Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Үзілмеген «туыстық»

Үзілмеген «туыстық»

Үзілмеген туыстық дегенге кейбіреулер өзі туыс болса, ол қалай үзіледі деуі мүмкін. Бұл туыстықтың өзіндік себебі бар.
Ол кезде Көкқабақ өңіріндегі шөп ауылда отырғанбыз. Ол кез деп отырғаным өткен ғасырдың 60-жылдары. Шөп ауыл дегенді қазіргі жастар білмейтін болар. 1956 жылы аудандағы барлық колхоздар совхоздарға біріктіріліп, 4 совхоз құрылды. Әр совхозда 4-5 ферма, әр фермада 28-30 отар, әр отарда 700-800-ден қой, енді есептей беріңіз, әр фермада қанша мал бар екенін. Міне, осы малдың қысқы азығын дайындау үшін 20-30 үй бір жерге жиналып, жаздай шөп шауып дайындайды. Осыны шөп ауыл дейді. Шөп дайындауға ауылдың үлкенінен бастап баласына дейін түгел қатысады. Аудан орталығынан көмекке жүз қаралыдай адамдар келеді. Оларды әлгі үйлерге 5-10-нан жатқызады. Ол кезде қазіргідей қуатты техника жоқ, кішкене "Беларусь" тракторы. Ол шөпті косилкамен шауып, тырмалап бакойлап бергені болмаса, басқаға жарамайды. Бакойдегі шөп өгіз, түйе шанамен бір жерге жиналады. Айдын Әбілов деген ағамыз болды, бригадир, таң бозара үй-үйді жағалап, жұртты оятып жүргені. Қолында қамшысы бар, бірақ ешкімді ұрмайды, сірә сес үшін ұстайтын болу керек. Тоқсаннан асып, Ескіұрада қайтыс болды, жарықтық жақсы адам еді. Лимаш деген қызы бар еді, көркем болатын. Оны Айжарық Сәдібековтің бір кітабынан кездестірдім, отбасы туралы жазған екен. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған бір ауылдың келісті бәйбішесі болыпты.
Бір күні біздің үйдің дәл іргесіне біреулер келіп үй тікті. Жаңақұрылыстан көшіп келгендер екен, киіз үйдің үзігі әр жерден жыртылған, үйді ішінен де, сыртынан да айналдыра тоқылған қоғамен қаптаған, еденге де жайманың орнына тоқылған қоға. Әдепкіде, Жаңақұрылыста ши жоқ па, бұл не деген қоға деп таң қалдық. Отбасында үлкен қария кемпір, екі ағайынды жігіт. Біз де екі ағайындымыз, екі отбасы ұқсас. Тек айырмашылығымыз олар бізден сәл үлкендеу және үйдің үлкені Жеткерген үйленген, Дәулетбике деген жеңгеміз бар. Ол кезде тұрмыс жалпыға бірдей нашар болатын, біздің үйдің де оңып тұрғаны шамалы, бірақ біздің үйде 4-5 сиыр бар, ағарған мол. Жеткергеннің үйінде тігерге тұяқ жоқ. Көрші болғасын екі үй тез-ақ тіл табысып, араласып кеттік. Қазақтың салтымен ерулік бердік. Екі кемпірдің достасқаны сондай, апалы-сіңлілі болып кетті.
Келесі жылы екі үйде бір отар қой алып, мал бағуға шықты. Екі үй қатар отырды, маңайда да біраз шопан үйлері бар. Апам дереу бір бағлан қозыны сойып, маңайдағы малшы әйелдерін шақырып, үме жасап, киіз бастыруға кірісті. Қой баққасын жүн жеткілікті. Көп ұзамай-ақ ауылдың әйелдері Жеткергеннің үйінің үзігін, туырлығын, тіпті еденге төсейтін оюланған киізге дейін бастырып, дайындап берді. Жеткергеннің інісі Жұбатқан, менің ағам Жаңабай бәріміз құм етегіндегі шиден ши жұлып әкелдік. Апамдар ауылдың әйелдерімен бірге оны тоқып, үйді айналдыра қаптап шықты. Үй баяғы құрым емес, жұмыртқадай аппақ үй болды да шықты. Бір күні Жұбатқан ағам үйленетін болды. Алатыны Аманөткелдің қызы. Аты – Айдай. Айдай десе айдай. Жеткергендерге әлі мал бітпеген, құдалыққа атайтын да, тойға соятын да мал жоқ. Сол кезде апам:
–Апа-ау, (менің шешем Жеткергеннің шешесі Құрманкүлді жасы үлкен болғасын апа дейтін) еш қиналма, сен қиналғанда мен қалай қарап отырам, біздің үйдегі бір бұзаулы сиырды құдалыққа атаңдар, екінші сиырдың былтырғы баспағын тойға сойыңдар, сендердің қуаныштарыңа бергеніміз,– деді.
Мәселе оңай шешілді. 1963 жылы "Приарал" совхозының №1 Көкқабақ және №3 Жаршағыл фермаларының жерін әскерилер сынақ жасау үшін полигонға алды да, бұл фермалар жан-жаққа ыдырап көшуге мәжбүр болды. Біздің үй малдан шығып, қалаға көшіп келдік. Көшерде апам қолда бар 5-6 ірі қараны Жеткергендерге басыбайлы тастап кетті. Мен мектеп бітіріп, жұмысқа тұрдым. Осы аралықта шешем қайтыс болды. Әскери борышымды өтеуге армияға кеттім. Әскерден келгенше Құрманкүл апам да бақилық болыпты. Мәдениет бөліміне бұрынғы орныма орналасып, Бұзаубай ағамыздың бортовой машинасымен Жеткергкендерге көңіл айту үшін келіншегім екеуміз Көкқабақ жаққа жүріп кеттік. Жеткергендер әлі сиыр бағады, қысты Аққұлақта қыстап, жазда Көкқабақ жақты жайлайды. Барсақ, Жеткергендер баяғы өзім қой баққан құдықта отыр екен, қой баққан жерлерім, мал суарған құдығым көзіме оттай басылды. Жеткерген мен Жұбатқан әлі енші алыспаған, бірге тұрады. Бір-екі күн аунап-қунап, Дәулетбике мен Айдай жеңгеміздің сый-сияпатын көріп, қалаға бет алғалы жатсақ, ағаларым машинаға дыраудай екі сиырды тиеп қойыпты.
– Оу, аға, бұларың не, мен сіздерден мал алайын деп келдім бе, сіздерге қайыр айтайын деп келдік қой, мына сиырларды машинадан түсіріңдер, керек емес, – дедік.
Бірақ ағаларым:
– Айналайын, апам қалаға көшкенде бар малын бізге тастап кетті, бұл соның өтеуі емес, жаңа отбасы құрып жатырсыңдар, әрі мына келін де үйге бірінші келіп отыр, бұл өзіміздің беріп жатқанымыз, қалаға барғасын сатып, бір кәделеріңе жаратарсыңдар, – деп болмады.
Амалсыз алып кетуге мәжбүр болдық.
Жеткергендер сиыр бағуға шыққасын күйленді. Қаладан ағайынды екеуі қатар жер алып, сыңғырлаған екі үй салып алды. Еншілерін сонда ғана бөлісті. Бірақ, еншілерін алысты дегені болмаса, екеуі Жолжан базда сиыр бағуды жалғастыра берді. Бір жылы қысқа таман Жеткерген ағам үйге келді. Қолында іші тырсиған үлкен қанар қап. Сөйтсем ағам соғымға түйе сойып, соның бір аяғын әкеліп тұр екен.
Бір күні бір ағайынның тойында отырсам, қасыма бір танысым келіп отырды. Бір кезде әлгі танысым:
– Жәке, сендерді Жеткергендердің үйінде болған садақа, тойларда үнемі көремін, сендер Қият, олар Татыран, қандай байланыстарың бар?– деді.
– Оу, менің шешемнің руы Алтынбай, Жеткергеннің шешесі де Алтынбай, екеуі апалы-сіңлілі емес пе?!
– Қайдағы Алтынбай, Құрманкүл апамыздың руы Татыран ғой, қалай рулас болады?
– Жеткергеннің руы Татыран, шешесі қалайша Татыран болады? – десем,
– Жеті атадан өткесін бір-бірінен қыз ала берген ғой, – дейді.
Мен не айтарымды білмедім. Сөйтсем біздің ешқандай туыстығымыз жоқ екен. Адалдықтың, бауырмалдықтың биік үлгісін жасап кеткен, қайран аналарым-ай! Неткен сыйластық, неткен татулық десеңші. Сол кездері тұрмыстың кем-құтығына қарамай, бір-біріне сенікі, менікі демей қарайласып, көмектесіп отырғаны – бүгінде әркімнің қолынан келе бермейтін шаруа. Жеткерген, Жұбатқан ағаларым да, Дәулетбике, Айдай жеңгелерім де бүгінде арамызда жоқ. Кейде сол ағаларым мен жеңгелерім есіме түскенде көңілім босайды. Ешкімге ауыр сөз айтуды білмейтін, жаманшылығы жоқ, ақкөңіл, тек күлімдеп қана жүретін керемет жақсы адамдар еді.
Мал шаруашылығын дамытуда Жеткерген, Жұбатқан Рзамбетовтер ауданда абыройы биік белгілі адамдар болды. Артында ұрпақтары, ұл-қыздары бар. Араласып тұрамыз. Арада 60 жыл өтсе де сол үлкендер салып кеткен «туыстық» жол әлі үзілген жоқ.
Ж.ТӨРЕБЕКОВ
26 қыркүйек 2023 ж. 203 0