Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Лудомания – адамзаттың індеті

Лудомания – адамзаттың індеті

Соңғы жылдары елімізде құмар ойынға шалдығып,  қолдағы барын бәске тігіп, қиын жағдайға душар болып жатқандар қатарының артуы елді алаңдатып отыр. Тіпті кейбір жандар қалтасындағы соңғы тиынын санап, букмекерлік кеңсеге түнейтін жағдайға жеткені де рас.
Лудоманияны ХХІ ғасырдың ауруы деп атайды. Елімізде бұл індеттің осындай ауқымға жетіп отырғаны ел-жұртты қынжылтады. Мемлекет басшысы Қауіпсіздік кеңесінің отырысында халық арасындағы құмар ойынға тәуелділік мәселелерін көтерді. Осы тұрғыда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: "Соңғы жылдары Қазақстанда ойынға тәуелділік жағдайы кең ауқымға ие бола бастады. Кейбір отбасылар  үшін бұл үлкен трагедияға айналды. Лудоманиямен күресте тәрбие және түсіндіру шараларына ерекше назар аудару керек" деп, құқық қорғау органдарының назарын құмар ойындармен байланысты қылмыстарға аударып, ерекше ойын тәуекелі аймағында қалған жастармен жұмыс істеуге көп көңіл бөлуді тапсырған болатын.
– Лудомания – аурудың бір түрі. Сол себептен мұндай науқасқа шалдыққан жандар жалған сезімнің жетегіне жиі еріп, оңай олжаны қайдан тапсам екен деп шарқ ұрып тұрады. Негізінен ойынқұмар адамдар бір рет ұтып алса, осы жетістігін ылғи қайталай бергісі келеді. Нәтижесінде тәуелді болып қалады. Соның салдарынан оның бойында үрей, қорқыныш, жек көрушілік, өкініш, реніш сезімдері қалыптасады. Сөйтіп ол бірте-бірте туған-туыстары мен достарынан алшақтай бас¬тайды, – дейді психолог Нұрсұлу Тілеуова.
Жеңіске жету үшін бірде-бір ойыншы ойнамайды,  олар жоғалту үшін ойнайды. Осындай жағдайға тап болған  адам  тәуелділіктің жоқтығын, бірақ ақшасын қайтаруға немесе қарызын төлеуге деген ұмтылыс бар екенін айтады.  Өкініштісі, тек бұл ғана емес, үй-үйге жиналып карта ойнаушылар да жетерлік. Мұндай ойынға, картаға тәуелді болған жандар бар тапқан-таянғанын бала-шағасының аузынан жырып, бәске тігуді намыс көрмейді. Бұл әрекетінен байып кеткен ешкім жоқ, керісінше тақырға отырғандары қаншама. Мұндай ауруға тап болғандарды мамандар «лудоманияға шалдыққандар» деп атайды. Олардың өмірге деген құлшынысы азайып, жалғыздыққа бейім келетінін айтады психолог мамандар.
– Әдепкіде картаға  әуестігім артып, достарыммен бірге барып жүрдім Кейін аталған ойынға келетін жігіттердің азғана уақыт ішінде ауқымды қаржыға ие болғанын көріп, қызыға бастадым. Сөйтіп бір күні мен де қалтамдағы соңғы ақшамды бәске тігіп, ұта бастадым. Әуелгі кезде ақшам көбейгеніне мастанып, қуанып қайтып жүрдім. Содан кейін "дәніккеннен құныққан жаман" дегендей, бұл жерге келгіштей бастадым. Бірде ұтып, бірде ұтылып жүріп ақыры мұны әдетке айналдырып алғанымды өзім де байқамай қалдым. Біршама уақыттан соң жан-жағымдағы туыс, достарымнан қарыз ақша сұрап, бәс тіктім. Соның кесірінен отбасымнан, бала-шағамнан ажырап қалдым. Сол күндер енді қайтып келсе, мұндай қадамға бармас бұрын әбден ақылға салып ойланар едім,– деп өкінішін білдірді Омар (атын атамауды өтінді) есімді азамат.
Бұрынғы кездері карта ойнауды егде кісілер ермек қылатын болса, бүгінде жап-жас жігіттердің карта ойнауды әдетке айналдырып, отбасы берекесін қашырып отырғаны көңіліңді құлазытады.
Бүгінде Оңтүстік және Солтүстік Корея, Қытай, Түркия мен Израиль, Сауд Арабиясы мемлекеттерінде бәс тігуге мүлдем тыйым салынған. Егер заңға бағынбайтын болсаңыз, айыппұл төлеуге міндеттелесіз. Ал бізде ше? Бізде заң талаптарына сәйкес 21 жасқа толмаған адам букмекерлік кеңселерге кіре алмайды.
– Ойынға құмарлық  адам өз-өзін басқара алмаудан, өз әрекетіне жауап бере алмаудан туындайды. Бұл – өте кең таралған тәуелділік. Адамның өмірге деген қызығушылығы азайып, бақылауды жоғалтып, типті эмоционал реакциялар көрсетеді. Ол науқастың әлеуметтік бейімделуіне, кәсіби жұмысына, жеке өміріне және қаржы жағдайына ауыр әсер етеді. Бұл ауруды емдеу тәсіліне  психотерапия, дәрілік терапия, қолдау топтарына қатысу жатады. Мұндай тәуелділікке шалдығу себептеріне өзін-өзі бағалай алмау, жұмысқа, жетістіктеріне қанағаттанбау, материалдық жағдайға шамадан тыс назар аудару, жалғыздық сезімі, достары, туыстары тарапынан түсінбеушілік, отбасындағы шиеленіс сынды факторлар әсер етеді, –дейді психолог Н.Тілеуова.
Тарихқа зер салсақ, құмар ойындардың тарихы ежелден бастау алады. Сонау 1700-1709 жылдары құмар ойын арқасында британ колонияларын тамақтандырған. Қытайда аталған ойындардан түскен қаражатқа бүкіл бір армия қаржыландырылған екен. Немістерде жеңіліс тапқан ойыншы өз азаттығынан да айырылып, ортаға тігер ешнәрсесі қалмағанда, құл болып кетуге де барған деседі. Оның кең етек жайғандығы соншалық, құмар ойындар турасында әдебиет пен өнер де құр алақан емес. ХVІ ғасырдағы Виллем Дейстер, Жорж де Латур, Караваджолардың құмарлықтың тағдырға әсері хақындағы танымал картиналары да дүниеге келген.
Ойын автоматы ең алғаш 1887 жылы Англияда ойлап табылған. Өз жұмысын ойыншы қаржысын аппаратқа салғаннан кейін ғана бастайды. Адамды қызықтыратын ең тартымды тұсы өміріңде жеңіп ала алмайтын, бос сандырақ «джекпот» екен. Викторина, лотерея және ұтыс ойындарын – құмар ойын деп ойламауымыз да мүмкін. Десек те, күнделікті жеңіл жолмен ұтысқа кенелу әркімнің қалайтын дүниесі. Жоғарыда айтылған құмар ойындардың әрбір түрінің айтарлықтай қаупі бар. Мемлекетімізде адам бойында пайда болатын бұл дертке байланысты заң да қалыптасқан.
Түйін. Қазақ танымында құмар ойыны деген ұғым болмаған. Бұл – біріне бизнес болса, біріне құмарлығын қанағаттандыратын іс болып табылатыны белгілі. Бұл дерт қазақ қоғамы ғана емес, адамзаттың індеті десек болады. Отбасының берекесін қашырып, азғындыққа апаратын бұл індеттен әр адам өз құмарлығы мен нәпсісін тыя білгені дұрыс. Құмар ойынға салыну өз өміріңді құрдымға жіберу деген сөз. Сондықтан өз өміріңіз өз қолыңызда екенін біле жүрейік.
К. МАХСҰТ

30 қыркүйек 2023 ж. 1 145 0