Балық пен аң аулауда сақ болыңыз

Егер сіз қайықтан балық аулауды дұрыс көрсеңіз, ең бастысы жүзе білгеніңіз абзал. Бұл іс-әрекет сізге өзіңізді сақтап қалуға, тіпті ең қиын, күтпеген жағдайларда досыңызды құтқаруға көмектеседі. Су айдынына шығар алдында қайықтың жай-күйін мұқият тексеріп, ескектің ақаусыз екеніне көз жеткізіңіз. Балық аулауға арналған құралдарды қайықтың жанына салыңыз, ал басқа заттарды (киімді, сөмкені, дорбаны) қайықтың мұрын жағына және орындықтың астына орналастырыңыз. Міндетті түрде қайықта құтқару шеңбері, немесе құтқару кеудешесі және су жинауға арналған шелек немесе басқа да ыдыстар болуы керек.
Сонымен қатар аңшылық тек арнайы рұқсат құжаттары бар шаруашылықтардың аумағында жүргізілуі тиіс. Әрбір аңшының аң аулау ережесін, өрт қауіпсіздігін қатаң сақтауы керектігін естеріңізге саламыз. Суда жүзетін құстар мен су маңы жануарларының өзгеше мінез-құлық танытуы немесе жаппай қырылуы байқалса, бірден қорық қызметіне, болмаса аудандық, облыстық аңшылық шаруашылығына шұғыл түрде хабарлау қажет. Өйткені қоршаған ортаны қорғау – әркімнің азаматтық борышы. Аң атуға рұқсат қағазды аңшылық шаруашылықтары береді және өзге шаруашылықтардың аумағына кіруге немесе мерзімі аяқталған жолдамамен аңшылыққа шығуға, құжатты өзге тұлғаларға беруге тыйым салынады. Тағы бір ескере кететін жайт, тұяқты жануарларды атуға шыққан кезде аңшылық, шаруашылық қорықшысымен бірге жүру міндетті. Аң аулау тәртібі туралы ақпаратты аңшылар қоғамынан және аңшылық шаруашылықтарынан алуға болады. Қай кезде де қауіпсіздікті бірінші орынға қойған абзал. Себебі қауіпсіздік ережесін білу арқылы сіз өзіңізге және жақындарыңызға төнген қауіптің алдын аласыз.
Сақтансаң, сақтайтынын қаперден шығармайық. Әсіресе балық және аң аулауда қауіпсіздік бәрінен маңызды, осы қаперде болсын.
Арал аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі