Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мол табысты қуалап шетелге ағылған қазақ көп

Мол табысты қуалап шетелге ағылған қазақ көп

Қазіргі таңда шетел асып білім алу, жұмыс істеу оңайға айналды. Сондықтан шығар, кейінгі жылдары сыртқы көші-қон толастамай тұр. Әсіресе жайлы өмір іздеген жастар жат жұрттан «жұмақ» іздеп, мұхит асып жатады. Статистика комитетінің деректеріне сүйенсек, жыл сайын 14-28 жас аралығындағы 8 мыңға жуық жас шетел асады екен. Туған жер мен ет жақыннан жырақтап кетуге себеп тұрақты жұмыстың болмауы, болған күннің өзінде жалақысының мардымсыздығы, ең өзектісі – баспана мәселесі жастардың «жайлы өмір» іздеп шетел асуына өз «септігін» тигізіп отырған.
Кез келген жұмыр басты пенде өз елінен пана тауып, отбасын асы-рап, үлкен өмірге қанат қаққысы келеді. Ешқандай да кедергілерсіз тұрақты жұмысын істеп, еңбегіне сай жалақысы мен сыйақысын алып отырса, әсіресе шаршап келгенде шалқая жата кететін өз баспанасы болса – бұдан өзгені сұрап талап қойып отырған жастар жоқ. Қасым ақын айтқандай «Бермесең бермей-ақ қой баспанаңды, бәрібір тастамаймын астанамды» деп жүргендер де аз емес. Бүгінде еліміздегі 20 мен 35-ке дейінгі жас отбасылардың басым көпшілігі айлығын шайлығына жеткізе алмай, шықпа жаным шықпалап күн көріп жүр... Жалақы¬сының тең жартысын жалдап тұрып жатқан пәтеріне төлейді. Ал азық-түлік, жанармай, жолақы, сондай-ақ тұрмысқа қажетті тауарлар бағасының шарықтап тұрғаны – өз алдына бөлек әңгіме.
Мамандығы қаржыгер Асылхан Асқар диплом бойынша бірнеше мекемеде жұмыс істеп көрді. Ондағы жетістігі ай сайынғы алатын айлығынан төлейтін несиесі асып түсті. Үй салғысы келді несие алды, ол да жар ортаға келгенде таусылып, үйі бітпей қалды. Десе де, азды қанағат тұтып жүре берген. Бірақ неге мен де ел қатарлы жақсы өмір сүре алмаймын деген ой санасынан шықпай қойды. Ол үшін не істеу керек? Әрине, табысы мол жақсы жұмыс керек. Осылай танысы арқылы Кореядан бір-ақ шықты.
– Бастапқыда жүрексіндім. Не дегенмен басқа ел, мүлде бөтен өмір басталды. Тіл де білмеймін. Бірақ бұл жақта жұмысшы құқығы қатаң сақталған. Жан қиналатын ауыр жұмыс жоқ. Бәрі уақытпен. Басы артық бір минут та жұмыс істемейсің. Жатын орын, азық-түлікпен толық қамтамасыз етілген. Ең бастысы – жалақы жоғары. Мен мұнда елімізде бір жарым жылда табатын табысты бір айда табамын. Бұл менің таза табысым. Күнделікті күнкөріс шығындары жұмыс беруші есебінен төленеді. Осында жұмыс істеп жатқаныма 2 жылға жуықтады. Ауылдағы үйімді бітірдім. Ата-анамның барлық қажетін өтеп отырмын. Жақында әкеме көлік әпердім. Енді 1-2 жыл жұмыс істеп ақшамды жинап, елге оралып бір кәсіппен айналыссам деймін, – дейді Асылхан.
Әрине, бәрінің айы оңынан туып, асығы алшысынан түсіп кетіп жатқан жоқ. Жайлы өмір мен мол қаражатқа қызығып шетел асамын деп еңбек құлына айналып, сан соғып із-түссіз жоғалғандар, арып-ашып елге әрең жеткендер де жетерлік.
Қайбір жылы Алматы облысының тұрғыны 20 жастағы Қыран Манатұлы табыс табамын деп шетел асып, ата-анасының «жанымызда бол» деген қарсылығына қарамастан Біріккен Араб Әмірлігіне аттанып ізім ғайым жоғалғандығы туралы ақпарат отандық телеарналар мен сайттарды шулатты.
Қыран қытай тілін жетік білгендіктен, Дубайдағы қытайлық компанияға жұмысқа тұрады. Араға бірнеше ай уақыт салып, отанына оралып, кейін тағы да шетелге аттанады. Ата-анасымен күнделікті хабарласып тұрған Қыран үйіне 400-500 мың теңге көлемінде ақша жіберіп, әкесіне көлік те сатып алып берген.
5 Қазақстан азаматы Филиппиннен Таиландқа шығып, Бангкок қаласына тоқтаған. Ұшақта жанында бірге жүретін адам болған шығар. Содан: "Таиландқа келдік" деп хабарласты. Таиландтағы өзеннен өздері қайық арқылы, визасыз, заңсыз өткізіп алса керек. Бұлар Мьянманың жанындағы көпірден қайықпен заңсыз өтіп, қалашыққа кірген. Оларды сыртқа шығармайды, қақпаның сыртында әскерлер тұрады. Күнделікті керек заттар қақпаның ішінде бар. Ең төмен айлық 800 мың теңге. Ол жаққа барған соң бастықтары өзгеріп, жұмыстары ауысқан көрінеді. Осылайша олар қоршауда қалып, жұмыс күші ауырлайды. Ақырында қашып шығуға оқталып, ол әрекеттерінен түк шықпаған. Тек бір жігіт қана құлдық қамақтан құтылып, өзге жерлестерін құтқару үшін елшіліктің көмегіне жүгінді.
Талай жыл ауыр бейнетпен өткеріп, бүгінде өзі қалаған бақытты өмірге қол жеткізіп отырған Дәметкен Тілеуова мұның бәрі адамның қанағатсыздығынан туған мәселе дейді.
– Өз басым тұрмыстың тауқыметін бір адамдай көрдім. Кешегі тоқырау жылдарында пойыз жағалап, бала-шағаны жетілдіріп жеткіздім. Әр күнімізге тәубе деп аз тапсақ та талғажау етіп, біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүрдік. Сонда да өлген жоқпыз. Қазір шүкір, сол еңбегімнің өтеуі болар өзім бір кездері армандаған тұрмыста өмір сүріп отырмын. Қазір қанағатсыздық жайлап кеткен. Бәрі бірден бола қалса, мол табыс келе қалса дейміз. Әйтпесе ел аспай-ақ, жатпай-тұрмай еңбектенсең, сол табысты елімізде де табуға болады. Жетпейтін адамға қанша мол қаражат тапсаң да жетпейді, – деген пікірін ортаға салды.
Не десек те мәселенің көп қыры бар. Елде жайлы жағдай болса, тұрақты табыс тауып отырса, кім туған ұясынан жат елге кетер дейсің. Қымбатшылықтың алқымнан алып тұрғаны да жасырын емес. Еңбекке сай жалақының жоқтығы тағы бар. Елдегі еңбек нарығын реттемейтін болса шетелге ағылған көштің толастамасы анық. Әйтеуір мол табыс тауып келсе жақсы. Құлға айналып, із-түзсіз жоғалудан Алла сақтасын.
Н. МАРАТҚЫЗЫ
09 қыркүйек 2023 ж. 236 0