Игерілмеген гранттар қайта үлестіріледі
2023-2024 оқу жылына 88 204 грант бөлінген. Биыл олардың 95 пайызы игерілді. 5 пайызы игерілмей қалды. Осы білім гранттары оқуға түсе алмай қалған талапкерлер арасында қайта үлестіріледі.
Оқуға түсе алмай қалған талапкерлерге грант иегері атануға бірнеше мүмкіндік бар. Солардың бірі – осы игерілмеген гранттар. Жыл сайын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және мемлекеттік органдар кадрлар қажеттілігі бойынша ұсынған ресми ақпарат негізінде мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылады. Сол бойынша биыл 88 204 грант бөлінген. Гранттардың басым бөлігі «Инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары», «Педагогикалық ғылымдар», «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар», «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика» білім беру бағдарлама топтарына берілген. Ал игерілмей қалған гранттар қайта бөлінеді.
Талапкерлердің көкейінде «игерілмеген гранттарға қалай іліге аламыз, ол үшін не істеу керек?» деген сұрақ туындағаны түсінікті. Алайда игерілмеген грантты ұтып алуға ешқандай құжат тапсырудың қажеті жоқ. Өйткені ол ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша автоматты түрде беріледі. Кімнің бағы жанары ұпайына байланысты. Талапкерлерге тек конкурс нәтижесін күту керек.
«Біз жыл сайын білім беру бағдарламалары бөлінісінде мемлекеттік білім беру тапсырысын бекіту барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынатын аналитикалық есепті негізге аламыз. Биыл мемлекеттік білім беру тапсырысының 95,3 пайызы игерілді. Игерілмеген гранттар жалпы конкурс бойынша қайта үйлестіріліп, ҰБТ нәтижесінде жоғары ұпай жинаған, бірақ жаздағы конкурс қорытындысында грант иегері атанбаған талапкерлерге беріледі», деді Ғылым және жоғары білім министрлігінің бас сарапшысы Күләш Үсенова.
Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта тиісті бұйрыққа өзгеріс енгізу жұмыстары жүргізіліп, бос гранттарды қайта бөлу мәселесі қарастырылып жатыр. Нәтижесі қыркүйек-қазан айларында белгілі болады.
egemen.kz