Әлхамдулилла 20 миллион қазақпыз

Кешегі Тәуелсіздік алар уақыттың 1-2 жыл алдын, яғни 1989 жылғы санақ бойынша елдегі халық саны 16 222 324 адамға тең болған еді. Бұл санақ Қазақстанның бұрынғы Кеңес Одағы құрамында болған кезінде жүргізілгенін ескеру керек. Себебі алып империя құлап, 90-жылдардың тоқырауы басталған кезде түрлі жағдаймен қазақ топырағына табаны тиген өзге ұлт өкілдері өздерінің тарихи отандарына үдере көшкені белгілі. Сонымен қатар елдегі тұрмыстың нашарлауына байланысты демографиялық жағдай да кері кетті. Сөйтіп 1989 жылғы 16 222 324 адамнан елімізде 1999 жылы 14 981 281 адам қалған. Яғни халық саны 1,2 млн адамға азайды. Тәуелсіздік жылдары халқымыздың санында едәуір өсім байқалды. Айталық 2021 жылғы санақ бойынша Қазақстан халқының саны 19 миллионнан асты. Ал ендігі көрсеткіш өзіңіз білетіндей 20 миллионға жетті. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің әлеуметтік желі парақшасында: «Бақытты отбасы – бақуатты елдің негізі. Мемлекет отбасы құндылықтарын нығайтуға, ана мен баланы қорғауға баса мән береді», – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев Х парақшасына.
Қазақстан халқының санын 20 млн.ға жеткізген 5 бала Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келген. «Отбасы банкі» аталған сәбилерге 2 млн. теңгеден сыйақы беру туралы шешім қабылдапты. Қаржылай сертифкатты баспана алуға жұмсай алады. Ата-аналар оны алу үшін жергілікті банк филиалдарына барып, жеке куәлігі мен баланың туу туралы куәлігін көрсетуі керек. «Халықтың деректер базасының көрсеткіштеріне сәйкес, 2023 жылғы 14 қарашада таңғы сағат 8.10-да туған 5 бала еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанды. Қазақстанның мерейлі азаматтары Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келді. Олардың ішінде 3 ұл және 2 қыз бар», - делінген хабарламада. Ақжолтай хабардың алдағы жылдары миллиондармен жаңарып, халық өсімінің жыл сайын арыта беруіне біз де тілекшіміз.
А.БИСЕНОВ