Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бесік жырының бастауы қайда жатыр?

Бесік жырының бастауы қайда жатыр?

«Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» демекші, қай дүниенің де қайнар көзі мықты болса берер жемісі де тәтті. Ал тәрбиенің де іргетасы отбасында қаланады. Дүниеге келген сәттен бесікке бөленген баланың өзгеден ерекшелігі – ол өз бесігін іздейтіндігінде. Басқа жерде ұйқысы қашып, мазасызданады. Анасы әбден тойдырып, бесікке салып, жырын айтқанда балбырап тәтті ұйқыға кетеді. Әйгілі Затаевичтің «бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай...» деуінің өзі бекер емес. Оның барлығы қазақтың әлдиінен бастау алған қасиет.
Әлемде бесік жырын айтпайтын, оны жастайынан бала құлағына құймай өсірмейтін ұлт жоқ шығар, сірә. Бүгінде бала тәрбиесінің мәйегіне айналған бесік жыры халық мәдениетінің, әдебиетінің өзегіне, одан қала бере дүниетанымының көрінісіне айналды. Бесік жырының басты міндеті – баланы тербеткен кезде оның ырғағымен сәйкес келіп, баланы тыныштандыратындай баяу, әуезді болуы. Оның санасы мен жан дүниесіне ұлттық тәрбиенің алғашқы нәрін сіңіру. Ал осы бесік жырының шығу тарихын білесіз бе? Оның бастауы қайда жатыр?
Бесік жыры әр елде әртүрлі болғанымен әннің әуезі, шығу тарихы бірдей. Мұсылман халықтарының арасында әлди жырын алғаш болып Хауа ана айтқан деседі. Бірде ол егіз ұлдарын жұбата алмай қатты қиналады. Сонда көктен періштелер түсіп: «Алла, Алла, Алла»,- деп Алланың атын әдемі әуезге салып орындайды. Сонда ғана балалардың көңілі тынышталып, ұйқыға кетеді. Ән Хауа анаға да ұнап қалады. Осылай ол періштелерге үйретуін өтінген. Періштелер Хауа анаға әнді 7 күн бойына үйреткен деседі.
Кейін Хауа ана барлық балаларын осы өлеңмен тербете бастайды. Уақыт өте келе бұл ән балалардың бесік жырына айналған. Оның сөзіне, әуезіне, мағынасына көп мән берілген. Тіпті ертеректе жас аналарға әлди жырын үйрететін арнайы мектептер болған екен. Бесік жыры жайлы «Алла-наме», «Әлдинама» атты ескіше кітаптар болуы осының айғағы. «Аналар әлдисіз жасай алмас» деген сөз осының айғағы. Ал қазіргі «әлди, әлди, әлди-ай» деп басталатын өлең осы Алла есімі қосылған әннің уақыт өте келе өзгерген нұсқасы екен.
Ертегі нұсқасы бойынша да құлағына бесік жыры сіңбеген ханның ашулы, қатыгез болуы жай сәйкестік емес. Шынында да бауырмалдылық, мейірімділік сынды қасиеттің бастау көзі бесік жырының мағыналы сөздерінің арқсында бала санасына сіңеді. Ананың баласына деген алғашқы ақ батасы, тілегі, сенімі өлең жолдарында өріліп, бесік жыры болып балаға жетеді. Кей жерлерде өзінің ішіндегі шерін әнге қосқан ананың сөздерін бала түсініп, ер жеткенде анасына мейірімді, жанашыр болады деп сенген. Сондықтан «әй, әй бөпем, әй бөпем, артта қалған елімді көрер ме екем» деп жырлайтын аналар болған. Сонымен қатар бесік жырын тыңдап өскен баланың ерте тілі шығып, тез есейеді. Ол туралы Янушкевич өз естеліктерінде «қазақтың 4-5 жасар баласының тілі жатық, ал 5-6 жасар баласы шешен әрі тауып сөйлейді, ойын нық жеткізеді», деген.
Қазіргі таңда баласын бесікке бөлеп, оған әлдилеген бесік жырын айтатын ананы сирек көреміз. Уақыт өтіп, қоғам өзгергелі бесіктің орнын манеж, әлдидің орнын заманауи музыкалар басты. Бесік жырын айту дәстүрі қазір көмескі тартқан. Бұл туралы Бауыржан Момышұлы «Ұшқан ұя» кітабында: «... Ертексіз өскен бала – рухани мүгедек адам. Біздің қазіргі балаларымызға әжелері, не шешелері ертегі айта бермейді. Содан қорқам. Менің қазіргі келіндерім немерелеріме бесік жырын айта білмейді. Бесікте жатқанда құлағына анасының әлди әні сіңбеген баланың көкірегі кейін керең болып қалмаса деп қорқамын. Ал менің кәрі апам Қызтумас маған ертекті көп айтатын, әлди әнді көп айтатын. Арада неше заман өтті! Қызтумас апамның сүйегі әлдеқашан қурап кетті, ал әлди ән айтқан үні әлі тұр құлағымда... », – деп жазады.
Қазіргі таңда есік жырын жаңғырту тек біздің елде ғана емес, барлық әлемдегі халықтардың негізгі мақсаты. Ғалымдардың өзі ол туралы көп жылғы тәжірбиелер жасап жатыр. Әр елдің өз жырында елдің менталитеті, мәдениеті, пайғамбарлары мен әулие-әмбилері туралы сакральді ақпараттар сақталған. Бесікке асылып отырып баласын емірене емізген, әдемі әуезбен бөбегіне әлди айтқан анадан асқан әдемі әйел жоқ шығар. Сондықтан бесік жырын қайта жаңғырту біздің халыққа керек ең керемет заманауи міндеттің бірі болмақ.  
Г.ӘЛНИЯЗИНА

19 тамыз 2023 ж. 655 0