Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жерік ас – мінез айнасы

Жерік ас – мінез айнасы

Қазақ аяғы ауыр әйелді ерекше қадір тұтқан. Дені сау ұрпақты өмірге әкелуі үшін баланың ана құрсағында-ақ жақсы қорек жинап, жетілуін басты назарға алған халқымыз әсіресе болашақ ананың ішіп-жемін жіті бақылауда ұстаған. Бойына бала бітісімен-ақ кейбір аяғы ауыр әйелдердің асқа тәбеті шаппай, жерік болады. Жеріктіктің емін табу да өте қиын. Бұл кезде әйел адам ағзасында болып жатқан өзгерісті қабылдай алмай, кейбір тамақтар, иіс жүрегін айнытады. Аңсары ауған дәмді де дөп басып айта алмай қиналатын әйелдер бар. Әйелдің осындай болмысы мен жерік асына қарап та дана қазақ болашақ баланың мінез-құлқының қандай болатынын болжаған.
Келінінің аяғы ауыр екендігін естіген енесі «Құрсақшашу» тойын жасайтын болған. Бұл тойға кыз-келіншектер жиналады. Әркім үйінен болашақ анаға арнап түрлі дәм алып келіп, ауыз тигізетін болған. Осы арқылы келіннің қандай асқа жерік екендігін біліп отырған.
Кейде бала өмірге келгеннен кейін аузынан су аға беретін болса, үлкендер «келіннің жерік асы қанбаған ғой» деп отырады. Баланың толыққанды жетілуі де жерік асын қана жеуіне байланысты. Жерік болған кезде жеген аста да көп мән бар. Тіпті баланың болашақта кім болып өсетіндігін де анасының тәбеті тартқан асына қарап та болжайтын болған. Бұл ғылыми түрде де дәлелденген деседі. Мысалы, анасы көкөніске жерік болса, бала ширақ, елгезек, өмірге құштар болады екен. Ал кесек, көмірге жерік болса, бала болбыр, өмірге икемсіз болмақ. Ал өзінің пісірген тамағын немесе өз үйінің дастарқанынан дәм татқысы келмей, басқа біреудің үйінен дәм татқысы келіп тұрса, бала келешекте үйде тұрмайтын, үнемі түздің тірлігін тындыратын бала болып өседі екен. Жерік ананың қалауын тауып, тойдырған адам сауапқа қалады деген де ырым бар. Сондықтан құрсақ тойға келген әйелдер көбінесе жерік болған әйелдің көңілін табуға тырысады. Бір жағынан, бұл тойда не жерін білмей, әр нәрсеге аңсары ауып жүрген болашақ анаға көп көмегін тигізеді.
Шыны керек, жеріктік аяғы ауыр әйел үшін аса бір ауыр кезең. Ол бала пайда болған алғашқы үш айда әйел адамның ағзасында болатын өзгерістерге сай болатын құбылыс. Медицинада әйел адамның жерік болуы оның денсаулығының нашарлауына алып келеді. Бұл құрсақтағы баланың дамуына да кері әсерін тигізеді. Сондықтан жеріктіктің басылуы үшін түрлі амалдар да жасалған. Тіпті итжерік болып, сұлық түсіп жатқан әйелге итаяқтан ас ішкізген деген ырым да бар. Мұндай халықтық ырымдар көп жағдайда оң нәтижесін беріп отыратын болған.
Бірақ қазақ жүкті әйелге түйе етін жегізбеген. Этнограф Бағдат Мүптеқызының айтуынша, түйе өзінің төлін он екі ай көтеретіндіктен, оның етін жеген келіншектер жүктілікті дәл солай өткерген.
"Жалпы түйе өзінің төлін он екі ай көтеріп жүретінін барлығы білетін шығар. Осыдан да жүктілік кезінде түйенің етін жеуге болмайды деген ұғым қалыптасқан. Босанар мерзімі өтіп бара жатқан келіншектен "түйенің етін жеп алғансың ба?" деп сұраған. Бұл ырымның қазақтарда бары рас. Шынында да түйе етін жеген келіншектің жүктілік мерзімі ұзарады", – дейді этнограф.
Түйенің етінен басқа тағамның бәріне рұқсат бар. Тіпті кейбір жүкті әйелдер түсінде қасқырдың жүрегін, аюдың етін жегенін көріп, өңінде сол асқа тәбеті шауып жерік болған деген аңыздар да бар. Әрине, мұны естіген күйеуі қалайда сол асты әкелу үшін тәуекелге баратын болған.
«Жерік асын жеген жетілер...» деп те жатады халқымыз. Болашақ ана қажет еткен әрбір ас өзінің ғана емес, бойындағы баланың да жақсы жетілуіне және өның өмірге дені сау болып келуіне, мінезі мен болмысының қалыптасуына септігін тигізеді.

Назерке МАРАТҚЫЗЫ
26 қыркүйек 2023 ж. 340 0