Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ұстаз да ақ тілеулі әке сияқты

Ұстаз да ақ тілеулі әке сияқты

«Ұстаз жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көреген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадына жақсы сақтайтын бұлардың ешнәрсесін ұмытпайтын, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар,аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақ тұтатын, жақындарына да жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жаңалық пен ізгілікті көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек»деген екен ұлы ғұлама әл-Фараби. Расында ұстазбәріне де үйретуші, жол көрсетуші, жоба сілтеуші,мемлектіміздің даму саясатының мықты насихатшысы.Өзінің жүріс-тұрысымен де, сөзімен де, ісімен де,ішкі-сыртқы мәдениетімен де қоғамда, тәуелсіз еліміздің эталондық бейнесі болып,абыройға бөленіп жүрген ұстаздарымыз аз емес. Солардың бірегейі 35 жыл бойы жас жеткіншектерді білім нәрімен сусындатқан білім саласының майталманы, математика пәнінің білгірі, сарапшы-педагог «Ұстаздық ету – өзінің уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» деген өміршең қағиданы үнемі басшылыққа алған Нұртуған Сақтағанов туралы айтпақпын.
Нұртуған Қартбайұлы 1960 жылы 21 қаңтарда Қарақұм ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Әкесі Қартбай Сақтағанов 1930 жылы туған. Қазалы ауыл шаруашылық техникумынан зоотехник мамандығын меңгеріп, совхоздың мал басын аман сақтап, көбейту жөніндегі ерен еңбегі ауыл жұртшылығының жадында мәңгі сақталған. Осы салаға өзіндік із қалдырған,елге сыйлы азамат болған деседі.Алла тағаланың пендесіне берілген өмірі әркімге әртүрлі екені белгілі. Қартбай Сақтағанұлы небәрі 44 жасында дүниеден өткен екен.Не деген қысқа өмір. Анасы Қаракөз Елеуқызы 1938 жылы дүниеге келген.Үй шаруасымен қатар, алты перзентін дүниеге әкелген алтын құрсақты ана.Совхоздың мал төлдету,қырқу сияқты науқандық жұмыстары кезінде күйеуі Қартбайдың қасынан табылатын болған.Қаракөз ана өмірдің өнегелі баспалдақтарынан өткен,ошағы оттан түспеген, босағасы қонақтан босамаған,жақын-жуықтарды жақындастыра білген,ел сыйлаған, елін сыйлаған.Қазір 84 жастағы көргені көп көрегенді қария немере-шөберелерінің сүйікті әжесі. Нұртуған Қартбайұлы1977 жылы Қарақұмдағы орта мектепті бітірген.Ұстаз боламын деген асыл арманы кейінге шегерілді. «Бірде бал, бірде у беріп өтеді өмір, бақты да, қайғыны да көтере біл» деп даналарымыз айтқандай, әкесінің ерте қайтыс болуы Нұртуғанды ерте есейтті. Алты ағайындының үлкені болған соң, оларды жетілдіру,жеткізу үшін жұмыс істеу керек болды.РабКООП-та қатардағы жүк тасушы болып орналасты. Жұмыс арасында СПТУ-да оқып, механизатор мамандығын меңгерді. Жеті жыл бойы жұмыс істеп, бауырларының жетілуіне қамқор болды.Ұстаз боламын деген асыл арманы қайта оянып, қабілетін байқаған ол,Нөкістің Т.Г.Шевченко атындағы мемлекеттік университетінің математика факультетін 1984 жылы бітіріп шығады.Сол жылы №59 Қарақұм орта мектебінде математика және сызу пәнінің мұғалімі болып орналасады.
Орыстың атақты педагогы В.Сухомлинский: «Өзің оқытып жүріп,оқып үйренесің» деген қанатты сөзін басшылыққа алып, озық мүғалімдердің сабақ беру әдістерін жалықпай сұрап, үйренумен қатар сабақтарына қатысып,облыс,ауданда болып жатқан озық тәжірибелерді қалт жібермей, сабағына пайдалана білді. Көп ізденудің арқасында «Математика дегеніміз – ақыл-ойдың гимнастикасы» деген ғұламалар сөзін практика жүзінде дәлелдей алды десе болады.
Пайғамбарымыздың хадисінде: «Білім мен хикмет адамның қадіріне қадір қосары сонша,құлды сұлтан деңгейіне жеткенше жоғарылатады» дегендей, Нұртуған өзінің білімін жетілдіру арқылы көптің сенімімен 1989жылы мектептің оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі қызметіне кірісті.Меңгеруші сабақ кестесін жасауда мұғалімдердің жағдайларын ескеру,озық тәжірибелерді ортаға салу, мұғалімдердің өзара тәжірибе алмасып, біліктілігін артыру, тағы басқа, бір сөзбен айтқанда ол оқу-тәрбие жұмысының инженері іспетті болды. «Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады»демекші,жинақталған мол тәжірибенің арқасында 2000 жылы мектеп директоры болып тағайындалды.2001 жылдан бастап информатика және математика пәнінің мұғалімі болып абыройлы еңбек етуде.
«Мұғаліммін,жұмыскер жай адаммын, космос ашқан жанкешті болмағанмен, жас өренге мейірі бай адаммын. Ұстаз деген атаққа сай адаммын», деп ақын Естеу Нүсіпбеков жырлағандай, ұстаздық жолында біршама жетістіктерге жеткені де бар.
Айталық,2016 жылы 20 сәуірде оқытудың білім нәтижелеріне жету сапасын бағалау бойынша математика пәні мұғалімдерін кәсіби қызметтіліктерін дамыту, 2018 жылы наурыз айында «Математикалық жаратылыстану пәндерінен ҰБТ-ға дайындаудың тиімді жолдары» курстарынан өтті.2018 жылы ҚР орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде «Математика» пәні бойынша педагог кадрлардың біліктілігін арттыру білім беру бағдарламасы баяндамасыбойынша марапатталды.2015 жылы «Аудан әкімінің кубогі» үшін шахматтан 3 орынмен және 2016 жылы «Болашаққа бағдарланған білім баспалдақтары» атты аудандық семинарда мазмұнды жұмысы үшін мараппатталды.2016 және 2019 жылдары аудандық білім бөлімінің және 2017 жылы облыстық білім басқармасының Құрмет грамоталарын, 2021 жылы аудан әкімінің Алғыс хатын иеленді.
Имам Ағзам Әбу Ханифа: «Арамызда 7 көше болғанына қарамастан ұстазым Хамидтің үйі жағында әдепсіздік болмасын деп ешқашан аяғымды созып жатып көрген емеспін. Қанша жылдан бері әр намаздан кейін ата-анаммен қоса ұстазымды да қайырлы дұғама қосып келемін» деген екен. Сол сияқты ұстазын құрметтегеншәкірттерінің жетістіктері де жетерлік. Қазіргі таңда өзі сенім артып, елдің үкілі үмітіне балаған үздік шәкірттері тәуелсіз еліміздің өркендеуіне сүбелі үлестерін қосып, әрқайсысы әр саланың шылбырын қаққан кәнігі маман, кәсіби қызметкерге айналған. Ұстаздың үміті ақталды деген осы шығар.
Адамның мәнді де, сәнді де өмір сүруі оның отбасына, қосағына тікілей байланысты. Жар таңдауда жолы болған адам бақытсыз болуы тиіс емес.Олай болса, Нұртуғанда жар таңдауда маңдайлы болды деп айта аламыз.Ол қырдың шынарындай ару қыз Мереке Шәденқызымен отау құрды. «Босағаңды алтыннан соқсаң да бала сүймей мейірің қанбас»демекші, босағаларын алтыннанда соқтырды, бала сүйіп мейірлерінде қандырған мерейлі отбасы десе жарасар.Айтайын дегенім,Мерекенің әкесі Шәден Өтегенов ағай оқушы кезімізде мектепте тарих пәнінен сабақ берді.Шәден ағайдың азаматқа жарасымды келбеті, жүріс-тұрысы, арда туған азамат екені, шәкірттеріне шашатын жайма шуағы мен тектілігі бір өзіне жарасып тұратын. Мереке Шәденқызы дүниеге төрт перзент әкелген,орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі,енесінің бағбаны, келіндерінің тәлімгері,ұлағатты ұстаз-ана.
Ұлы гректің ғалымы Платон "Кімде-кімнің үйінде қартайып отырған әке-шешесі,не атасы мен әжесі секілді қымбатты «қонағы»болса,ол үйде құдайдың одан артық құрметті өкілі келеді деп ойламасын.Егер сол үйдің иесі оларға дұрыс қарап,қамқорлық жасаса, ата-аналары оның отбасының құты болып табылады" деген екен. Сол айтқандай, сол үйдің құты болып табылатын 84 жасқа келген Қаракөз енесінің жағасын кірлетпей, төсегін қалың салып беріп, сүйікті асын дер кезінде дайындап,жылы сөздерімен сыйластықта болған Мереке мен Айжамал келіндерінің өнегелері басқаларға да үлгі болары сөзсіз.
Негізгі дәстүрлі қазақ отбасыларында әке – бел, әке – айбын, әке – қорғанболса, ана – жылылық,ана – берекет, ана – мейірім» дегендей, Нұртуған мен Мерекеден тараған ұрпақ осы екі қайнардан қанып ішкен, мейірге шөлдемей өскен,айбынды қорғанға сүйенген ұл-қыздарыұлтжанды,ата дәстүрін ұстаған азаматтар екенін білеміз. Тұла бойы тұңғышы Аслан Нұртуғанұлы Ақтөбедегі Қ.Жұбанов атындағы университетін бітірген.Мамандығы бойынша вахталық әдіспен жұмыс істеуде.Келіншегі Айжамал Нысанқызы М.Мәметова атындағы педагогикалық колледжін бітірген.Бастауыш пән мұғалімі, бір бала тәрбиелеуде. Айгерім Нұртуғанқызы Алматы Қыздар педагогикалық университетінің ағылшын және қытай тілдерін меңгерген. Магистратураны ҚХР-да оқыған.Алматыда шет тілінен сабақ беретін ұстаз. Еламан Нұртуғанұлы КазГАСА-да ағаш өңдеуші болып вахталық әдіспен еңбек етуде. Сүт құртқан кенжесі Жан Нұртуғанұлы биыл мектеп бітіреді.
Алдағы 2023 жылдың алғашқы айында Нұртуған пайғамбар жасына келіп, құрметті демалысқа шықпақшы. «Бейнет пен зейнет қатар жүреді» демекші, көп жылғы ерен еңбегіңнің рахатын көруге жазсын. Отбасыңа амандық тілей отырып, адал жарыңМереке екеуіңе зор денсаулық,көрінген балаларыңның қызығын көруге жазсын, деген тілегімді жеткізгім келеді.
А.ЖОЛМАҒАМБЕТОВ,
ардагер ұстаз
27 желтоқсан 2022 ж. 885 0