Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Асыраушы саланың ахуалы артпақ

Асыраушы саланың ахуалы артпақ

Материалдық өндірістің ең маңызды түрлерінің бірі – ауыл шаруашылығы саласы. Қазақ халқы ерте кезден атаулы шаруашылық түрімен айналысқаны белгілі. Иә, ертеде мал шаруашылығын дамыту мақсатында адамдар жайылымдар іздеп, көшіп қонып жүретін. Сонымен бірге егін шаруашылығын да қатар ұстаған. Дегенмен егін шаруашылығы мал шаруашылығына қарағанда баяу дамыған. Осылайша уақыт өте халық түрлі азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етіліп, ауыл шаруашылығы саласы біршама дами түсті.
Дүние жүзіндегі қай ел болмасын ауыл шаруашылығымен айналысары сөзсіз. Біздің елде де ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып, халық игілігіне жарап келеді. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолауында атаулы саланы әрі қарай дамыту қажеттігін айтып өткен болатын.
–Қазіргі ауыл шаруашылығы – жоғары технологиялы сала. Шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді. Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кетеді. Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет. Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын зерттеу ісінің барлық сатысын қамтитын агротехнология хабына айналдыру керек,–деген болатын Мемлекет басшысы.
Сонымен бірге шетелдің агро-ғылыми орталықтарымен де ынтымақтастық орнатып, егіс түрлерін көбейту қажеттігін де айтты.
–Сондай-ақ шетелдің танымал агро-ғылыми орталықтарымен толыққанды ғылыми-тәжірибелік ынтымақтастық орнату керек. Біз жеке ғылыми-технологиялық бастамаларды қолдаймыз. Білім беру бағдарламаларын ауыл шаруашылығы талаптарына бейімдейміз. Егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келді, – деді Президент.
2021 жылы агроөнеркәсіп кешенін дамыту мақсатында 2022-2024 жылдарға арналған «Ауыл шаруашылығы саласын дамытудың Жол картасы» қабылданды. Ауданда жол картасы мал, егін, балық шаруашылықтары бойынша 3 бағытта іске асырылып келеді. Соған сәйкес, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 4,6 млрд теңге болып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 101,6 пайызға артқан екен. Сонымен бірге бастапқы кезеңде бекітілген Жол картасы бойынша 792 млн теңгені құрайтын 30 жоба іске асыру жоспарланса, бір жарым жыл ішінде атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 281,8 млн теңгенің 23 жобасы орындалып, 43 адам тұрақты және маусымдық жұмыспен қамтылған. Жобаны, яғни ауыл шаруашылығы саласын әрі қарай дамыту мақсатында биыл Жол картасына өзгерістер жасалып, қосымша 12 жоба қосылған.
Ауданда төрт түлік мал басы да жыл санап артып келеді. Соңғы екі жылда 4 түлік малдың басы 12 мыңнан астам басқа өсіп, Тәуелсіздік алған жылдардан бері мал басы 4 есеге көбейген екен.
Мемлекет басшысы егін шаруашылығы жөнінде де біршама мәселелерді қозғаған болатын. Яғни, егістің түрлерін көбейту қажеттігіне тоқталып, пайда әкелетін дақыл түрлерін егу керектігін де айтты.
"Егіс түрлерін көбейтуіміз керек. Сондай-ақ көбірек пайда әкелетін дақылдар еккен жөн. Суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтып, бір ғана дақыл түрін егуді шектеу қажет. Диқандарды жергілікті тұқыммен қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қатар жаңа сұрыптарды шығарып, оны өсіру мәселесін шешкен жөн" – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жалпы ауданда егіс көлемі 160-180 гектарды құрайтын. Егіспен тек 3 ауылдық округі тұрғындары айналысып келсе, жоғарыда айтылған Жол картасының екінші бағыты егін шаруашылығын дамыту бойынша қабылданған шараларға байланысты бұл көрсеткіш 2022 жылы 3 есеге өсіп 12 ауылдық округте барлығы 704,2 гектар жерге, ал ағымдағы жылы 5 есеге ұлғайып 15 елді мекенде 1010,3 гектарға егістік дақылдары орналастырылған. 2022 жылы 3143,8 тонна өнім алынса, биылғы жылы 5000 тоннаға дейін өнім алу жоспарланған.
Сонымен бірге облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жеке тұрғындардың өз-өздерін бау-бақша және көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету бойынша 76 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру межесі белгіленіп, егіс дақылдарын егуге ынталы 40-тан астам отбасыға қосымша жер берілген. Биылғы жылы вегетациялық кезеңде суармалы судың болжамды тапшылығына байланысты суды үнемдеу мақсатында аудан бойынша 42 гектар жерге подпленка және тамшылатып суару әдісі арқылы бау-бақша және көкөніс дақылдары егілсе, 80 гектар астам жерге жаңбырлатып суару әдісімен мал азығы орналастырылған. Бұдан басқа, Арал қаласы мен Сексеуіл кентінде жылыжай кешендері іске қосылып жұмыс жасап келеді.
Бүгінде ауыл шаруашылығы дәстүрлі сала деңгейінде қалып қоймай, инновациялық шешімдер мен бұрындары көптеген өндірістік міндеттерді шешу үшін қолданылмаған әзірлемелерге қажетті жаңа нарықтарды құра алатын жоғары технологиялық салаға айналып келеді. Елімізді дамытушы саланың бұл түрі білім мен жоғары технологияны қажет етері сөзсіз. Атаулы сала арзан жұмыс күші емес екені анық. Сол үшін бұл салаға да кәсіби біліммен қаруланған, білікті мамандар маңызды екені белгілі. Ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында елімізде біршама жұмыстар атқарылып, оны дамыту үшін де көптеген күш жұмсалып келеді.

А. НҰРЛАНОВА
05 қыркүйек 2023 ж. 211 0