Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Асыл тұқымға мән берген...

Асыл тұқымға мән берген...

Қазақ қашанда берекені көктен емес, еткен еңбектен тілеген халық. Қазір «алма піс, аузыма түс» деп жататын заман емес. Талабы бардың барлығы тіршілік қылып, таң азанымен бейнетке бойұсынуда. Соның ішінде осы кәпкерлік саласына көптеп ден қойып жатқандар бар. Бірі алып сатады, бірі халыққа қызмет көрсетеді. Қолынан іс келетіндері түрлі бұйымдар жасаса, енді бірі ата кәсіпке әр беріп, шаруашылығын жандандыруда. Мұндай қарбалас қазіргі таңда ауылдық жеррлерде де жиі байқалады. Мал шаруашылығы ауылдық жерлерде көптеп қолға алынуының да өзіндік себебі жоқ емес. Өйткені малдың өрісі жайылымдық жер. Шаруалар сондай жерлерді көздеп кәсіп қылып, мал бағады. «Өріске жібердің, күтіп алдың» дегенмен, сезіне білгенге мал баққаннан ауыр бейнет болмас. Мұны шаруалар да түсінеді. Алайда береке осы малда болғандықтан оның санын көбейтіп, шаруасын алға бастыруды көздемейтін жан жоқ шығар. Бүгінде осы бір бейнеткеш халықтың ортасында ер жетіп, төрт түліктің қыр-сырына бала күннен қанығып өскен ауыл азаматтары да атадан балаға мирас болған осы шаруаға ден қоюда. Сондай жандардың бірі – аудандаға қарасты Аманөткел ауылында тұратын Айтуған есімді азамат.
Мал шаруашылығымен айналыса жүріп «Кенжебаев Айтуған» шаруа қожалығын құрған Айтуған ағамыз мал тұқымын асылдандыру мақсатында «Арал ырысы» несие серіктестігінен жеңілдетілген несие алып, қазақтың ақ бас сиырының тұқымын көбейтуді қолға алған.
Қазіргі таңда бұл шаруашылықтың жеке жайылымында етті келетін қазақтың ақбас сиыры жайылып жүр. Айрықша күтімді қажет ететін мұндай жануарлардың бүгінде күтімі жақсы. Шаруашылықтың негізігі бағытын осы асыл тұқымды малдың басын көбейту болғандықтан, қазірдің өзінде қожалық төрағасы бұл малдардың өнімі ауыл шаруашылық саласында сұранысқа ие екенін айтуда.
– Менің бұл шаруашылықта келе жатқаныма көп жылдың жүзі болды. Бұған дейін ақбас сиыр тұқымын бағып келе жатқан шаруамын. Бұл малдардың бір жақсы жері қысқа төзімді келеді. Қоңды әрі етті болғандықтан аяз қысса да далада еркін жайыла береді. 2021 жылдың соңы, осы жылдың басында «Арал ырысы» несие серіктестігінен 20 млн теңгедей несие алып, сол қаржыға 44 бас осы ақбас сиырдың қашарынан алып келдім. Алла сәтін салса осы малдың 70-80 пайыздайынан төл аламын деген үміт жоқ емес. Бастысы, мал-жанның амандығы. Қалғаны өз ретімен бола жатыр. Негізі мұндай бастамаларды қолдаушы үкімет барда, қазақтың кәсібі өлмейді. Менің соған анық көзім жетеді, – дейді қожалық төрағасы А.Кенжебаев.
Иә, Аманөткел аулының «Заузан-2» өңірін жайлаған шаруашылық малының бүгінде саны артып, өрісте еркін жайылуда. Мұның барлығы Айтуғандай азаматтардың бастамаларын қолдап, кәсібіне қаржылай қолдау білдірген мемлекеттік бағдарламаның жемісі. Мұндай іске бел буған болсаңыз, сізге де тиісті заңдылықтарға сай қолдау көрсетуге әзір.

А. ҚАРАСАЙ 
23 шілде 2022 ж. 342 0