Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Малын өрісті еткен бақташы

Малын өрісті еткен бақташы

Малдың жәйін баққан білер. Иә, төрт түлігін түлетіп тұрмыс кешкен қазақ үшін мал шаруашылығы өмірінің мызғымас бөлшегіне айналған. Ата-бабаданжалғасын тауып келе жатқан осы бір кәсіп заман өзгерсе де, өз құндылығын жоймай келеді. Бүгінде мал бағып, оны кәсібіне айналдырып тәуір тұрмыс кешіп отырған жандар баршылық. Солардың бірі –жуырда өткен облыстық «Алтын дән - 2022» мерекесінде «Озат бақташы» атанған еңбекқор жан Мейрамбек Дәрібаев.
Мейрамбек әңгімесін: – Мен қойшының баласымын, – деп бастады.
Ол 1971 жылы Қарақұм елді мекенінде қойшы отбасында өмірге келген. Әкеге қолғанат бола жүріп төрт түлік малдың қыр-сырын біліп өседі. Содан да болар, ол осы кәсіпті өзіне жақын тұтқан.
– Әкем совхозда қойшы болды. Ес білгенімізден бастап бүкіл балалық шағымыз мал шаруашылығымен біте қайнасып жатты. Біз әкеміздің көмекшісі болдық. Ол талай жыл бақташы болған соң малдың жәйін жақсы білетін. Білгенін бізге үйретіп отыратын. Адам баласы тумысынан бір шаруашылыққа жақын болады екен ғой. Менің де мал шаруашылығы жаныммен, қаныма сіңген кәсіпке айналды. Содан да болар, әке кәсібін мен жалғастырдым, – дейді Мейрамбек.
Ол 1995 жылдан бастап мал басын көбейтіп ата кәсіпті қолға алады. 2006 жылы жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, Қарақұм елді мекеніндегі «Оңболсын-Эльвира» шаруа қожалығын ашқан. Содан бері ірі қара мал өсірумен айналысып келеді.
– Негізінен сиыр, жылқы, түйе малдарын бағамын. Оларды өсіріп қана қоймай, ет бағытында сойып сатумен де айналысамын. Арал қаласынан ет дүкенін ашқанмын. Сонда мал етін күнделікті балғын күйінде әкеліп сатамыз. Жалпы мал шаруашылығының айналасында жасаймын деген адамға кәсіп көп. Тек ерінбей талмай еңбек ету керек, – дейді кәсіпкер Мейрамбек.
Мейрамбектің аудан көлеміндегі мал шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі елеусіз қалған жоқ. Ол биыл облыс бойынша «Озат бақташы» атанды.
– Жетістік мерейіңді өсіреді. «Озат бақташы» номинациясымен марапатталу да бар тіршілігін ата кәсіппен байланыстырған біздер үшін зор құрмет. Әр адам өзі ісінің бір нәтижеге жеткенін қалайды. Сол үшін еңбектенеді. Мен мал бағудан нәпақа тауып қана қоймай, сүйікті ісім ретінде қолға алдым. Негізі адам сүйіп істеген жұмысының берекесі болатындығына көзім жетті, – деп сөзін сабақтады озат бақташы.
Қазірде «Оңболсын-Эльвира» шаруа қожалығының төрағасы Мейрамбек Дәрібаев бір мал шаруашылығының айналасында бірнеше кәсіптің көзін тауып отырған іскер азамат. Бар тірліктің басында өзі жүретін еңбекқор жан іштей «мал баққандікі» деген тәмсіл сөзді ұстаным етіп алған. Оның бастамасын жақындары да қолдап отырады. Мал бағумен қатар қаладағы «Арал» ет дүкенінің шаруашылығына әйелі мен балалары көмекші болып бірлесе атқарып жүр. Міне, мерейі өскен бақташы қай істі де адал атқарып, шын сүйе білсең нәтижелі болатындығын дәлелдеп бергендей.

Н. МАРАТҚЫЗЫ
23 қазан 2022 ж. 540 0