Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мерейтойыңмен, Қызылорда!

Мерейтойыңмен, Қызылорда!

Есті жаратылыстың бәрінде рух бесігін тербейтін Отан дейтұғын ұлылық бар, Отан дейтұғын құндылық бар! Ештеңемен теңелмейтін, ештеңеге айырбасталмайтын осы ұғым – Адамды Адам, Ерді Ер ететін!
Менде де солай! Бабадан қалған байрақ жалауы боп желбіреген, ұлылар айтқан ұлы сөздер ұраны болған киелі мекен, қасиетті құндағым — Қазақстан — менің байтақ Отаным, менің Бабамекенім!
Сол Қазақстаныма егіз, Қазақстаныма сыңар болған мен үшін ең аяулы әрі ең ардақты тағы бір аймақ бар, ол - Қызылорда.
Сыр елі — жыр-әннің елі! Дүлейлер мен сүлейлерге, батырлар мен ақындарға, әулиелер мен ахундарға Ана болған өрісті өңір!
Ақмаржаны тербелген, қара алтыны топырағына өң берген менің өскен жерім төрткүл дүниеге ризығын тең бөліп, берекенің бесігін тербеткен - Тұран-Ана!
Дүниежүзі руханиятының тарихының бастау қайнар-көзі кезеңінде ғұмыр кешіп, сол тараптан өз мәдениетімізге өріс берген Қорқыт бабаның табаны тиген, мәңгілік тұрақ тапқан жері де осы жер!
Халқына қорған, Алашқа арлан болған Жалаңтөс, Марал ишан, Ер Сейітпенбет, Бұқарбай, Жанқожа, Ес-Абыз баба-батырлардың қасиетіне қасиет, өрлігіне өрлік қосқан, Тұрмағамбет, Нұртуған, Дүр Оңғар, Шораяқтың Омарының шабытына шабыт қосқан жер! Беріде ұлтқа ұстын болған данышпан Абайдың әкесі Құнанбай қажылыққа аттанып, сол сапарында атақты Меккедегі мешітін соғарда көшінің көрігін келтіріп, көрікті қылған, қаржылай қажеттіліктерін өтеген Мырқы бидей жомарттардың туған жері. ІІ Дүниежүзілік соғыс заманында да күллі әскери күштің жігерін ұнамды үнімен, әуезде әнімен оятқан Халық Қаһарманы Роза Тәжібайқызы Бағланованың алғаш бесік жырын естіген елі. Қазақ әдебиетінің алтын қорын толықтырып, ұлт руханиятына қызмет еткен Қалтай Мұхамеджанов, Асқар Тоқмағамбетов, Әбілда Тәжібаев, Әбдіжәміл Нұрпейісов сынды классиктерді дүние дидарына әкелген әулиелі мекен. Шығыс жастарының құйрықты жұлдызындай болып жарқ етіп,
ерте сөнген Ғани Мұратбаевтың да қилы-қилы кезеңдерде басын бәйгеге тіге отырып, Қазақ жастары атты ұлы күштің бәсін биіктетуге қуат алған жері! Мұсылман баласының, Қазақ жұртының тағдыр таланын тәуелсіздікпен ұштастыруды ұлы арманы етіп, жарғақ құлағы жастыққа тимеген Темірбек Жүргенов, Мұстафа Шоқайдың біздің елдің азаматы екенін білгенде тасымайтын қауым жоқ! Мемлекеттің қалыптасуына ықпал етіп, кемел келешек жолында аянбаған саяси қайраткерлер Исатай Әбдікәрімов, Сейілбек Шаухаманов, Бердібек Сапарбаевтармен жерлес екеніме де мақтанамын! Күріштен ырыс өсіріп, халыққа құт қылған Ыбырай Жақаев, Шырынкүл Қазанбаева, Сәлима Жұмабековалар, сатира сардары атанған Құдайберген Сұлтанбаев, ән әлемінің құдіреті атанған Батырхан Шөкеновтер біздің ауылдың азаматтары!
Мен және аталғандардан өзге таланттар мен дарындар, қайсар Қазақтар туған жер киелі, қасиетті, құдіретті болмаса осы айтқан Алаштың асылдарын өмірге әкеліп, оларды Қазақ халқының қажетіне жарата алар ма еді?..
Ұлылық пен қайсарлық, жігер мен рух самалы боп есетін Сырдарияны жоғарыдағы даңқты перзенттері секілді мен де тел еміп өскенмін және өзім мен өзімнің замандастарымның парасат деңгейін бағамдай отырып бұл үлгілі көштің үзілмейтініне көзім анық жетеді.
Бәзбіреулерге осындай тұлғалар туған топырақтың төскейін тесе шыққан тау жетіспей тұратын секілді көрінетін шығар. Әрқайсысының рухы қорған болған елге көк тіреген ғимараттар сән беріп тұр. Биыл ол қатарға қазақтың ақ шаңырағындай болған Неке сарайы, ұлы аналарға қойылған ең биік ескерткіштей “Анаға тағзым” орталығы, мұқым қазақтың мың әрлі, мың сазды өнеріне мұқалмас мұнарадай болған “Өнер сарайы”, ғаршы мен қара жердің арасын жақындатқан әуе көпірі, мың қазақтың басына пана болатын баспаналар, алғаш Алтынсарин қаққан қоңырау үнін келер ғасырға жеткізетін алтын ұя мектептер бой көтерді. Бұл аймақтың 85 жылдығына арналған тартулардың басы секілді. Себебі бітуін күтіп тұрған құрылыс көп. Құрылысшыда жүгіріс көп. Әкімде шабыс көп. Аймақта табыс көп. Дарияға назар көп, берекеге базар боп тұрған Сыр төскейі дәл осындай сүйіншілермен сүйкімділеніп келеді.
85 сап түзеген жыл бүгіннің айғағы, бабалардың байрағы!
Алаштың ардақты перзенті Әбіш Кекілбаевтың “Қазақ даласының әр тасы — қағбам, әр бұтасы — сәждем!” дейтін дара сөзі бар. Мен үшін де солай, дауылпаз даламның әр қиыршық құмы мен үшін қымбат, оның ішінде өзім өмірге келген Қызылорда.
Мерейтойыңмен, Қызылорда! Сенің даңқыңды қызыл кеңірдегім үзілгенше, қызыл тілім қырқылғанша қорғаймын! Ертеңіңе сенемін, саған барымды беремін!
#СырЕлi85жыл
#OrdaKelbeti
#Қызылордаоблысына85жыл
#SyrJastary
Syr Jastary
06 қазан 2023 ж. 153 0