Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлу жылы тарихта несімен қалды?

Ұлу жылы тарихта несімен қалды?

Келер жыл жыл санағы бойынша ұлу жылына сәйкес келеді. Әр жыл өзінің ерекшелігімен көрініс табатыны секілді ұлу жылының да өзіне тән ерекшеліктері бар. Көпшілік ғалымдардың айтуынша, ұлу суда жүретін болғандықтан, бұл жылы құрғақшылық болмайды. Жыл тыныштықпен, береке-молшылықпен өтеді. Түркі жұрты, оның ішінде қазақтар да ұлу жылы астық, шөп мол болады деп жорамалдаған. Соған қарағанда бұл халық үшін жайлы, жұмсақ жылдар қатарынан орын алатын болса керек. Енді әр мүшел сайын қайталанып келетін ұлу жылы жылдар бұрын қандай ерекшелігімен есте қалғанын айтып өтсек.
Жалпы өткен ғасырдағы ұлу жылы 1904, 1916, 1928, 1940, 1952, 1964, 1976, 1988 жылдарға түскен. Ал жаңа ғасырда 2000 және 2012 жылдары ұлу жылы болса енді 2024 жылға тұспа-тұс келіп тұр.
1904 жылғы ұлу жылы еліміз үшін аса қолайлы жылдардың қатарынан болмады. Онда Мейірхан Кемалов басшылық еткен Зайсан уезіндегі «Надеждинск» кен қазу орнында жұмысшылардың ереуілі болып өтті. Бұл ереуіл қазақ халқы үшін есте қаларлықтай сәтсіз күн болды.
1916 жыл да Орыс отарлығы кезінде қарапайым қазақ елінің 19-43 жастағы ер азаматтарын қара жұмысқа алыну жарлығы шыққан күннен бастап жағымды жыл болмады. Барша Қазақ елін қамтыған үлкен көтерілістер бірінен соң бірі орын алып, ел тарихында мәңгілікке қалатын ұлу жылының бірі болды десек қателеспейміз.
1928 жылы мемлекеттік жоспарлау енгізіліп, еліміздің экономика саласында біршама өзгерістер болды. Бұл жылы Қазақстандағы тұңғыш мемлекеттік жоғары оқу орны қазіргі Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті (АлМУ) ашылып, жағымды жаңалықтармен басталды. Дегенмен Қазақстандағы тұңғыш репрессия осы жылы басталды. Ең алдымен Ә.Бөкейханов, Ж.Ақбаев, Ә.Ермеков сияқты ескі зиялылар қуғын-сүргінге ұшырап, рухани тоқырау болды. Қазақ халқының тарихындағы ең зұлмат, жантүршіктірер нәубет, ашаршылық та тура осы жылы басталды.
Ал 1940 жылы Қазақстанда 2580 ірі кәсіпорын жұмыс істеп, индустрияның жалпы өнімі бұрынғымен салыстырғанда айтарлықтай өсті. Барлығы 57 ғылыми-зерттеу институты жұмыс істеп, онда 1700-ге жуық қызметкер еңбек етті. Және осы жылы орыс графикасы негізінде жаңа қазақ әліпбиі енгізілді.
1952 жылы елімізде ұсақ колхоздарды ірілендіру жұмыстары жүріп, олардың жалпы саны 2 есеге жуық қысқарды. Сонымен бірге  1952 жылы кітапханалар мен сауда жүйесі алынып, көзі жойылған кітаптар тізіміне: «Батырлар жыры» (1940), «Айтыс», Қ.Аманжоловтың  «Өзім туралы», «Мариям Жагорқызы», Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллин туралы өлеңдер мен очерктер жинағы жатқызылды. Және академик Е.Бекмаханов 25 жылға сотталды. Бұл жылдары елімізде нағыз рухани тоқыраудың белең алған кезеңі болды.
1964 жылы СОКП Орталық Комитетінің қазан Пленумында партия басшылығы ауысты. Пленум Н.С. Хрущевті партияның ОК-нің бірінші хатшылығынан босатты. Оның орнына Л.И. Брежнев, үкімет басына А.И. Косыгин тағайындалды. 1964 жылғы ұлу жылы бұрынғы мүшелдегі жылдармен салыстырғанда айтарлықтай жайлы өтті.
Кейінгі мүшелдегі 1976 жыл еліміз үшін ауыл шаруашылығының дамуымен ерекше қолайлы, жайлы жыл ретінде тарихта қалған болатын.
Ал 1988 жыл біздің елдің әрбір тұрғыны білетін жыл. Осы жылы көптен күткен қуанышпен Алаш арыстары ақталған болатын.
Тәуелсіздік алған жылдардан бастап еліміздің экономикалық, саяси, мәдени өмірінде айтарлықтай өзгерістер болды. Соның ішінде 2000 жылы Ұлттық қор құрылып, әскери жаңа жүйе қабылданды. Қазақстан әлемдік дағдарысты еңсеріп, экономиканы тұрақтандырып қана қоймай, даму кезеңіне өтті.
"Мәдениетті қолдау жылы" бағдарламасы аясында елімізде 468 кітапхана, 238 клуб, 5 театр, 5 мұражай ашылды. Мәдениет нысандарын реконструкциялауға және жөндеуге 3,5 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды.
Осы жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнім өсімі 14,5 пайыз болып, экономикалық рекорд қазақстандықтардың өмір сүру деңгейіне бірден әсер етті.
Сиднейдегі жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан 3 алтын және 4 күміс медаль жеңіп алды, бұл елге 199 қатысушы ел арасында 22-ші орынды иеленуге мұрша берді.  
29 шілдеде Семей ядролық полигонының соңғы ұңғымасы жарылды.
Киелі шаһар Түркістанның 1500 жылдығының кең көлемде аталып өтуі де осы ұлу жылының есте қаларлық оқиғасы болды.
Өткел мүшелдегі ұлу жылы біздің елімізде жақсы да, жаман да оқиғаларымен есте қалды. Парламент мәжілісі депутаттарының сайлауымен бастау алған жылдың сәуір айында Қарағандыда тұрғын үй құлап, 138 жанның эвакулациялануымен жалғасты.
28 мамырда «Арқанкерген» оқиғасы болып, 5 маусым Н.Ә.Назарбаевтың шешімімен еліміз үшін ұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Жаңалықтар легін Лондонда өткен олимпиада жалғастырды. Онда ұлттық құрама барлығы 13 медаль жеңіп алды, оның 7 ең жоғары номинацияға ие болды. Қазақстан медальдық есепте 12 орынға жайғасты. Бұл тәуелсіз Қазақстанның Олимпиада ойындарына қатысуы тарихындағы ең үздік нәтиже еді.
Алматы облысындағы Іле-Алатау Ұлттық паркінде болған жаппай кісі өлімі де еліміздің еңсесін түсірген оқиға болды. Кейін Медеу шатқалында өрт болып, 22 гектар жер зардап шекті.
Дәл осы жылы Қазақстанда «EXPO-2017» көрмесі өтетіні белгілі болған болатын.
Жыл аяғы АН-72 ұшағының апатқа ұшырап, 27 адамның қаза табуымен есте қалды. 27 желтоқсан күні елімізде екінші мәрте ұлттық аза тұту күні жарияланды.
Иә, өмірде жақсы да, жағымсыз да оқиғалардың қатар жүретіні белгілі. Дегенмен өткен іске өкінбей, болашақтан үлкен үміт күту біздің санамыздағы ерекшеліктің бірі. 2024 жылы келетін мүшеліміз еліміз үшін барлық салада жақсы жаңалығымен келсін демекпіз. Жаңа жыл берекелі болғай.
Гүлмарал САҚТАПОВА

Фото: egemen.kz


31 желтоқсан 2023 ж. 421 0