Қазіргі бала Аяз атаға сене ме?

– Балам, бүгін балабақшада не болды?
– Бір той болды, білмеймін – деді иығын қиқаң еткізіп.
– Ол жаңа жыл кеші ғой.
– Иә, бізді апайлар алдап соқты ғой, мама
– Қалай?
– Аспазшы апай өтірік сақал салып алып, «Мен Аяз атамын сендерге қонаққа келдім» деп қасына басқа топтағы тәрбиеші апайды ертіп келді. Біздің Алмагүл апайымыз да аққаланың киімін киіп алып бізді алдады, - демесі бар ма! Әрі қарай не айтарымды білмей, баламның мына сөздеріне жауап қата алмай аңтарылып қалдым.
Әжем кезінде «Ақыр заманнның балалары» деп отырушы еді, озық ойлап, қойсақ киіп. Қазіргі заманның балалары да қиял-ғажайыпқа сенуден қалып бара жатқан сыңайлы. Баланың мына сөзі өзіме «балалық шағымдағы жаңа жылды қалай қарсы алатын едім?» деген сұрақты қойуыма мәжбүрледі.
Біз үшін жаңа жыл мерекенің төресі еді. Ең алдымен үйімізді, мектебімізді сәндейміз. Ол кезде қазіргідей қызылды-жасылды дайын дүниелер жоқ. Бәрін қолдан жасаймыз. Түрлі түсті қағазбен клейдің көмегімен неше түрлі ойыншық, шынжыр тәріздес, шамға ұқсас түрлі бұйымдар жасаймыз. Әдемі көйлегімізді, сәнді бұйымдарымызды тағып, жаңа жыл кешіне барғанша асығатын бала көңіл-ай десеңші. Сол жаңа жыл кешіне келген ертегі кейіпкерлерін шын деп ойлаушы едік. Ақшақардың өзімізден жоғары сыныпта оқитын қыз екенінін білсек те «Аяз ата костюмінің ішіндегі кім?» деген сұрақ мазаламапты. «Мен ертегілер елінен сіздерге қонаққа келдім. Қанекей өнерлерінді көріп, шаршағанымды басайын» деген Аяз атаның жуан дауысы естілсе көптен жаттап жүрген тақпақ, өлеңімізді жапырлай айта бастаушы едік ғой. Тіпті бірде сыныптасым Тоқтар теледидардан көрсетіліп жатқан цесна ұны жарнамасының төрт шумақ өлеңін айтып, дүйім жұртты мәз қылғаны бар.
Қандай тап-таза мөлдір бала көңіл десеңші?! Сол Аяз атаның денешынықтырудан беретін Бейбіт ағай, мыстан кемпір болып келетін кітапханашы Жанат апайымыз екендігін 10 жастан асқан соң барып білдік қой. Ал қазіргі балабақшаның баласын мұндай кейіпкерлермен алдау қиын екендігін түсіндім. Бұған қуану керек пе әлде, қынжыламыз ба? Әдетте ертегіге сенетін баланың қиялы ұшқыр болады. Ондай бала арманшыл десек арманы асқақ адамның да өмірге деген талпынысы, қызығушылығы жоғары болмай ма? Бүгінгі ертегіге сенбейтін, ертегі кейіпкерінің өмірдегі бейнесінің астында кім барын біліп тұрған баланың эмоциясы жоғын көріп көңілім түсті. Десе де, бұл да баланың тым зеректігінен болар деп жақсылыққа баладым.
Н.МАРАТҚЫЗЫ