Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қазақтай дана халық жоқ, бәйгеге баптап ат қосқан...

Қазақтай дана халық жоқ, бәйгеге баптап ат қосқан...

Тектілік негізі болып саналған жылқы жануарынан қазақ халқы өзіне ұқсастық тауып, түрлі теңеулер айтып жататыны бізге бесенеден белгілі ғой. Сонау көшпенді дәуірге көз жүгіртсек ер жігіт үшін жылқыдан өзге дос жоқ, сәйгүліктен асқан серік жоқ екенін жақсы білетін болармыз. Тіпті, қазақ тарихындағы қайсыбір дастандар мен батырлар жырын алар болсақ онда есімі аталған ел батырымен қоса оның жанындағы серігі арғымақтың да есімі бірге аталады.
Міне, осы мысалдарға қарап жылқы жануары халқымызға қашанда қорған әрі айшылық алыс жерлерден хабар алуда және хабар беруде таптырмас нағыз көмекші болған. Сол жануарға деген жақынды әлдебір қызығушылық қазіргі жаңа буынның да жадынан шыға қоймаған. Тіпті, сол жылқының шабысы мен тыпыршыған қимылынан, тіпті оны күтіп баптаудан ләззат алатын қазақ баласы әлі де көп. Ал, сол жылқылардың шабысынан шабыт алып, аламан десе делебесі қозатын ағайын арамызда әлі де бар. Арғымақ баптап аламанға қосу үрдісі атам заманнан келе жатқаны содан шығар.
Бұрынғы бабаларымыз ұлан-асыр астарда адам мерейін емес ауыл-аймақ мерейін үстем ету үшін тұлпарларын талай мәрте тартысты бәйгелерге қосқан. Сол арқылы арғымақтың және атбегі мен шабарманың, сондай-ақ оның иесі саналған ауыл-аймақтың да аты алты Алашқа кеңінен мәлім болып, серінің даңқы жер жарған. Сонау түркі дәуірінен бастау алған көшпелі қазақ қоғамының күні кешеге дейінгі өмірі аттың үстінде өтті десек, ат спортының маңыздылығы әлі күнге санамыздан алыстады деуге еш негіз жоқ. Қалай дегенмен, бүгінге қарағанда жазда жайлауды, қыста қыстауды мекен еткен қазақ халқы басы қосыла қалса дүбірлетіп той жасағаны жасырын емес. Сондай үлкен құрметке ие болатын маңызды басқосулардың қатарында ұлан-асыр той жасау, ата-бабаға арнап ас беру. Яғни, ел-елге хабар беріп, ат шаптырып той жасау, ас беру үрдісі. Ол үрдіс әлі күнге жалғасын тауып келеді. Бір қызығы ондағы тойдың маңыздылығы қазіргі ұғыммен айтсақ аламан бәйгеде болып отыр. Оған жиылатын үлкен-кішінің қатары ұлғайа түспесе бәсеңдеген емес.
Жалпы, аламан бәйге болмаған күннің өзінде қазаққа құтты көлік болған жылқы жануарының тектілігі талай мәрте байқалған. Әйтпесе, ұшқан құстың қанаты талар ұлан-ғайыр қазақ атырабын ғылым-техниканың жетілмеген заманында бір-біріне жалғап оны қорғап қалу қиын болған болар еді. Сондайда көлік болған жылқы жауарының адамзатқа, оның ішінде қазаққа тигізген пайдасы орасан екенін еркісіз мойындайсың. Қалай десек те, төрт түлік төресіне баланған жылқы жануарының ұлтымызға тигізген пайдасы ерекше. Соның ішінде қазақ спортына тікелей қатысты. Одан былайғы жерде ұлттық үрдіс пен әдет-ғұрыпқа өзіндік ықпалын тигізді десек артық айтпаған болармыз. Мәселен, жастайынан баланы атқа бейім етіп өсіріп, олардың өмірін тікелей жылқы түлігімен байланыстырып, тіпті жаратылыстарын жылқы жануарынан іздеген де осы қазақ халқы болатын.
Жылқы жануарының жақсылығы мен қазаққа тигізер пайдасының қандай екендігіне көз жүгіртсек шегіне жете алмаспыз. Әсіресе, жаугершілік замандарда жасаған көмегі шексіз. Ал, қазір адам өзгерді ме әлде заман өзгерді ме елдегі даму үдерісі бұрынғыдан бөлек. Тіпті ескі әдет-ғұрып пен ұлттық үрдісті де ұмытып бара жатқандаймыз. Тек бір мақтанышпен айта алтынымыз құрдымға кетіп бара жатқан қазық спортының, оның ішінде ат спортының тамырына қайта қан жүгіргені. Шыны керек, бүгінде ат спортының қай түрі болмасын қазақ баласының санасынан жырақтай қойған жоқ. Керісінше қайта жаңғыру үстінде. Айталық, бүгінде республикалық деңгейде үлкен басымдылыққа ие болып келе жатқан ат бәйгесінің асығы алшысынан түсіп тұр. Еліміздің түкпір-түкпірінде беделді басқосулар мен ауыз толтырып айтарлықтай үлкен астар болса міндетті тұрде бағалы жүлделер тігіп, түрлі ат бәйгелері ұйымдастырылатын болған. Жасыратыны жоқ сол аттарды пәленбай қаржыға сатып алып, оны жаратып, бәйгеге қосу арқылы тұрмысын түзеп, шаруасын шалқитқандар да жетерлік. Сондай жандардың бірін көзімізбен де көрдік. Бір бәйгеде тері шықпай қысылып құлаған бір тұлпардың жанына аламан бәйгені қызықтаушылардың көбі жиылған олардың қатарында біз де бармыз. Қос өкпесі соғып, тынысы тарылып қысылып жатқан әлгі жануарды иелері аман алып қалудың қамын ойлап әлек. Біресе, терісін тіледі, бересе танауын тіледі. Сонда жанымызда тұрған бір жігіт:
–Ол жануарды несіне қинай бересіңдер?! Бауыздай салсаңдаршы. Тым құрығанда адалынан бұйырсын да,-деп өтініш жасады. Оны естіген әлгі жануардың иесі:
Талай мәрте автокөлік пен қос-қостан пәтер алып жүрген жанарды қалайша өлімге қиайық. Ол біздің жанымызбен бірге біте-қайнасып кеткен ғой,-деп ауыр күрсінді. Шамасы, олай болады деп ойламаса керек. Әлгі ат иесі өзін қоярға жер таппай, тақатсызданып жүр. Сондай көрініске қарап-ақ, халқымыз үшін бұл жануардың әлі де алтынмен пара-пар екенін аңғардық.
Иә, қалай айтсақ та қазаққа жаттығы жоқ жылқы жануарының қадір-қасиеті қазіргі аға буынға аян. Жалғанды жалпағынан басқан сол жануардың көпшілік назарынан тыс қалмай келе жатқандығы да содан шығар. Ендігі жерде беделді бәйгелерде бақ сынап жүрген текті тұлпарлардың дүбірі тоқтап қалмасын дейміз. Ол қазақтың жаны, рух алар рахатқа толы айрықша сәті. Тек олардың бәсекеге толы бәйгелері нарық заманында болашағы жоқ кішігірім кәсіпке, халық жинаудың әлдебір көзіне айналып кетпесе болғаны.
А. Қарасай.
30 қараша 2022 ж. 974 0