлып белгісін басу арқылы SSL сертификатының жарамдылығын тексер аласыз. Қосымша қауіпсіздігіңіз үшін әрдайым платформада кем дегенде екі сатылы тексеру процесінің бар болуын тексеріп отырыңыз. Алушыға барар жолда деректерді ұрлауға немесе бұзып алуға әрекет жасалған кезде, бөтен адамдардың оларды оқи алмауы үшін деректерді көп деңгейлі шифрлауды пайдаланған жөн, ол жерде деректерге бірнеше рет код беріледі.

Өзіңізді электрондық аударымдардың ұрлану жағдайларынан қалай қорғауға болады?

Сіз банктік аударымды, онлайн ақша аударымын немесе ақшалай аударымдарды пайдалансаңыз да, әрдайым қауіпсіздік хаттамаларын тексеріп, мына қауіпсіздік ережелерін сақтауыңыз керек:

- табу немесе болжап білу қиын болатын сенімді құпия сөзді пайдаланыңыз және оны қауіпсіз байланыс арнасы арқылы жіберуді ұмытпаңыз. Сонымен қатар, құпия сөздерді үнемі өзгертіп отырыңыз, туған күніңізді немесе атыңызды PIN-код немесе құпия сөз ретінде пайдаланбаңыз.

- компьютерде құпия сөзді автоматты түрде толтыру немесе есте сақтау параметрлерін өшіріңіз, сондай-ақ деректерді жалпыға ортақ компьютерлерде сақтамаңыз;

- электрондық поштаңызды да қорғаңыз - компьютерден алшақ кетуіңіз қажет болса, жүйеден шығыңыз. Құрылғыңызды қоғамдық орындарда қараусыз қалдырмаңыз;

- енгізілетін ақпаратты әрдайым екі рет тексеріңіз, өйткені алушы туралы ақпаратты қате енгізу қаупі бар және бұл жағдайда аударым басқа адамға түседі;

- тауарлар мен қызметтерге төлем жасау үшін электрондық аударымдарды пайдаланбаңыз. Қолма-қол ақшамен жасалған төлемдер сияқты электрондық аударымдарды даулау немесе қайтару барынша қиынға түседі. Егер сіз тауарды интернет арқылы сатып алып жатсаңыз, төлемді кредиттік немесе дебеттік картамен жасаңыз: бұл ретте төлемдер қосымша қорғалатын болады;

- URL-мекенжайлар мен электрондық поштаның мекенжайларын тексеріп тұрыңыз. Сізді алдап жатпағанына сенімді болу үшін жөнелтушілердің веб-сайттарының мекенжайлары мен электрондық поштасының толық мекенжайларына мұқият қараңыз. Сайттың HTTPS хаттамасын пайдаланғанын тексеріңіз және HTTP-дегі сайттарға сенбеңіз;

- орфографиялық және грамматикалық қателерге назар аударыңыз. Барынша кәсіби түрде көріну үшін нағыз банктер мен тауар сатушылар өздерінің электрондық хаттарын тексеріп отырады. Орфографиялық, грамматикалық және пунктуациялық қателер алаяқтық әрекетті білдіруі мүмкін;

- егер сізді асықтырса, мысалы, арнайы ұсынысты пайдалану немесе тауарды бітіп қалмай тұрып сатып алуға үлгеру үшін "тез әрекет ету" қажет немесе сіздің ақшаңызға "қауіп төніп тұр" және сіз оны басқа шотқа аударуыңыз керек десе. Мәселе сіздің қаражатыңыз туралы болған кезде сіздің дүрбелеңге салынуыңызға ұйымдардың ресми өкілдері емес, тек қылмыскерлер ғана тырысып бағады.

Егер қалай болғанда да электрондық аударымыңыз ұрланған жағдайда немесе онымен байланысты алаяқтықтың құрбаны болсаңыз, бірінші кезекте сіз аударым жасайтын банкіңізге немесе компанияңызға дереу хабарласуыңыз қажет. Оларға бұл оқиға туралы ескертіп, ақша қаражатымен жасалатын транзакцияны тоқтату мүмкіндігі туралы нақтылап біліңіз. Бұзылған шоттарды міндетті түрде бұғаттаңыз, құпиясөздердің барлығын, оның ішінде әлеуметтік желілердегі есептік жазбалардың құпиясөздерін ауыстырыңыз. Сондай-ақ, тұрғылықты жеріңіз бойынша құқық қорғау органдарына ресми өтініш жазыңыз.
04 қыркүйек 2023 ж. 127 0