Қаланы гүлмен көмкерген

Сарагүл Омарова 1968 жылы Ақбасты елді мекенінде қарапайым балықшы отбасында өмірге келген. Жастайынан әке-шешесі балаларын адал еңбекке баулып өсіреді. Сонысынан болар, буыны қатайған шақтан бастап ол әртүрлі салада табанды еңбек ете бастайды.
– Ес білгелі еңбекке араласып келемін. Жұмыс талғаған емеспін. Кәсіппен де айналыстым. Қолдан келетін тірліктен қашқан емеспін. 2008 жылдан бастап қоғамдық негізде еңбек ете бастадым. Қаланың тазалығы, көркейту-көгалдандыру жұмыстары жүктелді. Өзім бұрыннан гүл өсіргенді жақсы көремін. Бұл менің тіпті сүйікті ісіме айналды. Қаланың белгіленген аймақтарына неше түрлі гүл еге бастадым. Өздеріңіз білетіндей бізде аяқ су мәселесі бар. Сол еккен гүлдерім нәтижеге жету үшін күні-түні уақытпен санаспай еңбек еттім. Осылай жұмысым нәтиже берді, – деген Сарагүл Омарова өзінің еңбек жолы туралы айтты.
Рас, қаланың қай жерінен жайқалған гүл көре қалсаңыз, оның бәрі осы Сарагүл апайдың қолымен отырғызып, күтіп баптаған гүлдері. Қазіргі күні қоғамдық негізде еңбек ететін 85 адамның жұмысын бақылап, басшылық қызмет атқарады. Күнделікті таңертең 8.00-де орталық алаңда жиналған еңбеккерлерді түгелдеп, жұмыстарын бөліп беріп отыру Сарагүл Омарованың міндеті.

Сүйікті ісін кәсібіне айналдырып, қаланың ажарлы келбетін келтіруге атсалысып жүрген Сарагүл Омарова көше комитеті ретінде де халықтың мәселесін шешуге септігін тигізіп жүр. Кейіпкеріміз қарапайым болмысы мен адал еңбегінің арқасында халықтың сүйіктісіне айналып отыр. Қаланың қай қалтарысында жайқалған гүл көрген адам «Сарагүлдің гүлдері ғой» деп тақыр жерге сұлулық сыйлап тұрған еңбекке сүйсіне қарайды. Кейіпкеріміз үшін де содан асқан мақтау мен марапат керек емес. Ел еңбегін ескерсе болғаны.
Назерке БАҚЫРАН