Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұрмыстық зорлық-зомбылық азаймай тұр

Тұрмыстық зорлық-зомбылық азаймай тұр

Бүгінде жиі көтеріліп отырған тақырыптың бірі – тұрмыстағы зорлық-зомбылық. Оның себебі қоғамдағы, отбасындағы жиі орын алып отырған теңсіздік мәселесі. Иә, жаратылысынан әйел адам физикалық тұрғыда әлсіз, ер адамнан бір саты төмен тұрады. Дегенмен ол ер адамның күш көрсетуіне болады деген сөз емес. Зерттеулерге сүйенсек маскүнемдік, жұмыссыздық, қызба мінез, қызғаныш секілді дүниелердің кесірінен заңбұзушылық әрекеттер көп орын алады. Қоғамның күн сайын қарыштап дамуына қарамастан әйелдердің, балалардың құқығы, олардың қауіпсіздік мәселесі әлі күнге дұрыс жолға қойылмаған. Оған күнделікті ақпарат айналарынан көріп жүрген жаға ұстатарлық жаңалықтар дәлел.
Статистикаға сүйенсек елімізде соңғы 4,5 жылда 869 адам тұрмыстағы зорлық-зомбылық салдарынан көз жұмған. Денсаулыққа ауыр зиян келтірілуі туралы 2086 факт тіркелген. Тағы бір айта кететін жағдай – зорлық-зомбылық салдарынан тек әйел адам ғана емес балалар да зардап шегуде. Жыл басынан бері еліміз бойынша 25 бала өлімі тіркелсе, оның ішінде 4-і жақын туыстарының қолынан қаза тапқан.
Ал аудан бойынша 2023 жылда 239 азаматқа әкімшілік шара қолданылып, қылмысты қайталау әрекеті бойынша 27 дерек тіркелген. Және 46 азаматқа құқықбұзушылық әрекетіне байланысты шектеулер қойылып, ерекше талаптар бекітілген. Олардың ішінде алкоголизм мен нашақорлықтан зардап шегетін 11 азамат еріксіз емдеу үшін мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемелеріне орналастырылған.
Шындығында қазіргі отбасындағы әйел адамның рөлі мен бұрынғы ата-бабаларымыздың ұстанымын шатастыруға болмайды. Тарихқа көз жүгіртсек әйел адамның маңызы қашанда биік болды. Қандай да бір жетістікке жеткен хандар мен батырлардың жанында қашанда демеушісі болып анасы, әйелі, қарындасы секілді жандардың болғаны өтірік емес. Дегенмен қазір «бір саты жоғарымыз!» деп күш көрсету әдетке айналған. «Үйде шешен дауға жоқ, үйде батыр жауға жоқтың» кері келіп отыр.
Зорлық-зомбылық мәселесіне тек қана ұрып-соғу, күш көрсету қана емес, сонымен қатар психологиялық амалдар қолдану, оның ішінде қорқыту, бопсалау, қорлау іс-әрекеттері де жатады. Адамды тұрғын үйінен, тамағынан, киімі мен табыс көзінен айыру да күш көрсетудің бір түрі. Сексуалдық зорлық-зомбылық та елімізде көптеп орын алуда.
2023 жылдың 1 шілдесінен бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік жазаны қатаңдатуға бағытталған түзетулер заңды күшіне енді. Яғни, полиция тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеудің декларативтіліктен детективтік сипатына көшті. Нәтижесінде заңнамадағы өзгерістен кейін тек шілде-тамыз айларында жауапқа тартылған жандардың саны үш есеге артты.
Негізінен қашанда «бас жарылса-бөрік ішінде, қол сынса-жең ішінде» деп жазылмаған заңмен бекітілген қазақ қоғамына бұл өзгерістердің пайдасы ұшан теңіз. Әдетте «екі жастың арасына есі кеткен түседі» деп отбасындағы жанжалға араласпай, «өздері шешеді» деп күту – барша зорлық-зомбылық мәселесі орын алған отбасылардың басынан өткен жағдай. Балаларға болсын, нәзік жандыларға болсын өзге отбасы мүшелерінің, көршілердің ара түспеуінен орташа деңгейдегі және ауыр дене жарақаттарын алу орын алады.
Күш көрсетіп жатса да шыдау, отбасының абыройын ойлау – қазақ әйелінің болмысы. Кейде өз өмірін ойлап арыз жазғанымен, қайта ойланып арызды кері алушылар көп. Ондай жандар көбінесе психологиялық, материалдық тұрғыда күйеулеріне тәуелді болып келеді. Тек күйеуінен емес, сонымен қатар жігітінен, есейген баласынан зардап шегуші жандар да бар.
Жалпы зорлық-зомбылық жәбірленушілер санын нақты айту мүмкін емес. Олардың ішінде анықталмаған, арыз түспеген, шыдаушы жандар қатары әлі де көп. Арнайы «Ана мен баланы қолдау» орталықтарының мәліметінше, көмек сұрап келген жандардың басым бөлігі денсаулығына зиян келіп, шыдамсыз жағдайға келгенде көмек сұрайды. Не үшін әйел адамдар көніп, өз шаңырақтарынан кетуге мәжбүр?
Расында, елімізде жәбір көруші жандармен көп жұмыс жасалады. Ал агрессор жанмен ешқандай жұмыс жүргізілмейді. Осыған байланысты пилоттық жоба қолға алынуда. Ол бойынша психологтар мен психотерапевттер ер адам бойын кернеген агрессияның шығу себебін анықтап, ашуын жеңудің түрлі әдіс-тәсілін үйретеді. Негізі мақсаты – күш көрсету қылмыс екенін түсіндіріп, жауапкершілікті сезінуге, ол үшін жаза өтелетінін, қайта барған қылмыс одан да ауыр екенін ұғынуға ықпал ету.
Соңғы айларда елімізде болып жатқан жаңалықтар, оның ішінде жас қыз-келіншектердің, жас балалар өлімінің көп болуы бұл мәселенің алдын алу шарасын күшейтуге алып келеді. Осы мақсатта ауданда учаскелік полиция және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторлары құқықбұзушылық орын алған отбасыларын аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Профилактикалық есепте тұрған азаматтармен жеке сұхбат жүргізіліп, зардап шегуші нәзік жандыларға қолдау көрсетілді. Сонымен қатар «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ!», «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсымыз» атты іс-шаралар болып өтті. Қазіргі таңда қаламызда ашылған «Отбасын қолдау орталығы» аудан көлемінде жұмыс жасайды.
Иә, заман дамып, уақыт өткен сайын қоғамнан дейсің бе, адамнан дейсің бе, әйтеуір түрлі жағымсыз оқиғалардың көбеюі – заңдылық. Дегенмен оның болмауы да өзіміздің қолымызда. Заң, талап, тәртіптің күшеюі әлсіз топтың қорғанышына айналған шақта мәселенің оң шешімін табайық.
Г. САҚТАПОВА


22 қараша 2023 ж. 262 0