Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Теңіз жайлы ойлансақ...

Теңіз жайлы ойлансақ...

Кіші Арал теңізі жағалаудан қашып барады екен. Бұрынғы толқын соғып жатқан құм белдеу алыстап қалыпты. Кей тұста қайтқан табанда аяқ алып жүргісіз ұйыққа тап боламыз. Ондай жерлерді айналмасақ, тікелеп жүру мүмкін емес.
Адамзатқа Арал қасіретінің, Арал тағдырының көптен бері өкінішті жай болғаны айтылып та, жазылып та жүр. Адам қолымен жасалған апаттың енді қалайша жөнге келіп, қалайша қалыпқа түсері белгісіз.
Бүгінгі күні Ұлы теңіздің емес, оның бөлініп алынған бөлігінің тағдыры қыл үстінде тұрғандай. Арал теңізін Үлкен Арал, Кіші Арал деп бөлген Көкарал бөгетінен су екі метрдей түсіп кеткен. Көкаралдың тоғыз қақпасынан буырқанып-бұрқырап ағатын ағынды қазір табу қиын. Есепсіз мол су қайда кетті? Үлкен Аралға жете алмай жұтылған суды зерттеп-зерделеп жатқан кім бар? Қазекеңнің «судың да сұрауы бар» дейтіні бекер емес, берекесіз ысырап өкіндірмесе қуантпайды.
Кіші Аралдың деңгейі түсіп тұздануы балық шаруашылығына кесірін тигізуде. Бүгінгі күні судың тұздылығы 13-22 промиль аралығында, оның 60 пайыз бөлігінде балықтар уылдырық шашып көбейе алмайды. Тұздылыққа шыдамды камбала ғана (60 промиль). Дәл осылай теңіз деңгейі төмендей беретін болса, төрт-бес жылда балықтар қырылып, Кіші Аралдың баяғы Ұлы теңіз сияқты деградациялануы басталады. Жағалаудағы ата кәсіпті меңгерген жандарға мұның оңай соқпасы анық.
Теңізге деген қатігездік кешегі кеңес заманында істелінді. Аму мен Сыр қос өзенді ауыл шаруашылығы қажеттілігіне деген ұранмен есепсіз пайдалану, Қарақұм каналының салынып, шөл даланы гүлзарға айналдыру теңізге соққы болып тиді. Аралдың баяғысындай асау толқыны аспанға шапшып жататын кезінің келмеске кеткені ақиқат. Кіші теңізді сақтап қалудың өзі үлкен проблема болғалы тұр. Бір кездегі Сібір өзендерін Арал теңізіне бағыттау секілді ой қиялға айналған. Оған су керек, Амудан да Сырдан да су келмегесін Ұлы теңіздің шөлге айналары анық еді.
Сонау Кеңес Одағы ыдырар кезде, 90 жылдардың басында теңіз болашағының бүкіл халық назарына ілініп, «Арал тағдыры – адам тағдыры» деп жалаулатқан кез ойға оралады. Біздің ауыл Ақбастыға да мемлекеттік деңгейдегі комиссиялар келген. Қазақ, өзбек елдерінің Аралды қорғау қоғамдық ұйымы мүшелері теңізді тікұшақпен жағалап, көп жайларды көздерімен көрді.
2000 жылдары Көкарал бөгетін салу идеясы қолға алынды. Алғаш топырақпен екі бөлінген Арал теңізі Үлкен Арал, Кіші Арал болды. Кіші Аралды суға толтыруға болатыны дәлелденді, алайда көктемгі сәуірдің қатты дауылы құм бөгетті бұзып кетті. Осыдан кейін тоғыз қақпалы Көкарал бөгетін салу жұмысы басталды. САРАТС-1 (Сырдария арнасын реттеу Арал теңізін сақтау) жобасы іске қосылды. Оның мақсаты: Арал теңізінің экологиялық ахуалын жақсарту, теңіздегі балық қорын молайту, сол арқылы әлеуметтік-экономикалық жайды оңтайландыру еді. Балтық теңізі деңгейімен есептегенде судың 42, 44, 46, 48, 50, 51, 52 шкаласының ең төменгісі таңдап алынды. Оған басты себеп: Сырдария суы жеткіліксіз болады делінді. Егер әуелден 48 немесе 51 метрлік деңгей таңдап алынғанда Кіші Аралдың Арал қаласына жетіп, Сарышығанақты толтырып, Көкарал аралының батыс жағындағы Жағыс өзегі арқылы Ақбасты ауылының алдымен Үлкен Аралмен байланыстыруға болатын еді. 2005 жылдың күзінен кешеге дейін тоғыз қақпалы бөгет (кейде шлюз дейді) арқылы қисапсыз су құмға жұтылып кетті. Бүгінгі күні соның киесіне ұшырып отырған жайымыз бар.
Осыдан біраз бұрын, Кеңес Одағы ыдырар алдында, 100 мың гектар Сарышығанаққа су апару мақсатымен Аманөткел ауылы тұсынан канал қазылып, іске аспай, күллі техника, құрал-жабдықтар желдің өтінде, құм астында көмілген болатын. Сонау Челябинскіден әкелінген адымдағыш экскаваторлар да далада қалды.
Арал теңізі табанынан ұшқан тұзды шаң Солтүстік мұзды мұхит айсбергтеріне жеткені туралы естіген едік. Кеше ғана Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында қырғыздардың жүк көліктері кеденнен өте алмай ұзын шұбақ кезекте тұрғаны айтылды. Бұған себеп: көршімізден келетін су мөлшерінің тым аздығы болыпты. Іле әлемжеліде биік таулардағы қар мұздақтарының еріп кеткендігі көрсетілді. Кейде желідегілердің қисынсыз әңгімелерін естіп жатамыз, бірақ мынаусы шын сияқты. Бұл ғана емес, теңіздің тұзды шаңы Грузия шай плантацияларына зиян келтіргені де болған. Осындай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Мыңдаған шақырым қашықтыққа ұшатын Арал тұзының зияны ертеңгі күні де қайталана бермек. Демек, Арал теңізі проблемасы бүкіл дүниежүзілік бас ауыртатын қауіп екендігі шындық.
Осы уақытқа дейін Өзбекстан Сырдың бойынан тоғыз су қоймасын салып, 40 миллион адамның суға қажеттілігін шешіп тастаған, біздікілер Көксарай су реттегішін тұрғызды. Мақсаты– Сыр бойындағы елді мекендерді тасқыннан аман сақтау болғанымен, теңізге келер су мөлшері азайып кетті. Сырдарияның төменгі жағы тым тайызданып кеткен, тіпті әр жерден кесіліп қалу қаупі айтылуда.
Амудариядан келетін су да жартымсыз, бұрын Қарақұм каналымен ағатын өзен, Ауғанстанда талибтер билікке келгелі құны 684 миллион доллар болатын, ұзындығы 250 шақырым, ені 100 метрлік Кош Тепа каналы құрылысын бастады. Ол 2028 жылы аяқталады, ал Аралға су қайдан келеді?
Әлемжеліде өзағамыздың Өзбек Ата жобасы жайында айтылды. Олар Аралға сонау Қара теңізден Каспий арқылы канал қазуды қолға алмақ екен. Аталған жоба іске асатын болса, теңізге келер су мөлшері көбейер еді.
Тағы бір жазбада Жер-Анамыздың соңғы кездері мінез көрсете бастағаны баяндалыпты. Әлемдегі көптеген көлдер, сарқырамалар өзінен-өзі тартылып қалуы жиілеп кетіпті. Оған бірнеше мысалдар келтірілді. Бұл Жер-Анамыздың табиғатқа мейірімсіздікпен қарағандарға реніші емес пе екен? Қоршаған ортаға адамның қамқор болу керектігін Ұлы Жаратушы ескертіп тұрған жоқ па екен?
Шын мәнінде, Арал теңізі Орта Азия мен Қазақстанның климатына тікелей әсер етіп, шөлейт сахараны бір қалыпты ұстап тұратын термостат секілді. Енді жылдан-жылға деңгейі түскен сайын құм суырған дауыл күшейіп, бұл аймақтың экологиялық ахуалы төмендеп барады. Осы жерден алыс емес Байқоңыр ғарыш айлағының да оған тигізіп отырған әсері орасан болып тұр. Жоғарыға зымыран ұшырылған сайын аймақ тұрғындары екі-үш күндік құм боранының астында қалады. Теңізден айырылсақ ұланғайыр өлкенің Африкаға айналары хақ. Сондықтан Орта Азия мемлекеттері мен Қазақстан ортақ мәмілеге келіп, оны сақтап қалу шарасын қарастыруы керек. Ал әркім өз қамын ойлап жеке амбициялары жетегімен кетсе, мұның арты орны толмас қасіретке айналады. Өткен ғасырдың ортасындағы теңізді қалпына келтіру мүмкін емес, дегенмен Сыр мен Амуды тиімді пайдаланып, экологиялық жағдайды біршама сауықтыруға болады. Батыс Еуропада Шварцбальт тауынан басталатын Дунай өзенін Германия, Австрия, Венгрия, Румыния, Болгария бастаған он мемлекет өзара келісіммен тиімді пайдаланып отыр. Сондай-ақ су қолдану, суды ысырапқа ұшыратпай мәдениетін қалыптастыру керек-ақ. Ол үшін трансшекаралық өзендерді қолданудың ғылыми тұжырымдамасын ұстанып, үкіметаралық келісімдер жасалынғаны мақұл. Осындай құжаттарға бағынған елдер ортақ мәмілеге келсе, аймақтың экологиялық ахуалы түзеліп, ең бастысы теңізге келетін су мөлшері артар еді. Сыр бойындағы үнемі суда тұратын күріш секілді дақылды еккеннен гөрі азғантай ылғалда өсетін, өнім беретін өсімдіктерді өсірсе, тамшылатып, жаңбырлатып суғару жұмыстарын қолға алып, барынша үнемдеу шаралары жүргізілсе, Арал теңізі мәселесі біршама шешілер еді.
Теңіздің қиыншылықты жайы шешімін тапса, жағалау бойындағы ата кәсібімен айналысып отырған жандарға жақсы болар еді, керісінше болса сандаған ауылдың қаңырап қалуы мүмкін, онсыз да қалаға үдере көшкен еліміздегі урбанизация үдерісі шарықтап тұр.
Әңгімемізді Кіші Арал теңізінің жайын қозғаудан бастаған едік, соған оралайын. Алдыңғы жылғы қыс Арал теңізі аймағында өте қатты болды. Қыс бойы қар жаумай, құм бораны соқты, жер көктемей, төрт түлік қырғынға ұшырады.
Теңіз жанашырлары «Тұран қоғамдық бірлестігін» құрып, 2022 жылы 15 мамырда «Аралға су келе ме?» акциясын өткізді. Теңізбен тағдырлас жандар Көкарал бөгетінің жөнделуін, Кіші Арал теңізіне судың молаюын, экологиялық жайдың сауығуын, әлеуметтік-экономикалық ахуалдың жақсаруын жоғарғыдағылардан талап етумен болды.
Акция күндері САРАТС-2 жобасымен жұмыс жасауды қолға алмақ ирандық кәсіпкерлермен байланыс орнатылды. Олар Көкарал бөгетін көтерудің және бекітіп тастаудың төрт жобасын ұсынды. САРАТС-2 жобасы қолға алынса, Арал аймағы жұртшылығы болашаққа үлкен үмітпен қарайды.
Өтебай СЕРӘЛІ,
Ақтөбе қаласы
20 қыркүйек 2023 ж. 582 0