Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Келешек" жүйесі – азаматтарды қолдаудың бір тетігі

"Келешек" жүйесі – азаматтарды қолдаудың бір тетігі

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл қыркүйек айында Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында ел үшін маңызды мәселелерді көтерген еді. Әсіресе елдегі әлеуметтік-экономикалық мәселелерге ерекше тоқталып, елдің тағдыры үшін қуанарлық жаңалықтармен қатар кемшін тұстарын да атап өткен болатын.
Ел дамуы үшін маңызды салаларға мән берген Мемлекет басшысы 5 жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу бастамасын қарастырды. Бұл Жолдауда: «Еліміздегі демографиялық өсім білімге деген сұранысты арттырады. Мемлекеттің білім саласына қатысты жұмысында тұтастық, яғни жүйе жоқ. Тіпті өзара байланыс жоқ деуге болады. Сондықтан 5 жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырамын. Бұл бағдарламада мемлекет тарапынан ұсынылатын бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс қарастырылуға тиіс. Осы жинақ пен «Ұлттық қор – балаларға» жобасының қаражаты қосылғанда жас ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік туады» деген еді.
Ал жақында Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі республикалық штаб отырысында «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу жөніндегі шараларға басымдық берді. Премьер-Министр Ә.Смайылов: «Онда мемлекеттен берілетін бастапқы капитал, ата-аналардың ерікті салымдары, инвестициялық кіріс және мемлекеттік сыйақы қарастырылған. Осылайша, жеңілдетілген білім беру несиелерінің интеграциясын ескере отырып, «Келешек» бірыңғай ортақ жинақтау жүйесінде мемлекеттік қолдау шаралары шоғырландырылатын болады. Оқуға түскенше жинақталған қаражат жоғары білімді неғұрлым қолжетімді етуге мүмкіндік береді», — дей келе, бұл жүйе қазақстандық отбасылардың барлығына қатысты екенін атап өтті.
Ал биылғы өткен тамыз кеңесі кезіндегі форумда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек елдегі бала туу көрсеткіші жыл сайын қарқынды өсуіне байланысты болашақта жоғары білім алуға деген сұраныстың артатынын, сол себепті грант бәріне бірдей жете бермейтінін айта келе, грант санын жыл сайын арттыруды мемлекеттің бюджеті көтермейтінін, сол себепті алдағы жылдан бастап «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі енгізілетінін атап айтты. "Аталған жүйе аясында балаға арнайы шот ашуға болады, оған мемлекет тарапынан 5 жастағы балаларға 60 АЕК мөлшерінде білім алуға бастапқы қаржысын салады. Бұдан әрі оған ата-аналардың ерікті жарналары, 5-7% мөлшерінде жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс есебінен қаражат жинақталады. Осылайша, айына 1 АЕК (3 450 теңге) мөлшеріндегі ең төменгі жарна салынып отырса, бала 18 жасқа толғанда шотында 3,3 млн теңгеден астам қаражат жиналмақ. Тиісінше, ата-аналардың ерікті жарналары, мысалы, айына 3 АЕК-ке дейін көбейсе, 7 млн теңгеден астам қаражат жинақтау мүмкіндігі болады», – деді Министр.
Сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдаудың қосымша шаралары көзделеді, әсіресе өзгерістер жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қатысты болады. Бұған қоса Мемлекет басшысы Ұлттық қорда жинақталған қаражат арқылы таңдаған ЖОО-ға оқу ақысын төлеуге мүмкіндік беретінін, сондай-ақ оқушылар ҰБТ тапсыру қорытындысы бойынша үміткер бола алатын мемлекеттік білім беру гранттарын бекіту жүйесі сақталатынын атап өтті. Сөйтіп алдағы уақытта «Келешек» жүйесі азаматтарды қолдаудың қосымша тетігі болмақ. Айта кетерлігі, талапкер грантқа түскен жағдайда, шотында жинақталған қаражатты тұрғын үй сатып алуға жұмсай алады екен.
Шындығында, Мемлекет басшысы бұл жолы балалардың сапалы білім алуына көп басымдық беріп отырғанын «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын қолға алғанынан да анық аңғарып отырмыз. Аталған Жолдауда сонымен бірге балаларға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді тапсырып, жас буынның психикалық саулығы өте маңызды мәселе болатынын жеткізді. Бұл дегеніңіз алдағы уақытта да елімізде білім сапасын арттыру, балаларды қауіп-қатерден қорғау жұмыстарына айрықша назар аударылады дегенді білдіреді. Ал бұл кез келген ата-ана мен осы сала мамандары үшін зор қолдау болары сөзсіз.
К. МАХСҰТ 


07 қазан 2023 ж. 328 0