Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қонаевтың 12 қасиеті

Қонаевтың 12 қасиеті

Әл-Фараби бабамыз "Қағида– қасиет" деп аталатын еңбегінде елді бақаратын адамның бойында 12 түрлі жақсы қасиетінің болуы тиіс екендігін дәлелдеп айтқан екен. Елімізді ширек ғасыр басқарған белгілі тұлға, көрнекті қайраткер, ғалым, академик Дінмұхамед Ахметұлының бойында басшыға тән осы айтылған 12 қасиеттің барлығы да болғандығын зерттеген белгілі қаламгер, «Алтын қалам» сыйлығының иегері Ораз Қауғабайдың «Қонаевтың 12 қасиеті» атты мақаласын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.
Димекеңнің өмірінде және қызметінде «2», «12», «22» деген сандарға байланысты тылсым, сыры жұмбақ жағдайлар өте көп. Димекең 1912 жылы 12 қаңтарда дүниеге келді. 82 жасына қараған шағында 22 тамыз күні (1993) дүние салды. Өмірінде үлкен қызметке келуі тағы «2» санымен байланысады. 1942 жылы комбинат бастығынан бірден «совмин» төрағасының орынбасары болып, 1952 жылы Академия президенттігіне сайланады. Алғашқы үлкен мемлекеттік марапатты – Еңбек Ері атағын 1972 жылы алады. Ал үшінші «Алтын жұлдыз» Димекеңе 1982 жылы берілді. Ең қайран қалдыратыны – Димекеңнің бойында әл-Фараби даналығы бойынша кемеңгер патшаға тән «12» қасиеттің түгел тоғысқанына көзіңіз жетеді.
Әл-Фарабидің даналығында кемеңгер басшы өзінің сүйек-сыны, сыртқы тұлғасы арқылы ерекше көрінуі керек. "Басшы болатын адамның сыртқы тұлғасы сымбатты, әдемі, иманжүзді болуға тиіс". Димекең жаратылысынан көрікті, бойшаң және жүзінен нұр төгіліп тұратын иманжүзді кісі еді.
Екінші қасиеті туралы дана ол адам «өзіне айтылған сөздің бәрін терең түсінетін және істің жай-жағдайына сәйкес жан-жақты тез ұғып алатын аса зерек болуы керек» –дейді. Димекеңнің зеректігі мен бәрін біліп, сезіп тұратын айрықша қасиеті жөнінде кемеңгер қасында жүрген дананың серіктері естеліктеріне ерекше таңданыспен айтады.
Үшінші қасиеті туралы әл-Фараби былай дейді: «Ол өзі жүрген, көрген, естіген нәрселердің бәрін зердесіне ұзақ сақтайтын, бұлардан еш нәрсені ұмытпайтын адам болсын» – дейді. Ол есте сақтау қабілеті ерекше адам болған. Өзі араласқан оқиғалардың жыл, ай-күні тіпті, сағат, минутына дейін есіне өле-өлгенше сақтаған. Колхоз-совхоздардың, жер-судың және озат шопан, механизаторлардың есіміне дейін ұмытпаған. Өмірлік серігі Зухра Шәріпқызымен қанша жыл, қанша ай және қанша күн бірге болып, өмір сүргенін жарықтық сағатына дейін есіне сақтаған ғой.
Төртінші қасиет туралы былай делінеді. «Бірінші басшы терең ой иесі және жадына сақталғандардың бәрін айдан-анық етіп айтып бере алатын шебер әрі шешен болуы шарт». Димекеңнің естігендері мен көргендерін өте шебер әрі бейнелі тілмен әңгімелейтін хас шешеннің өзі болған. Сөз арасында әдемі әзіл айтып баурайтын.
Кемеңгер басшының бесінші қасиеті «ғылым-білім мен өнерге жаны құштар, әр күн сайын оқып үйренуден шаршап-шалдықпайтын адам болуы керек» екен. Ол жас кезінен ғылым мен өнергеөте жақын болды. Кейін Қазақстан ғылым академиясының академигі болды. Ғылымды дамытуға өте көп еңбек етеді. Ол кісінің басшылық жасаған дәуірін өнер адамдары мен жазушылар қазір «алтын ғасыр» деп атап жүр.
Кемеңгердің алтыншы қасиеті жөнінде ұлы философ: «Тағамға, ішімдікке, сайран-сұхбат құруға келгенде қанағатшыл болу керек» – дейді. Димекең тағамды талғап, тек адал асты ғана жеген. «Пейіш жемісі» деп алма жеуді ұнатқан. Той-думанда шалқып сайран салған жоқ. Қонаев барлық жағынан қанағатшыл болып,"әулие" атанды.
Жетінші қағидада айтылғандай Димекең «жаратылысынан сауық құмарлықтан аулақ болды». Демалысын таза ауада серуендеп, табиғат аясында көңілді өткізуді бұлжымас әдетке айналдырған.
Сегізінші қағидада кемеңгердің шындықты сүйіп, жалғандыққа қарсы тұруы жөнінде айтылады. Димекең өтірік-өсек айтқандарды жек көрді. Жалған сөйлегендерді ұнатпады.
Тоғызыншы қағидада жазылғандай Димекең «жаны асқақ және ар-намысын аса ардақтайтын адам» еді. Димекеңнің кісілік, адамгершілік, бекзаттық қасиеті және тәрбиесі өнеге. Мұны халық жақсы біледі. Димекең – ар-намысына кір шалдырмаған, қарапайымдылығы мен кісілігін жоғалтпаған дана адам. «Оның жаны жаратылысынан пасық істердің бәрінен жоғары, игі істерге ынтызар болуға тиіс» деп оныншы қағидада айтылғандай Димекең игі істердің ұйытқысы, жасампаздықтың жолбасшысы болатын.
Әл-Фарабидің он бірінші «қағида-қасиетінде» «Әділетсіздік пен озбырлықты жек көретін адам болсын» деген жолдар дәл Димекеңнің өзіне арналып айтылғандай әсерде қалдырады. Димекең бар болмыс-бітімімен әділдікті сүйді, өктемдік пен озбырлыққа жол берген жоқ. Бір қайран қалдыратын нәрсе халық арасында Қонаев туралы бір қаңқу сөз, реніш, өкпе жоқ. Өйткені Димекең – өте әділ болған кісі. Бұл жағынан Димекең – бүгінгі ғана емес, келер ұрпаққа да үлгі болатын кемеңгер.
Әл-Фарабидің он екінші қағидасында, яғни басшы қасиеті жөніндегі тәмсілінде мынадай жолдар бар: «Өзі қажет деп тапқан істі жүзеге асыруға келгенде шебер- шешімпаздық танытып, бұл шақта қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін бірбеткей, батыл, ержүрек болуы міндет» дейді. Мұнда айтылатын көсемге тән батылдық пен ержүректік Димекеңнің бойында туғаннан бар еді. Қапшағай су қоймасын салу жөніндегі батыл шешімі мен іскерлігі тарихта өшпестей болып жазылып қалды. Медеу шатқалында тауды жарып, қопарылыс арқылы бөгет жасау шешіміне кейбір ғалымдар қарсы болып, "Алматыға қауіп төнеді" деді. Ол кісі айтқанынан қайтпады. Қопарылыс әрекеті сәтті болып, тауда бөгесін жасалды. Осы істердің басы-қасында басын бәйгеге тігіп, суы көкке шапшыған бөгеттің үстінде өзі жүрді. Өміріне қауіп төніп тұрғанына қарамастан тасқын су бойында жұмысшылар мен мамандарға "тау-кен инженері" ретінде ақыл-кеңесін берген екен.
Міне, осындай елдің жағдайын ойлаған, елі үшін аянбай, адал қызмет еткен Дінмұхамед Ахметұлын халқымыз әрқашанда құрметпен еске алып отырады. Кемеңгер Димекең ел басқарған кезінде республиканы Кеңес Одағы көлемінде 14-орыннан алдыңғы үштіктің қатарына шығарды. Осы мерзімнің ішінде республиканың өндірістік ауқымы он есеге өскен. Қонаев заманы кұрделі, қайшылықтарға толы, Мәскеуге тәуелді, бағынышты кезең болғанына қарамастан, жасқануды білмей, батыл, іскерлігімен елімізді үлкен жетістіктерге жеткізе білген дана басшы еді.
Дайындаған К.Махсұт
10 қыркүйек 2022 ж. 1 339 0