Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жылдамдықты асырып мастанбайық...

Жылдамдықты асырып мастанбайық...

Жақында шаруаларыммен облыс орталығына барып келгенмін. Күнделікті ғаламтордан көрген қаншама жол-көлік оқиғаларын көріп, жол бойы амандықты тілеп шықтым. «Жол мұраты – жету» дейді дана халқымыз. Дегемен жолаушылап шыққан жанның барар жеріне аман баруы қазіргі таңда мұңға айналды десек қателеспейміз. Діттеген жеріне жете алмай қаншама жанның тағдыры қиылды, кей отбасылар асыраушысыз, кейбірі түтінін түтетіп отырған жарларынан айырылды. «Боталап» қалған отбасы қаншама?!Жалпы жол-көлік оқиғаларынан зардап шегушілер саны күн санап артып келе жатыр. Заман дамып, жаңа технологияларға сұраныс көбейген сайын да оны пайдалану барысында қоғамға тиетін зияны өрши түсуде. Онда тек қана адам өлімі ғана емес, жарақат алған, көлік құралына зақым келген немесе басқалай материалдық шығынға ұшыраған жандарды да атасақ болады. Соңғы жылдары өзектілігін жоғалтпаған өзекжарды мәселеге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше көңіл бөліп, заң бұзушыларды қатаң жазалауды тапсырды. Қалаларды дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Президент:– Елімізде жол-көлік оқиғаларының көп тіркелетіні алаңдатады. Адамдар қаза тауып, жарақаттанып жатыр. Жол апатынан зардап шеккендер саны басқа елдердегі қарулы қақтығыстардан қаза табатындардың санынан кем емес. Жол қозғалысы мәдениеті айтарлықтай төмендеп кетті, - деген болатын.
Бұл жағдай адам өмірі мен қоғам тыныштығына қауіп төндіріп қана қоймай, мемлекеттің имиджіне де кері әсер ететіні анық. Халықаралық туристтер үшін елді мекендердің қауіпсіздігі мен қозғалыс мәдениетінің де жоғарылығы маңызды. Сондықтан халықаралық қауымдастық та көлік апаты мен оның зардабы турасында дабыл қағып, зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді.
Жақында ғаламтордан елордалық Полиция департаментінің мәліметінше, 4 желтоқсанда сағат 20:00-ден 5 желтоқсанда 07:00-ге дейін ауа райының қолайсыздығына байланысты Астана жолдарында 63 жол-көлік оқиғасы болғанын оқыдым. Бір түн ішіндегі бұл ақпаратты оқып жағамды ұстағаным рас. Қаза болғандар мен зардап шеккендер болмаса да бұл жағдай көңіл көншітерлік емес.
Жалпы биылғы жылдың 10 айлық көрсеткішінде елімізде барлығы 9,8 мыңнан аса жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 14 мың адам жарақат алып, 1800-ден аса адам қаза тапқан. Оның ішінде 1000-нан аса ер адам болса, 488 әйел адам және 210 кәмелеттік жасқа толмаған балалар тіркелген. Ең өкініштісі, жыл басынан бері 6 айлық көрсеткіш бойынша былтырғы жылмен салыстырғанда кәмелеттік жасқа толмаған балалар арасында қайтыс болу фактісі 24%-ға өскен.
Ішкі істер министрлігінің мәліметтері бойынша, адам өлімімен аяқталған апаттардың 48%-ы республикалық трассаларда орын алады. Жыл басынан бері қайғылы аяқталатын ауыр жол көлік оқиғалары Алматы, Жамбыл, Жетісу, Ақтөбе, Атырау, Ақмола, Түркістан, Маңғыстау облыстарының қала сыртындағы трассаларында жиі орын алған.
Ал үстіміздегі жылдың 11 ай қорытындысымен аудан көлеміндегі орын алған жол көлік оқиғалары 2022 жылдың 11 айымен салыстырғанда азайған. Өткен жылдың тиісті кезеңінде жол-көлік оқиғаларының саны 34-і құрап, 22 адам қайтыс болса, биыл 25 жол апаты болып, жалпы саны 10 адам қаза тапқан.  Тиісінше жарақат алғандар саны 47-ден 37-ге төмендеген. Ол туралы аудандық Полиция бөлімінің бастығы Нұрбек Шегебаев:
– Жол-көлік оқиғалары негізінен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің бойында орналасқан елді мекендер тұсында автокөліктердің үй жануарларына соғуы салдарынан орын алған.  Республикалық маңызы бар тас жолда 10 оқиға орын алып, 8 адам қайтыс болса, 23 адам әртүрлі дене жарақаттарын алған. Бөлім қызметкерлерімен 11 айда жол ережелерін бұзған 3365 дерегі анықталып, 29 053 228 теңге айыппұл салынған, - деп атап өтті.
Негізінен жол-көлік оқиғасына басты себеп – жүргізушілердің заң бұзуы. Жылдамдықты асырып, бағдаршам бұйрығына бағынбай, тәртіпті орындағысы келмейтін жүргізушілер көп. Соның салдарынан апаттың басым бөлігі, яғни 88%-ы орын алады екен. Статитикаға сүйенсек, жүргізушілердің басым бөлігі алкогольдің немесе ескерткінің арбауында болады екен. Екіншіден, темір тұлпар тізгіндеуге тәжірибесі тым аз болса да көбісі тәуекел етеді. Ал «Тәуекел түбі жел қайық, өтесің де кетесің» деген бейқамдық жол үстінде кешірілмейді.
Жылдамдықты шегінен асыру да басты себептің бірі. Орташа жылдамдықтың асырылуы жол көлік оқиғаларының болу ықтималдылығы мен оның салдарының ауыртпашылығына да тікелей әсер етеді. Мәселен, орташа жылдамдықтың шамадан 1 пайызға асуы өлімге апарып соғатын апат ықтималдылығын 4 пайызға, ауыр авариялардың болуын 3 пайызға ұлғайтады. Көліктер соққан жаяу жүргіншілердің өлімі тез артады (65 км/сағ жылдамдықта өлім көрсеткіші 50 км/сағ жылдамдықпен салыстырғанда 4,5 есе артады екен). 65 км/сағ жылдамдықтағы көліктердің соққысында жүргізушілер мен жолаушылардың өлім қаупі 85 пайызға тең болады.
Көлікті жүргізуге кедергі келтіретін, жүргізушінің назарын бұратын факторлар өте көп. Дегенмен, соның ішінде смартфон қолданысының кең тарауына байланысты жолдағы қауіпсіздік мәселесі де өзекті болып келеді. Көлік жүргізіп келе жатып мобильді телефон пайдаланатындардың апат қауіпі оны қолданбайтындарға қарағанда 4 есе жоғары. Жүргізушілердің телефонға қарауы реакцияның баяулауына, әсіресе жол қозғалысы белгілеріне тоқтау-тоқтамау, жол сызықтарынан шығып кету, көліктер арасындағы қашықтықты сақтау, жаяу жүргіншілерді байқамай қалу сынды қателіктерге тікелей әсер етеді. Телефонды арнайы құлаққап немесе дыбысын ұлғайтқыш арқылы пайдалану қауіпсіз болғанымен, мәтіндік хаттар жазу, мультимедиалық материалдар көру көлік апатына апарып соғуы әбден мүмкін.
Сонымен қатар Үкімет отырысында Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев жол апатының басты себебіне жолдардың нашарлығын атады. Оның айтуынша, жазатайым оқиғалардың 70%-дан астамы қара жолдың сапасы нашар елді мекендерде орын алады екен.
Ішкі істер министрлігінің отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Шын мәнінде, жол көлік оқиғаларынан біз жыл сайын ірі елді мекендерден айырылғандай зиян шегеміз. Бұл біздің еліміз үшін нағыз трагедия. Біз әрқашан және барлық жерде адамдардың өмірі мен денсаулығы ең маңызды нәрсе екенін айтамыз. Сондықтан жағдайды түзету үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Бірінші кезекте жол қозғалысы ережелерін мүлтіксіз сақтауға барлық азаматтардың назарын аудару керек, - деген болатын.
Бұл ретте балалар жол жүрісіне қатысушылардың ең осал са­наттарының бірі. Көбіне жол жүрісі қағидаларын біл­меу немесе оларға немқұ­рай­лы қарау салдарынан жолдың бойында ойнап жүрген, бел­гіленбеген жерлерден көшені кесіп өткен балалар жол апатына себепші болып жатады. Бұл туралы аудан тұрғыны Қайырбек Сматов:
– Қазіргі таңда балаларға қатысты апаттық жағдайлар көп. Әсіресе мектеп ауласының көлік жолдарына жақын орналасуы қиындық тудырады. Балаларын алып кетуге келген ата-аналардың көбі көлікпен келіп, бір-біріне жақын тұрады. Олардың арасынан кіші сынып оқушыларын байқамай қалып жататын жағдай көп. Қыста жолдың тайғақтығы, балалардың кеш қайтуы сынды жағдайлар да кедергісін келтіреді, - дейді.
Балалардың жолда қауіпсіз жүріс-тұрысқа байланысты дағдыларын нығайту мақсатында, қала бер­ді оқушылардың оқу жы­лының басталуы қар­саңын­да тамыз айында «Абай­лаңыз – балалар!» атты рес­публикалық жедел-про­фи­лак­тикалық іс-шарасы болғанын атап өткен жөн. Іс-шара шеңберінде білім беру мекемелерінің аума­ғын­дағы жол желісінің жұ­мыс күйін және жол жүрісін ұйым­дастырудың тех­ника­лық құралдарын зерт­теу мақсатында ата-аналар мен мұ­ғалім­дер­ге жол қауіпсіздігі бойын­ша профилактикалық сабақтар, дәрістер өткізілді.
Сонымен қатар ауданда жыл басынан бері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында уәкілетті орган тарапынан берілген барлығы 155 нұсқамаға сәйкес тиісті жұмыстар жасалынған. Бұдан бөлек, аудандық бюджеттен 14000 шаршы метрді құрайтын қала көшелері мен аудандық маңызы бар автожолдар ағымдағы жөндеуден өткізілді.
Айта кететін тағы бір жағдай жол-көлік оқиғалары көп орын алатын Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық тас жолының Ақтөбе-Қызылорда облыстары аралығы бірінші санатқа өтіп, төрт жолақты жолға айналады деген сүйінші хабар да бар. 
Сондай-ақ, аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы мезгілде күтіп ұстауға аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, мердігер анықталды.  Жеңімпаз мекеме келісім шартқа сәйкес 5 қажетті техника, 450 тонна инертті материалдар дайындаған болатын. Қыс мезгілінде қар қалың түсетін аймақтарға аса назар аударып, шұғыл әрекет ету керектігі жөнінде мердігер мекемеге тиісті тапсырма берілді. Сондай-ақ, төтенше жағдай орын алған кезде арнайы техникалармен жол қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында жеке кәсіпкерлермен әріптестік келісім шарттар жасалынды.
Алдағы уақытта аудандық маңызы бар жолдарда жол көлік оқиғаларын алдын алу мақсатында барлық бағыттағы тиісті жол белгілерінің талапқа сай орнатылуы және қыс мезгілінде қар тазалау, сонымен қатар мұздақ күндерде құм себу жұмыстарының күшейтілуі, қауіпті аймақтарға жасанды жол кедергілерінің орнатылуы баста назарда екенін айта кеткен жөн.
Жүргізушіге «жолда бай­қап жүр» деп айту аз­дық ететіні сөзсіз. Жол ережесін сақтамасаң ырым қылып таққан тәсбихтің де, айтқан «бисмилляның» да пайдасы шамалы. Кейбір жүргізушілер са­пасыз жолды, жүгірген жолаушыны себеп етіп өзде­рін ақтаған­дай болады. Не де болса кө­лік тізгіндеген адам өзі­нің өмірі­не ғана емес, кө­лік ішіндегі адамдардың тағдырына да жауапты еке­нін ұмыт­пағаны абзал.
Гүлмарал САҚТАПОВА
26 желтоқсан 2023 ж. 207 0