Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сіріспеге қарсы екпенің маңыздылығы

Сіріспеге қарсы екпенің маңыздылығы

Сіреспе – адамның жүйке жүйесінің зақымдануын, бұлшықеттің қатайып сіресуін және ағзаның улануын тудыратын жіті бактериялық жұқпалы ауру.
Қызылорда облысында соңғы жағдай 2005 жылы анықталды, содан бері аймақта сіріспенің бірде-бір дерегі тіркелген жоқ.
Аурудың қоздырғышы – топырақта бірнеше жылдар бойы (10 жылдан астам уақыт) сақталып жататын бактериялар. Топыраққа ауырған адамның және жануарлардың нәжісімен түседі.
Зақымдалған тері немесе шырышты қабық, көбінесе жарақаттар, соққылар, құлаулар және т.б. арқылы, антисептикалық қағидаларды бұза отырып, науқастың үсік шалған тері қабатын немесе күйік шалған жерлерін емдеу барысында инфекцияны сау ағзаға жұқтыру қаупі жоғары.
Ауру белгілері жедел басталады, алдымен ауыз және жақ еттері, кейін мойын, арқа, құрсақ, аяқ-қол бұлшықеттері сіресіп, дене қызуы қатты көтеріледі. Бұлшықеттердің сіресуінен жүрек тоқтауы да болады.
Сіреспе ауруының ағымының ауырлығына байланысты келесі түрлерге бөлінеді:
- орташа ағымда симптомдар 3-4 күн ішінде байқалады, құрысулар күніне бірнеше рет пайда болады, науқастың дене қызуы көтеріледі;
- ауыр ағымында ұстамалар сағатына бірнеше рет пайда болады, дене қызуы көтеріледі, жүрек қағысы жиілейді және қатты терлеу байқалады;
- өте ауыр ағымда құрысулар әр 5 минут сайын пайда болады, жүрек қағысы жиілейді, тыныс алуы қиындағаны байқалады. Бұл жағдайда мұндай симптомдар жиі өлім жағдайына әкеп соғады.
Сіреспе – көбінесе ем қонбайтын өте қауіпті жұқпалы ауру, сондықтан онымен күресудің басты жолы дер кезінде адамның жасына қарай ауруға қарсы жоспарлы екпе алу. Сіреспе вакцинамен басқарылатын 20 инфекцияның қатарына жатады. Вакцина республикалық бюджет қаражаты есебінен алынып, тегін салынады.
Сіреспенің алдын алу мақсатында күл (дифтерия) және сіреспе сияқты бактериялық жұқпалы аурулардан қорғанысы бар аралас вакциналар қолданылады.
Балаларды сіреспеге қарсы вакцинациялау екі айлық жасынан біріктірілген гекса және пента вакциналарымен басталады. Мектеп жасындағы балаларға вакцинаның 1 дозасын егу сіреспеден де қорғауды қамтамасыз етеді. АДС-М-анатоксині 16 жаста, әрі қарай әр 10 жыл сайын (26, 36, 46, 56 жас) және сіреспеге қарсы сары су жарақат алған, тері қабаттары мен шырышты қабықтарының тұтастығы зақымдалған адамдарға шұғыл жағдайда салынады.

А. САТЕКЕЕВА,
Арал аудандық Сэбб басшысы


Сурет: ​gov.kz​​​
20 желтоқсан 2023 ж. 278 0