Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Гендер пати: Қазаққа тән бе?

Гендер пати: Қазаққа тән бе?

Әр елдің өзіне ғана тән салт-дәстүрлері болатыны белгілі. Дегенмен соңғы уақыттары қазақ халқының әдет-ғұрыптары өзгеріп бара жатқаны жасырын емес. Батыстан келген сән мен салтанат қатары күн санап қазақ қоғамында үйреншікті жағдай болып барады.
Ертеде құрсақ көтерген жас ана тіл-көзден сақтанып, ішін білдірмей жүруге тырысатын. Тіпті әжелеріміз де келінінің жүкті болғанын білсе де жалпақ жұртқа жария етіп сүйінші сұрамаған. «Екіқабат әйелдің бір аяғы жерде, бір аяғы көрде» деп, болашақ ананың жанында қауіп-қатердің көп болатынын ескерген. Жүктілік кезеңі əйел үшін қиын болатындықтан, оны барынша сырт көзден, сұқты жанарлардан сақтанған. Қасиетті Құранда «Сонда оған (әйелге) жүктілігінің әр күні үшін күндіз ораза тұтқанның, түнде Аллаға құлшылық еткеннің сауабы жазылады» делінген. Бұл кезеңнің өте жауапты екенін осыдан-ақ біле беруімізге болады.
Ал қазір ше? Жүкті екендігін жария етіп, түрлі әлеуметтік желі парақшасына жариялап тастайтын аналар жетерлік. Тіпті бойға біткен баланың ұл немесе қыз екендігін анықтап, шар жарып, торт кесіп «гендер пати» рәсімін жасап жатады. Яғни, торт пен шарға құрсақтағы бала ұл болса көк түсті қолданады, ал қыз болатын болса қызғылт түсті қолданып жатады. Жалпы бұл рәсімнің біздің қоғамға келгеніне көп бола қоймады. Ағылшынның «gender» сөзінен шыққан сөз жынысы дегенді білдіреді. Міне, осылайша құрсақтағы дүниеге енді келетін баланың жынысын анықтап, оған сай киімдер жинап бастайтын бүгінде трендке айналған жат дүние қазаққа әдет болып барады.
Ал енді босанғаннан кейінгі ана мен сәбиді ауруханадан алып шығу рәсімінің бүгінгі келбетін айталық. Биік көліктермен келіп, түрлі-түсті шарлар мен тіпті арнайы аниматорлар жалдаймыз. Түрлі аспаптармен ән салып, шағын той етіп шығарып алатынымыз тағы бар. Әрине, бұл үлкен қуаныш. Дегенмен сол ауруханада баласы шетінеп немесе өлі туылып, қара жамылып отырған аналарды ойладық па? Сол думанды тойды үйге келіп-ақ дүркіретіп жасауымызға да болады емес пе?!
Ертеде қазақ халқы босанған әйелге арнайы қалжа беретін болған. Әйел босанарға таяу күндері аяқ-қолы бүтін ақсарбас қойды қалжаға дайындап қойған. Әйел босанған түні сол қалжаны сойып, оның оң жақ асық жілігі мен барлық мүшесін асады да, әйелге қалжа жегізетін болған. Қазақта «Менің де анам бір күні қалжа жеген» деген ұғым содан пайда болған. Қалжа жеген әйел қалжырамайды, кеткен қаны толығады деп есептеген. Кейін туыс-туғандарды шақырып, қалжадан ауыз тигізген екен. Бұл жөнінде Бауыржан Момышұлы атамыздың келіні Зейнеп Ахметова «Күретамыр» атты кітабында былай деген: «Кейбір өңірлерде қалжаны келін төркіндері әкелген. Сол секілді ағайын-туыс, дос-жарандар да қарап қалмаған. «Қалжасы үзілмесін» деп қуанышқа қойын өңгеріп келеді екен. Өйткені, бір әулетке ұрпақ сүйгізіп, айналасын қуантып отырған анаға арналған бұл дәстүрді жасау сауабы зор әрі абыройлы іс делінген. Ана мен баланың былайғы жерде дені сау, көзі қара болуы қалжаға тікелей байланысты болған. Бүкіл дене-мүшесі дел-сал болып жатқан әйел күнде күйлі қойдың жас сорпасын ішіп, етін жеген сайын күш-қуаты қалпына келіп, белі бекиді. Кездейсоқ кезігетін түрлі ауру-сырқауға қарсылық қуаты артады, сүті нәрленіп, құнарланып балаға жұғымды әсерін береді. Сәби күн санап ет алып, ширай түседі. Әйелдің денесіндегі ұйыған, қатқан қан, артық тұз секілділер термен шығып, бойы тазарады, көңілі сергиді, өңі ашылып, ажарланады».
«Ел боламын десең, бесігіңд түзе» демекші, әрбір салт-дәстүрлерімізді ұстанып, сырттан келген жат қылықтарға еліктемегеніміз жөн. Қазақ тойшыл халық екендігі белгілі. Дегенмен шектен тыс кетпегеніміз де жөн болар. Ал ұлды да, қызды да беретін бір Жаратушы. Сол үшін бала жынысын анықтап көпшіліктен сүйінші сұрағанды да азайтқынымыз дұрыс. Ал ана мен сәбиді ауруханадан алып шығар сәттегі думанды тойға айналған дәстүрімізге де шектеу қажет-ақ. Мұндай той сол ауруханадағы қара жамылған қазақ отбасына ауыр тисе, енді бірінің мұндай тойға материалдық жағдайы келмей жатады. Сол үшін шаңырақта той, қуаныш көп болғаны жақсы. Бірақ қанымыз бір өзге де жандардың тағдырын ойлап, мекеме алдын той-думанға айналдыруды қойғанымыз жөн.
А. НҰРЛАНОВА
16 қыркүйек 2023 ж. 452 0