Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Баланы дұрыс тәрбиелеу – ең үлкен жетістік

Баланы дұрыс тәрбиелеу – ең үлкен жетістік

Баланы тәрбиелеудің дұрыс тетігін ұлттық тәрбиеде, баланы 5 жасқа дейін ханыңдай құрметте, бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бес жастан асқан соң ақылшыңдай кеңес деген ұғым бар. Бала – ол өте нәзік те сезімтал адам. Оның жанын жаралап алу өте оңай, алайда осы бір жара өмір бойы сыздап жүруі ғажап емес. Бала кезінде шешілмей қалған мәселелердің салдары ер жеткен кезде кейбір психикалық ауытқуларға негіз болатынын да психолог мамандар ескертеді. Расында қазақ «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілесің» дейді. Ендеше біз бүгін баланы қалай дұрыс тәрбиелеу керек деген сауалдың шешімін жан-жақты қарастырып көрмекпіз.
Баланың болашақта қандай тұлға болып қалыптасуы, бойына сіңірген қасиеттерінің барлығы тікелей тәрбиемен, әсіресе ата-анасының оған деген қарым-қатынасымна байланысты. Баланың тәрбиесі ананың жатырына түскен сәттен-ақ басталады. Анасының көңіл-күйі, өзін сезінуі, қалай тамақтанғандығы, денсаулығы бұның барлығы балаға берілетін тәрбиенің негізгі және алғашқы фундаменті деп алсақ болады. Мұның барлығы баланың түпсанасына жазылады. Сондықтан әйел адам жүкті болған кезден бастап, өзінің денсаулығына аса күтіммен қарап, қалаған тағамын жеп, жағдайын жасауы тиіс.
3 жасқа дейінгі тәрбие
Мұнан әрі қарай бала өмірге келген соң 3 жасқа дейінгі балаға көп тыйым сала беруге болмайды дейді психолог мамандар. Себебі оған дейін бүлдіршін әлемді қабылдай бастайды. «Жоқ» деген сөзді дұрыс түсініп, қабылдай бермейді. «Менің қолымнан барлығы келеді. Мен барлығын жасай аламын» деген позитивті ойда жүреді. Егер 3 жасқа дейін балаға «жоқ» деген сөзді көп айта берсе, оның әлемге деген көзқарасы өзгеруі мүмкін. Ол тәуекелге барудан қорқып, өзін әрдайым артқа тартып жүретін болады. Сондықтан бала 3 жастан асқанда барып қана, керісінше жауапты қабылдауды үйретеміз. Ата-аналар әр сөзді өз орнымен айтып үйренуі қажет. Олардың ішінде тіпті баласына ешқашан «жоқ» деп айтып көрмегендері де бар. Мұндай еш нәрсеге тыйым салып көрмеген балдырғандар психологиялық тұрғыдан әлсіз болып келеді. Есейгенде өмірде кездескен көптеген қиындықтарға шыдай алмай, басқаның «болмайды» деген сөзін естіп, әбден стресске түсіп кетеді. Жалпы балаға қалағанын істете бермей, кейде одан бас тартуды үйрету үшін ең алдымен ата-аналар өздері баланың «ұнамайды», «жасағым келмейді» дегеніне түсіністікпен қарауы тиіс. Егер ата-ана баланың өтінішінен бас тартатын болса, оның себебін дұрыстап түсіндіруі қажет. Сонда бала «жоқ» деген сөзді қабылдауды үйренеді.
Жазалау қолданудың жолы
Отбасында әр түрлі жағдайлар болып қалуы мүмкін. Соған байланысты баланы жазалайтын не жазаламайтын кездер де болады. Көбіне ата-аналар бүлдіршіннің әлемді тану процесін бұзықтықпен шатастырып алып жатады. Бала болған соң көргісі келеді, білгісі келеді. Сөйтіп абайсызда бірнәрсені сындырып алып, ыдысқа неше түрлі сұйықтықты құйып, араластырып, өз бетінше эксперимент жасап көргісі келуі мүмкін. Яғни бұл баланың әлемді тану үшін қызығушылығы оянды деген сөз. Осындай сәтте оған ұрысып тастау, қандай да бір жаза қолдану кері әсерін тигізіп, бүлдіршіннің потенциалын өлтіріп тастауына дейін жеткізеді. Сондықтан бала кішкене есейген кезде, 5 жастан бастап жаза қолдануға болады. Соның өзінде ол баланы ұру, тамақтан айыру, намысына тию деген сияқты қатаң түрдегі жаза болмауы тиіс. Тек қана баланы уақытша жақсы көретін нәрсесіне тыйым салудың өзі жеткілікті болады. Мысалы, жаза ретінде күні бойына теледидар көрмейсің деген секілді әдістерді қолдануға болады.
Ата-ананың рөлі
Балаға негізгі тәрбиені беретін ол ата-ана. Кішкентей шақалақ кезінен бастап оған күтім жасап, жақсы қарым-қатынаспен қарайтын болса, ол баланың болашақта қандай адам болатынын айқындайды. Егер балдырғанға әкесі не шешесі «Оңбаған, сенің қолыңнан дым келмейді» десе, есейгенде ол шынымен сондай баланы тәрбиелеп шығады. Ал керісінше «Сен мықтысың, қолыңнан келеді. Мен саған сенемін» деп үнемі қолдау білдіріп отырса, өз-өзіне сенімді, табысты, әке-шешесіне жанашыр, мейірімді бала болып өседі. Сонымен қатар ата-ана баласына өтірік айтпай, екі сөйлемей, айтқанында тұрса, бала да шыншыл болып, көңілдерінен шығуға тырысатын болады. Сондықтан бала тәрбиесі – ата-ананың жауапкершілігі.
Ата-ананың ең басты қателік – бала психологиясын білмеу. Өз баласының мінез-құлқын білмей, оның миы қалай дамитынынан мүлде бейхабар ата-аналар бар. Бұл білместік – балаға тәрбие беруде үлкен қателікке әкеп соқтырады. Өз баласын толықтай білетін ата-ана оны дұрыс тәрбиелеу жолын да біледі.
Өз балаңды ешқандай шартсыз, қалай бар, сол күйінде қабылдай білуің керек. Кейбір ата-ана баласының жылағанын, ашуланғанын көтере алмай, тек баласы жақсы оқыса, күліп жүрсе ғана жақсы көріп, махаббатын беруге тырысады. Ал керісінше баласы қателік жасап, бірнәрсе бүлдіретін болса, оның өзіне ұрысып тастайды. Сондықтан қандай жағдай болмасын ата-ана балаға қолдау білдіріп, әсіресе баласы қиналған сәтте жанынан табыла білуі қажет. Саналы ұрпақ қалыптасуы үшін ата-аналар өздері сауатты болуы керек. Ол үнемі ізденісте болып, бала туралы бар ақпаратты білуі тиіс. Сондай-ақ білімді әке мен шеше баласына да білім беріп, оның ақылды, саналы ұрпақтың қатарынан болуына үлкен үлесін қосады. Білімді, сауатты ата-анадан саналы ұрпақ тарайды.
Әлеуметтің желі әлегі
Әлеуметтік желінің қай түрі болмасын баланың жүйке-жүйесіне кері әсерін тигізеді. Себебі бала күні бойы ойнап, жүгіріп, ата-анасымен, жақындарымен ұдайы қарым-қатынаста болуы керек. Ал егер мұның барлығын телефонмен алмастырған жағдайда баланың жүйке-жүйесі шаршайды. Ол өз эмоцияларын басқара алмай, агрессияға тым бейімделіп кетуі әбден мүмкін. Балалардың ішінде әсіресе мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерге қатты қажет болмаса, оларды әлеуметтік желіден шектеу керек. Тіпті берген күннің өзінде күніне 30-40 минуттан асырмаған жөн.
Елдіге тәуелді балаларға қатысты мамандар мынадай тұжырым айтады: – Желіге тым көп уақытын өткізетін балалар есейе келе әке-шешесінен қолдау іздемейтін болады. Яғни әлеуметтік желі бала үшін ата-ананың орнын алмастырып кету қаупі туады. Бала жылап, ашуланған кезде мұның себебін анықтап алған жөн. Оның жеке қажеттіліктерін өтеу керек. Егер ата-ана баланың әр қажеттілігін өтеместен, телефонмен алдай беретін болса, бұл мәселе одан сайын күрделене түседі. Ең соңында мұның барлығы баланың психологиясы мен мінез-құлқының өзгеруіне алып келеді. Сол себепті баланың көңілін жақсы заттарға бұрып, өзі ұнататын ісімен айналысуын қамтамасыз ету қажет,- дейді.
Иә, баланы өмірге әкелу бір басқа да, оны адам етіп тәрбиелеу өз алдына бір мектеп. Өмірге ұрпақ әкелген кез-келген ата-ана баласының болашғаның жарқын болғанын қалайды. Жақсы тұлға болып қалыптастырғысы келеді. Ал ол үшін алдымен ата-ана баласын түсінуді үйренуі қажет. Көп ата-ана баласы нені жасай алмайды, соған көп назар қояды. Мысалы, бала тым жалқау, еріншек болса, тек сол қасиетін жоюға ғана жұмыс істейді. Осылай оның басқа да жақсы қасиеттері назардан тыс қалады. Сол себепті ең алдымен баланың жақсы, мықты қабілеттеріне назар аудару керек.
Міне, біз бүгін бала тәрбиелеудің психолог мамандар дұрыс деп тапқан тетіктері мен жолдарын сіздерген саралап ұсындық, қадеңізге жарасын.
Н. БАҚЫРАН
05 қыркүйек 2023 ж. 319 0