Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әсері мол саяхат

Әсері мол саяхат

Осыдан бір ай бұрын Арал ауданы әкімінің басшылығымен, аудандық, қалалық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен ауданның бір топ ардагерлері киелі Түркістанға саяхаттап, барып келген-ді.
Міне, бұл жолы да сол шараның жалғасы ретінде тамыз айының соңына таман ауданның экономикасы мен әлеуметтік дамуына елеулі үлес қосқан тағы да әр саланың елу ардагерінің басын қосып, қасиетті Түркістандағы киелі орындарға зиярат етіп, жаңадан ұйымдастырылған облыс орталығы – Түркістан қаласын тамашалап, аралап қайтуына көңіл бөлді.
Бұл игілікті шараны қуана қарсы алған еңбек ардагерлері таңертең орталық алаңға белгіленген уақыттан бұрын асай-мүсейлерін (қол дорбалары, сөмкелерін) артынып ертерек келді. Көңілді. Жүздерінен қуаныш табы сезіледі.
Саяхатшыларды шығарып салу салтанатына аудан әкімінің орынбасары К.Бержанов, аудан әкімдігінің қоғамдық даму бөлімінің басшысы М.Марат қатысты. Жиналғандар алдында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділбек Әйімбетов ауданның экономикалық дамуы мен әлеуметтік мәселелеріне, мәдени-көпшілік жұмыстарға тоқталып сөз сөйледі.
– Биылғы жылы аудан әкімі қаражат көзін тауып, еңбек ардагерлерінің көңіл күйін көтеруге ерекше мән беріп отыр. Яғни, жақында 35 еңбек ардагерінің Қамбаш көлінде демалысы ұйымдастырылды, басқа да шараларды жүзеге асыру қарастырылып жатыр. Енді, міне, киелі Түркістанға екінші топ болып, саяхаттап бара жатырсыздар. Сіздерге сәттілік тілеймін, жолдарыңыз болсын,– деді. Саяхатшыларға Өмірбай Құрманов ақсақал жол батасын берді.
Еңбек ардагерлері жайлы орындарына жайғасып болған соң, «Икарус» автобусы орнынан қозғалды.
Жол ұзақ, мұны жолға шығып жүргендер біледі. Яғни, «Икарус» автобусы тоқтамай жүріп отырғанның өзінде, Шәуілдірге дейін 10-11 сағаттан астам жол.
Жолбасшылық жасап келе жатқан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділхан Таңымбетов текті ұрпақтан екенін, тарихшы Болатбек Қуатов өткен осындай сапардан алған әсері жөнінде аудандық «Толқын» газетінде «Тарихи қалаға танымдық сапар» атты жарияланған мақаласында жан-жақты жазған болатын.
Шынында да Әділханның адамға деген инабаттылығы мен қарапайымдылығын осы сапарымызда біз де аңғардық. Кішіпейіл азамат саяхатшылардың көңіл күйіне ден қойып, оқтын-оқтын жағдайларын сұрап отырды.
Ал саяхатқа шыққандар жас емес. Еңбектің зейнетіндегі ардагерлер жолда шаршайтыны рас. Қанша дегенмен діттеген жерге қалғып-мүлгіп жетер-ау. Мұның несі саяхат! Сондықтан да еңбек ардагерлерінің көңіл күйлерін түсірмеудің идеясын алдын ала ойластырғандай, сапарлас болып келе жатқан «Сыдықовтар» жанұялық ансамблінің мүшесі, әнші, Қазақстанның мәдениет министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің және «Еңбек даңқы» медалінің иегері Базар Қостаева «Икарус» автобусында гидке арналған микрофонды қолына алып, еңбек ардагерлеріне сәттілік тілеп, «Тойбастар», одан кейін Абайдың өлеңдеріне жазылған әндерді шырқап кетті дейсің! Ду қол шапалақтау! Базар бір-екі әнмен қоя ма? Тағы да бір-бір әнді бастап кетті. Бұл Ескендір Хасанғалиевтің «Әдемі-ау» әні. Сол-ақ екен, Феруза есімді ардагер әнге қосылып және де сол Базар Қостаева апасы екеуі «Әке», «Ана» туралы әндерді қосыла шырқады.
Жол үстінде, ерекше әуенімен саяхатшылардың көңіл күйін көтерген бұл әнші-ардагерді таныстыра кетсем оқырмандар ренжімес. Аты-жөні – Феруза Өткелбаева (менің фамилияммен аттас, бірақ туысқан-рулас емеспіз). Әкесі Әмит «Приарал» кеңшарында ұзақ жыл шопан болып еңбек еткен. Қарапайым шаруа адам. Ал мына қызы Феруза да шаруақор-жұмысшы болып еңбек абыройына бөленген жан екенін сұрастырып біліп отырмын. Оның әншілігімен қатар би өнерінен де хабары бар екенін «Икарус» автобусының орындықтары арасындағы тар жерде би билеген өнерінен байқадық.
Сонымен жол үстінде шырқалған ән мен бидің әсерінен Қармақшы ауданындағы Қорқыт баба мемориалдық кешеніне қалай жеткенімізді білмей де (іс-шара да) қалдық.
Қорқыт баба кешені (комплексі) Сыр бойындағы ескерткіштердің бірі емес бірегейі. Тарихи деректерде Қорқыт баба түрлі дүниеге ортақ ойшыл, батагөй-ақылшы, ақын және болашақты болжайтын сәуегей абыз адам ретінде айтылады. Оғыз-қыпшақ заманында өмір сүрген. Аңыз бойынша өлімнен қашып, ақыры осы маңда сая тапқан. Саяхатшылар Қорқыт баба кешеніндегі амфитеатр, қобыздың үні сарнаған үш тағанды ескерткішті және басқа да көрнекті жерлерді аралап, тамашалады, суретке түсті.
Бұрынғылар «Әңгіме, өлең жол қысқартады» деп бекер айтпаса керек. «Икарус» автобусымыз қайта жолға түскенде, Базар Қостаева енді әр саланың еңбек ардагерлерін топ-тобымен микрофонға шақырып, өздерін таныстыруды және еңбек еткен жылдарындағы қызықты оқиғаларды айтып беруін өтініш ретінде әңгіме қозғады. Бұл сұраққа ешкім тасаланған жоқ. №62 орта мектептің ардагері Аманкелді Конарбаев, бұрынғы аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатында тауартанушы, экспедитор міндетін атқарған ардагер Өмірбай Құрманов, аудандық ішкі істер бөлімінің запастағы милиция майоры, ардагер Балтабай Сүйеубаев, кезінде кеме жөндеу зауытының абыройын асқақтатқан майталман ардагер Толғанбек Тиышов, аудан айнасы «Толқын» газетінің ардагерлері Жанар Барбосынова, Зейнеп Рашева, «Аралбалық» өндірістік бірлестігі мен балық зауыттарында ұзақ жыл еңбек еткен ардагерлер Күлмарам Кемалова және Ақшабақ Бәтімова және басқа да ардагерлер сөз сөйлеп, саяхатшылардың көңілін көтеріп тастады.
Әсіресе «КазНИИРХ-тың» Аралдағы бөлімшесінің біраз жыл директоры болған, еңбек ардагері, «Қазақстан Республикасының балық шаруашылығына еңбегі сіңген қайраткері» атағының иегері, Арал ауданының құрметті азаматы Зауалхан Ермаханов Арал теңізінің тартылу жылдарынан бастап әңгімесін бүгінгі күні Кіші Аралдан аудан балықшылары ризық тауып отырғанын әңгімеледі.
Сөз арасында №220 орта мектебінің ардагері, термеші Жұмагүл Бисембаева орындаған «Вальс әндерінің патшасы» Шәмші Қалдаяқовтың «Арыс жағасында» әнін, ал аудандық «Ұлағат» ансамблінің дәстүрлі әншісі Марал Өтегенова Мұхиттың және бірнеше халық әндерін, сондай-ақ осы ансамбльдің мүшесі, ардагер Зинеш Біртаева да қыза-қыза келіп, бір әнді әуелетті дейсің...
Міне, осылайша таңертең Аралдан шыққан «Икарус» автобусы күн ұясына батар мезгілде Арыстан бап дамыл тапқан жеріне келіп бір-ақ тоқтады. Бұл Отырар өңірінің шеті Шәуілдір деп аталатын жер.
Қожа Ахмет Яссауи дүниеден өтерінде "маған келетін адам ең алдымен Арыстан баптың басына зиярат етсін" деп өсиет қалдырыпты. Сондықтан біз де бұл өсиеттен тысқары кетпедік. Өйткені халық арасындағы әңгімелер мен тарихи деректерге жүгінсек, Арыстан бап Қожа Ахмет Яссауидің ұстазы деген тұжырым бар. Бұл туралы бір аңызда: «Мұхаммед дүниеден өтерде өзінің дінін ұстаушы, исламға адал берілген мүриттерін жинап: «Мен көз жұмғасын, бірнеше жүз жылдан кейін менің ілімімді жалғастырушы бір әулие дүниеге келеді. Соған менің аманатымды кім сақтап, еш қиянат жасамай жеткізіп береді?» деген екен. Сонда топ ішінде тұрған Арыстан бап: «Уа, аса қадірлі пайғамбарым, егер маған сенсеңіз, аманатыңызды мен жеткізіп берейін!» депті, басын ие тағзым етіп.
Сол кезде Мұхаммед пайғамбарымыз Арыстан бапқа бір түйір құрма жемісін беріпті. Осы құрманы Арыстан бап нешеме жыл тілінің астына салып, бойтұмардай сақтаған екен.
Бұл екі арада Арыстан бап әбден қартаяды. Бірақ аманатты сұрап ешкім келмейді. Содан Арыстан бап "бәлкім кездесіп қалармын" деген үмітпен ел аралап шығады.
Талай-талай елдерді кезіп, жер-жаһанды шарлайды. Содан Отырар өлкесіне жеткенде Арыстан баптың жанына бір бала жақындап келіп: «Ата, менің аманатымды бермейсіз бе?» – дейді.
Осы жерде Арыстан бап: «Қарағым, іздегенім сен едің, міне аманатың» деп тілінің астындағы құрманы алып беріпті. Ал сол бала Қожа Ахмет екен.
Міне, ілімнің басы қайда жатыр? Бұл жерде Қожа Ахмет Мұхаммед пайғамбардың ісін жалғастырушы болса, Арыстан бап – оларды байланыстырушы рөл атқарған. Яғни, Арыстан бапты Қожа Ахмет Яссауи ұстаз тұтқан.
Сонымен Арыстан бап кесенесіне қарай бет алып келеміз. Кешкі мезгіл болғандықтан ба, тағзым етушілер сирек. Билет сататын кассасы жұмыс істеп тұр. Кесене ауласының өзі ат шаптырымдай жер екен. Көктемгідей көк шөпке мүлгіп тұр. Жолдарының жиегінде мәрмәр қызыл күрең жастарға Қожа Ахмет Яссауи жайлы ғұламалардың нақыл сөздері ойылып жазылған.
Кесене шырақшысы ардагерлерді жылы шыраймен қарсы алып, қошеметін білдіріп жатты.
– Арыстан бап, – деді ол, – дін танушы ретінде ұлықталады. Көп жыл өмір сүрген. Көзі тірісінде тау-тасты жиі аралап, емдік шөп жасап, қолдан дәрі-дәрмек жасап, емшілікпен айналысқан әулие. Осы жерде марқұм болып, жерленген. Сондай-ақ оның екі сахабасы да – оң жағында Лашын бап, сол жағында Қарға бап жатыр. Яғни, Қожа Ахмет Яссауиге келген тілек тілеушілер әуелі осында түнеп кетеді, бұл ақиқат. Сіздерге де оң сапар тілеймін, талаптарың мен тілектерің қабыл болсын, – деді.
Шарт бойынша шырақшы әруақтарға бағыштап дұға оқыды.
Кесене басындағы құдықтан су ішіп, тілегіміз қабыл болсын деп, қонақ үйге қарай беттедік. Қонақ үйдің асханасына 50-60 адам еркін сыйып кететін ұзынша столға ас мәзірімізді самсатып қойған екен. Жуынып-шайынып алғаннан кейін шайға отырдық. Алған әсерімізді айтып қауқылдасып қалдық. Одан кейін құрбандыққа шалынған малдың етінен дәм татып, демалдық.
Таңертеңгі сәресі де дайын екен. Ауқаттанып алған ардагерлер Түркістан қаласына қарай бағыт алған «Икарус» автобусына жайғасты. Әні-міне дегенше сағатқа жетпей автобуста Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің оңтүстік-шығыс қақпасының алдына келіп бір-ақ тоқтады.
Саяхатшылар әп дегеннен қаланың шығыс калитрімен салынған халық арасында «Венеция» деп айтылып кеткен қаланың бөлігін аралап кетті. Өзің де таңғаласың. Ғажайып көріністер. Мұнда бой көтерген көп пәтерлі үйлер сияқты бөлек-бөлек емес, тұтас объекті ретінде қарастырылған. Ұзындығының өзі кемі (әрқайсысы) 300-500 метрдей. Бұдан ұзыны да бар. Биіктігі екі қабат үйдей әрі біркелкі бояу, сарғыш түспен боялған. Боялған деймін-ау мүмкін жердің сарғыш топырағымен сыланған шығар.
Мұнда Керуен сарай, шайхана, базар, азық-түлік, тұрмыстық заттар сататын дүкендер, ойын-сауық кешендерінің атаулары латынша жазылған. Және де көшелеріне теп-тегіс брусчаткалар төсеп тастаған. Қара жер көрмейсің, көше бойларында субұрқақтары атқылап, жылғаларында су ағып тұр. Көшелерінде бірде-бір машина не мотоцикл көрмейсің. Туристерге (саяхатшыларға) 6-8 адамға арналған жеңіл электромобильдер қызмет көрсетеді.
Осындай ғажайып жерлерді жаяу тамашалап, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне келдік. Саяхатшылар кесене алдына түгел жиналып болған соң, зиярат етіп, «Бісмиллаһир-рахманир рахим» деп Әзірет Сұлтанның жатқан орнының табалдырығын аттадық. Шырақшы дұға оқыды және оның «Тілегімізді қабыл қылғай» деп батасын алып, орнымыздан тұрдық. Гид (экскурсия жүргізуші қарындас та) әзір екен. Әңгімесін бастап кетті:
– Қожа Ахмет Яссауидің кесенесі адамзат қолынан шыққан бірегей жәдігерлердің санатына жатады. Бұл орта ғасырлық сәулет өнерінің ғажайып туындысы өз бойына ертеден келе жатқан жергілікті құрылыс дәстүрі мен сол заманның ең озық әдістерді ұштастыра жинақтаған ғимарат. Әзірет Сұлтан (Қожа Ахмет Яссауи) қабірінің басында кесене салынғанға дейін де екі бөлмелі ғимарат тұрғызылып, сол замандарда-ақ қасиетті зиярат орнына айналған. Осынау аса зор порталды, күмбезді дүрбені тұрғызған шеберлерді Мауереннахр билеушісі Әмір Темір өзі сұрыптап, адамның болмысы таза, кәсібін шын меңгергендерін ғана таңдап алған. Шарафаддин Әли Иездидің «Зафарнаме» (Жеңіс жылнамасы) кітабында әулиелердің сұлтанына арналған құрылыстың тарихы Алтын Ордаға қарсы жорықтармен байланысты баяндалған. Әмір Темір осы қаланы бірнеше рет тонаған Тоқтамысқа қарсы 1389, 1391 және 1395 жылдары әскер шығарған. Кесене құрылысының басталған жылдары да осы мерзім деп болжауға негіз бар. Кесененің тұрғызылуы жайлы халық аузындағы аңыз бойынша Әмір Темір түсіне аян арқылы Яссауиден бұрын оның ұстазы Арыстан бабаға құрмет көрсетуі керек екенін біліп, оны бұлжытпай орындаған. Қожа Ахмет Яссауиді өзіне пір тұтқан. Әмір Темірдің ұстазға деген зор құрметі, тылсым сырлы рухани байланысы осыдан да байқалады.
Кесененің бірінші қабатының құрылымдық жоспары бойынша он бөліктен тұрады. Яғни, бас портал, жамағатхана, қабірхана, мешіт, кітапхана, үлкен ақсарай, кіші ақсарай, асхана, құдықхана және құжыра бөлмелері деп аталады.
Жамағатхана бөлмесінің ортасында 3000 литр су сыятын қасиетті Тайқазан орналасқан. Зікірдің шарапатымен нұрланған Тайқазандағы суды жиналған халық қасиетті, шипалы су ретінде бөлісіп алатын болған. Тайқазанға байланысты қазандық бөлмесі деп аталады. Сондай-ақ жамағатханадан айнала қоршай орналасқан бөлмелерге шығатын 14 есік бар. Олардың екеуі XIV ғасырдан сақталып келе жатқан жәдігерлер. Жамағатхананың төрінде орналасқан әулиелердің Сұлтанының асыл сүйегін арулап қойған жерді қабірхана бөлмесі дейді. Сондай-ақ жоғарыда атап көрсеткенімдей, қалған сегіз бөлігі атына сай бейімделген. Мұны бізге кесененің экскурсия жүргізушісі қысқаша шолу жасап, түсіндірді.
Не болса да Алланың қалауымен жүзеге асатынын ұғынуға болады. Мәселен, кесененің батыс қабырғасының фризден төселген негізгі бөлігінде куфу бинан макила жазу үлгісімен бояулы қаптама кірпіштерді пайдаланып, шартарапты ишаралайтын шармықтың ішіне үздіксіз айналым белгісіне ұқсас өзара ұласып жатқан «Алла Раббым және Мұхаммед пайғамбарым» сөздері жазылған. Бұл жазулардың сәнді көркем өрнектерінің өзі өзара ұштаса ұласып, шексіз, үздіксіз қозғалысты ишаралауы арқылы Алла есімі мен оның пайғамбарын үнемі естен шығармай жад етуге шақырады. Кесененің солтүстік фасадының негізгі бөлігінде «Пенде жоспарлайды – Алланың қалауы болады» деген жазу таңбаланған. Бұл жазудың мағынасы халқымыздың тұрмыс-салтынан терең орын алған, әрбір істі бастағанда Құдайдан тілеп, ақсақалдың, халықтың батасын алып кірісу, нәтижесін Алладан күтуге саяды.
Сонымен гүлдестелерде, қабырғаның әр тұсында әр алуан өрнектермен Алланың көркем есімдері, пайғамбар аты таңбаланған. «Бүкіл жаратылыстың иесі Алла», «Бағыт көрсету Аллаға тән», «Күш-құдірет Алланікі» деген сипаттағы сөздер жазуларды көзіміз шалып қалды. Ал кесененің шығыс қабырғасында Алланы пәктейтін – «Субхан-Алла», мадақтайтын – «Алһамду-илла», ұлықтайтын – «Аллаһу Акбар» таспихтары өзара ұштаса ұласып жатқан геометриялық өрнектерге толы. Жалпы алғанда, кесене ішіндегі таспихтағы таңбалы өрнектер мен қабырғадағы жазулар Яссауи ілімінің өміршеңдігінің үлгісі.
Міне, киелі де қасиетті Түркістанға жасаған саяхатымыздан алған әсеріміз, көрген-білгеніміздің бәрін тізбектеп жазу мүмкін емес. Оның үстіне газет көлемі де көтермейді. Сапарлас болған ардагерлерім де мені неге жазбадың деп өкпелемес. Реті келер.
Аманкелді ӨТКЕЛБАЕВ,
этнограф-журналист,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
10 қыркүйек 2023 ж. 216 0