Балғындарды салауаттылыққа баулыған жан

Міне, ұстаздық осынысымен өзгеден биік, мәртебелі мамандық болып қала бермек. Мейлі кім болса да мұғалімнің алдында кішірейіп, оған деген құрметін жасырмауы да сол бір бөлек болмыс пен айрықша қасиеттің белгісі деп білеміз. Жер дүниені тітіркенткен Ескендір Зұлқарнайын да әрдайым жорықтан оралғанда ең әуелі ұстазына, одан кейін барып, ата-анасына сәлем беруге баратын көрінеді. Оның себебін сұрағандарға «Ата-анам менің аспаннан жерге түсуіме, дүниеге келуіме себепкер. Ал ұстазым жерден аспанға кіруіме себепші» деген екен.
Міне, бүгінде өз бойындағы осындай қасиеттерді шәкірттерінің санасына сіңіріп жүрген мұғалімдердің бірі – №220 орта мектебінің денешынықтыру пәнінің мұғалімі Қуаныш Қармысбаев.
Кейіпкеріміз 2004 жылы қаладағы №64 мектепті бітіріп, Ақтөбе қаласындағы темір жол колледжіне оқуға түседі. 2007 жылы оқуды бітірген соң 3 жыл Ақтөбе қаласындағы әскери бөлімде келісімшарт негізінде жұмыс жасап, 2011 жылы Тараз қаласынан денешынықтыру пәні мұғалімі мамандығы бойынша жоғары білім алды. 2014 жылы өзі оқыған №64 орта мектебінде техникалық қызметкер болып жұмыс жасап, 2021 жылы №220 орта мектебіне денешынықтыру пәні мұғалімі болып қызметке тағайындалды.
Жастайынан спортқа бейім болып өскен ол аудан абыройын талай халықаралық жарыста асқақтатты. Мәселен, көшпенділер ойынында Азия біріншілігінде асық атудан жүлдемен оралса, мұнан бөлек әр түрлі деңгейлі додаларда қарсыластарынан басым түсіп жүрді.
Бүгінде шәкірт тәрбиелеп, салауаттылыққа, спортқа баулып келе жатқан Қуаныштың соңғы жылдардағы жетістігі де жетерлік. Нақтырақ тоқталар болсақ, шағын футболдан "Былғары доп" ұлттық мектеп лигасының аудандық кезеңінде 7-8 сынып оқушылары арасында ер балалар командасы, 5-6 сынып оқушылары арасында қыз балалар командасы І орынды жеңіп алса, түрлі жекелей номинациялардан да үздіктер ретінде шәкірттері биіктен көрінді. Ал 2022 жылы ҚР Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында білім беру мекемесі қызметкерлері арасында шағын футболдан өткен аудандық турнирде Қуаныш Қармысбаев "үздік ойыншы" атанды.
Бала тәрбиесінде ұстаздың атқаратын рөлі зор. Оқушы өміріндегі негізгі мәселені шешудің кілті ұстаз қолында. Олар елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын ұрпақ тәрбиесіне жауапты. «Адам тәрбиелеу – ұлы міндет» десек, ол міндетті атқарып жүрген де ұстаз қауымы. Ұстаздың қолындағы негізгі құрал – сабақ. Міне, Қуаныштың бұл жетістіктері де талай шәкіртке сабақ болары сөзсіз.
О. ЖОЛДАСОВ