Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ізгілікті істер – ел игілігіне

Ізгілікті істер – ел игілігіне

1 қыркүйек еліміз үшін тарихи күн болды. Нақ осы күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа арнаған Жолдауын жариялаған еді. Бұл Жолдауда еліміздегі түрлі салалардағы өзекті мәслелер қамтылды. Атап айтар болсақ, ел экономикасын дамыту, халықтың әлеуметтік әл-ауқатына басымдық беру, ел-жұрттың алаңдаушылығын тудырып отырған экология, жастар тәрбиесі сынды басқа да қоғам өміріндегі өзекті деген  мәселелер айтылды.
Президент Жолдауын ел-жұрт ерекше ықыласпен тыңдады. Онда ел болашағы саналатын жас ұрпақ үшін атқарылатын міндеттерді атап өтіп, олардың күш-жігері мен қызығушылығын арттыру үшін мектеп, ата-ана және оқушы арасында тығыз байланыс болуы қажеттігіне баса назар аударды.
Осы тұрғыда аталған Жолдауда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: "Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың  заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады" деген еді.
Халқымыз ежелден үлкенді сыйлаған, кішіге қамқорлық жасаған. Осы бағытта Президент идеология мәселесіне мән беруіміз қажеттігіне тоқталып, білім саласына барынша назар аударып, ұстаздарға өз кәсіби шеберліктерін үнемі дамыту керектігін жеткізді. Мәселен, Президент өз сөзінде 2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есеге көтеріліп, дәрігерлер айлығының айтарлықтай көбейгенін, қазір олардың табысы елдегі орташа жалақыдан әлдеқайда жоғары екенін және ел-жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігінің берілгенін, миллионға жуық адам осы жобаның игілігін көріп, баспаналы болып жатқанын да атап өтті. Сондай-ақ «Ұлттық қор – балаларға» жобасы қолға алынып, соның нәтижесінде алдағы жаңа жылдан бастап балалардың есепшотына қаражат түсе бастайтынын тілге тиек етті. Әрине, мұның бәрі ел игілігі үшін жасалып жатқан игі істер екені белгілі.
Жолдауда айтылған бастамалар халық тарапынан қолдауға ие болып, қолға алынған жобалар мен міндеттерді барынша белсенділікпен орындауға атсалысу әрбіріміз үшін маңызды мәселе болмақ.
С.Махсұтқызы,
№283  орта мектеп мұғалімі

Фото: egemen.kz

16 қыркүйек 2023 ж. 396 0