Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Азартник немесе құрдым қақпасына жол

Азартник немесе құрдым қақпасына жол

Неге бұлай атадық. Себебі бұл қоғамда ең өзекті мәселелердің біріне айналып келеді. Қазір қазақ қоғамы түрлі мәселелермен бетпе-бет келіп жатыр. Әсіресе ата-ана байғұс баласын түрлі теріс әрекеттерден қорғаштап, айналадағы әртүрлі ұйымдардан аластатып әлек. Арасында біз айтпақ болған құмар ойын да бар. Бір анығы, мұның жолына түскен адам оңайшылықпен қайта қалпына келе қоюы екіталай. Байқағандары дер кезінде дабыл қағар. Ал дымы ішінде болып, үй іші мен айналасына ештеңе сездіргісі келмейтіндер мәселені өз бетінше шешуге әрекеттенеді. Бұл өте қате ұйғарым дер едім. Өйткені оның жетегінде жүргендер алғанды жабамын, бірді екі қыламын деп жүріп-ақ өзінің құрдымға кеткенін сезбей қалады. Соны ұғынса қане?!

«Бәс» деген сөз сонау ерте замандардан қалыптасқан. Біз тұрмақ ата-бабаларымыздың өзі елде көңіл көтерудің бір түрі саналған түрлі сауық-сайрандарда ат шаптырып, құс салдырып, тазы жүгірткен. Бір қарағанда аңшылық әрі серілік салт болып саналған ұлттық үрдістердің өзін әлдебір азаматтар бәске айналдырып, бақ пен бапты қатар шаптыратын. Келе-келе мұның жалғасы топтық тартыстар мен үлкен ұсыныстарға ұласты. Нәтижесінде "мал-мүлкін немесе қолындағы барын картаға ұтылыпты" деген әңгімелер қалған. Демек құмарлық пен құштарлық – нәпсінің жауы. Дер кезінде тыйып үлгермесе, құмарлық сол кездің өзінде талай алтын бастарды кірлеткен. Азғындық пен арсыздық та содан шығады емес пе? Бұрынғы кезде де ел ішінде мұндайлар болып тұрған. Ақпарат ағыны мен желінің мүмкіндіктерінен болар қазір құмар басатын ойынның түр-түрі тарап жатыр. Сөз барысында айтқандай құмар ойынның тарихы әріде жатыр. Құмар ойындардың тарихы ежелден бастау алады. Бүкіл әлемдегідей, көне Үндістанда да ертеде сүйек ойыны белгілі болған. Ол жайында «Бхавишья-пурана», «Махабхарата» қолжазбаларында деректер сақталған.
Мәселен, осы кітаптардың бірінде сүйек ойынына берілген ханзаданың мал-мүлкінен, билігінен, тіпті, әйелінен айырылғандығы хақында жазылған. Грек-рим тарихы да құмар ойындардың болғанын дәлелдеді. Ал немістерде жеңіліс тапқан ойыншы өз азаттығынан да айырылып, ортаға тігер ешнәрсесі қалмағанда, құл болып кетуге де барған деседі. Қытайда құмар ойындардың арқасында бүкіл бір армия қаржыландырылып отырған екен. 1700-1709 жылдары оның арқасында британ колонияларын тамақтандырған. Бірнеше жыл артқа салып, америкалықтар лотореяны білім беру жүйесіне пайдаланған. Бастапқыда тек сүйек лақтыру арқылы ғана ойналатын ойын 1423 жылдары картаға көшкен. Қазір де оның бірнеше түрі танымал. Құмар ойындардың дамуы кезкелген адамның ойнау құқығы бар ғимараттардың іске қосылуынан басталды.
«Кено», «Олимпбет», «Фонбет», «1х бет», «Казино», «777», «Құлыс» немесе «Ази» сынды құмар ойын түрлері елімізде белең алып отыр. Бұл біз атын жиі естіп жүргендер ғана. Бұдан бөлек елімізде ойын автоматтарының сан алуан түрі пайда болған. Көбін ғаламтор арқылы ойнауға мүмкіндік мол. Ол үшін ойнайтын адам қасына серіктес табуға мұқтаж емес. Өзі оңаша қалса да бұл ойындарды қалта телефоны арқылы ойнай беруге мүмкіндік мол. Бұларға бастап құмартқандар алдымен қолындағысын салады. Кейін өзгеден қарыз сұрауға көшеді. Алғашында сенімнен шығу үшін алған қарызын айтқан уақытында қайтаруға тырысады. Сосын мүмкіндігі барлардан ірі мөлшерде қарыз алуға көшеді. Саламын да еселеп аламын деген жеңіл ой осылайша оны қарыз батпанына қамайды. Мұнан кейінгі ой – қарыздан құтылу. Жеңіл жолмен ақша айналдыруды әдет қылған жан қарыздан құтыламын деп қарызына қарыз жамайды. Ол әрекетінен дым шықпасын түсінгендер өзін тастап жібереді. Өзін дымға қауқарсыз, ешкімге керексіз жан ретінде сезіне бастайды. Осылайша ол құрдым қақпасына жол ашады.
Психологиялық тұрғыдан қараған мамандар, бұл дертке «лудомания» деген ат қойған. Оған көбінесе жастар ұшырайды. Лудомания – жасөспірімдердің психологиясына, рухани дамуына, сапалы білім алуына кері әсерін тигізеді. Осы ойындарға құмар болған адам түрлі қылмысқа барып та жатады. Бала түгілі, қазіргі уақытта үлкен адам да тәуелді болып жатыр. Әйелдер арасында да жиған-тергендерін ойынға құйып жіберетіндер бар екен.Олар өздері қалай тәуелді болып қалғанын білмей қалады. Бұл олардың мінез-құлқына кері әсерін тигізеді. Мұны дерт десе де болатын шығар. Мұның соңы қиын болуы бек мүмкін. Десе де өмірден құнды ештеңе жоқ.
А. ҚАРАСАЙ
11 сәуір 2023 ж. 577 0