Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Патриоттық сезімге толы шара

Патриоттық сезімге толы шара

«Жалпы, патриотизм – Отанға, туған жерге, өзінің мəдени ортасына деген сүйіспеншілік. Адамның бойындағы күш-қуаты мен білімін Отан игілігі мен мүддесіне жұмсау, туған жерін, ана тілін, елдің əдет-ғұрпы мен дәстүрін құрмет тұту сияқты патриоттық құндылықтар тал бесіктен бойымызға сіңе бастайды. Патриотизмнің бастау негіздері – се¬нім, үміт, адалдық. Әркім бола¬шағына, еліне сене білуі маңызды.
Ал осы сенімді қалай қалыптастырамыз? Әлбетте айтып берген тәрбие тәрбие болмайды. Оны өскелең ұрпақтың, барша қазақстандықтың бойына тек көрсетіп қана дарыта аламыз. Сарбаз көрсе қызықпайтын жас, талпынбайтын бала жоқ. Олардың сымбатты болмысы мен жүріс-тұрысына, әрбір әрекетіне еліктеп, өздерінің бойын да олардан көргенін дағдыларға үйрете бастайды. Ал сол әскери адамдардың әсем әні мен жұрт тамсанар өнерін көпшілік көре білмейді.
Десек те аудан тұрғындары үшін бұл мүмкіндік орын алды. Нақтырақ айтар болсақ, таяуда аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, шекара қызметінің ән-би ансамблі Елордадан арнайы келіп, аудан халқына шаттық сыйлады.
Халықтың ұлттық рухын көтеріп, Отанға деген сүйіспеншілікті, патриоттық сезімді арттыру мақсатында қолға алынған бұл шара өз дәрежесінде өтіп, алға қойған мақсатқа жетті деп анық айта аламыз. Сахнадағы әскерилердің өнері жиылған жұртшылықты елең еткізбей қалдырмады. Шарада патриоттық әндер мен күйлер әуелеп, шетел композиторларының шығармашылығы да ұсынылды. Олардың өнеріне тамсанған халық тік тұрып қошемет көрсетсе, аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Б.Махатов кеш соңында барша аудан тұрғындары атынан алғысын айтып, өнерпаздар жергілікті халықтың ризашылығына бөленді.
"Толқын" ақпарат

17 қыркүйек 2023 ж. 300 0