Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жесірін жылатпаған халық едік

Жесірін жылатпаған халық едік

Қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған халық. Қазалы үйде қара жамылып отырған жесірдің, әкеден айырылып жетім қалған қара табан баланың жайын ауыл, ру, ел болып кеңесіп шешкен. Сонда сол рудың ержеткен азаматына жесір қалған әйелді әмеңгерлікпен жар етіп қосқан. Немесе ауқатты би, болысы өзіне екінші яки үшінші әйел етіп алған. Ондағысы көз қызыққаннан емес, жесір әйел қиналмасын, жетім бала жәутеңкөз болып тентіреп кетпесін деген ниеттен туса керек-ті.
Жуырда бір кітаптан мынадай әңгіме оқыдым. Жас қосылған қосағынан ерте айрылған келіншек 25 жасқа жетпей жесір атанады. Бауыры да, баласы да қалмаған ол қайғыдан қан жұтыпты. Сонда әулеттің үлкендері кеңесіп, әлгі келіншекті 9 жасар ойын баласы, қайынінісіне жар етіп қосады. Келіншек басында арланса да, кейіннен оған да еті үйреніп кетеді. Үлкендердің сөзінен аспай, «Төрежан» деп еркелеткен, көз алдында өсіп келе жатқан қайынінісін күйеуі ретінде қабылдайды. Ойынын ойнап, кір қожалақ болып келген бүлдіршін күйеуін жуындырып, кірін жуып, тамағын әзірлеп жүріп уақыттың зырғып өте шыққанын да сезбей қалады. Бірде зер салса, әлгі ойын баласы сырттай жігіт болып шыға келіпті, ал өзі кесек бәйбішеге айналыпты. Осылай қосылған олардың кейін ұрпақтары өмірге келіп, өніп-өседі. Бұл расында ақиқат па, әлде аңызға жақын дүние ме, оны топшылай алмадым.
Рас, қазақтың тарихына көз жүгіртер болсақ жеңгесін жар етіп алып, ағасының ұрпағына бас-көз болған азаматтар көп-ақ. Ал өзі уыздай жас келін бола тұра жесірлік қамытын киіп, жетпістен асқан қайынағасының тоқалы болған әйелдер де жетерлік. Бұлардың бәріндегі бір ғана мақсат бар. Ол – жетімді жылатпау, жесірді қаңғытпау.
Қазіргі таңда «әмеңгерлікпен отау құрыпты» дегенді құлақ шалмағаны қашан. Жастар мұндай үлкендер шешіміне әсте келісім бермес. Бұл тақырыпқа келгенде қоғамның пікірі екі тармаққа бөлінеді. Бірі – қолдау білдірсе, екіншісі «ескіліктің сарқыншағы, адамның құқығына қол сұққанмен пара-пар» деп жатады. Шындығында, қазір 21 ғасыр, дамыған қоғамда өмір сүріп жатырмыз. «Ер мен әйел тең құқылы» деген желеумен еуропалық өмірге еніп кеткеніміз де жасырын емес.
Өмір болған соң қуанышы мен қайғысы қатар жүретіні белгілі. Алла басқа салса, жұмыр басты пенденің көнбеске амалы қайсы? Сондай тағдыр тәлкегіне тап болып, жолдасынан ерте айырылған әйелдер де арамызда бар. Бірақ қазір оларды «әмеңгерлікпен қайынінісі алыпты не қайынағасы жар етіпті» дегенді естімейміз. Керісінше, екінші рет тұрмысқа шыққан әйелдің балаларының өгей әкеден зорлық-зомбылық көргендігі туралы ақпарат көздерінде қорқынышты жаңалық толып жатыр. Осыны естігенде үлкендердің әмеңгерлік әдебі алысты ойлап, келешекті болжап, келеңсіздіктің алдын алуға жасалған кесімді әрі келісімді пікірі ме деп қаласың.
Осыдан үш жыл бұрын перзентханада бір палатада жатқан келіншектің әңгімесі маған қатты әсер етті. Үш күн бір бөлмені паналаған соң емен-жарқын әңгімелесіп кеттік. Біз әдетте әкемізді орысшалап «папа» деп айтамыз ғой. Ал ол отбасымен телефонмен тілдескен сайын «көкем қалай? Көкеме сәлем айтыңыз» деп жатқанын естіп қалдым. Бірақ әкесін «көке» деп атайтындар да баршылық қой. Қандай құлаққа жағымды естіледі десем де, неге олай атағанының мәнісін зерделеп сұрағаным жоқ. Сәлден соң әңгіменің тиегі ағытылып отбасымыз жайлы сөз қозғағанымызда, ол да өзінің ішкі жан сырын ақтарып салды.
– Менің 9 жасымда әкем жол апатынан қайтыс болған. Менен үлкен әпкем бар және кіші 4 жастағы інім үшеуміз әп сәтте «жетім бала» атанып шыға келдік. Анам әкеме 18 жасында қосылған. Ол кезде жап-жас келіншек болатын. Әкемнің қайғысы бәрімізді есеңгіретіп жібергенін бала болсам да сездім. Әсіресе қарт атам мен әжем көзінің жасын көл етіп жылады. Анам олардың бетіне жел болып келмеген, қарттардың қадірін асырып, алдында құрақ ұшып қызмет істеп жүрген келіні еді. Бір жағы келінін, екінші жағы немересі біздерді қимаса керек сол кезде оқуын бітіріп келіп, ауылдағы клубта қызмет етіп жүрген әкемнен 4 жастай кіші туған інісіне атам мен әжем «жесір жеңгеңді әмеңгерлікпен аласың» деп талап қойыпты. Ағам да, анам да оған келіскен. Осылай әкемнің жылы өткен соң үлкендер олардың некесін қиып ерлі-зайыпты етті. Басында біз ештеңенің байыбына бара алғанымыз жоқ. Кейіннен түсіндік қой. Қазіргі әкемізді бұрын да «көке» деп айтатын едік, кейін де солай атай бердік. Обалына не керек көкем бізден бар мейірімін, қамқорлығын, қаржысын аяған жоқ. Оқытты, сән-салтанатымызбен ұзатты. Анам екеуінің де «ей» десіп ұрысқанын көрмеппін. Сыйласып өмір сүріп жатыр. Олар отау құрған соң он жылдан кейін інім өмірге келді, – деп сөзін түйіндеді.
Мен оның анасы мен ағасының үлкендердің сөзіне тоқтаған ақыл-парасатына іштей разы болдым. Ал әлгі келіншектің сөздерінен өкіну мен реніш байқалған жоқ. Осының өзі-ақ оның туған әкесі болмаса да, әке мейірімін сезініп өскендігін танытып тұрған сияқты. «Бәлкім сол кезде басқаша шешім шығарылғанда жетім баланың өмірі қандай арнаға ойысар еді?» деген сумақай сауал да санамды шарпып өтті. Дегенмен артының осындай жақсылықпен түйінделгеніне іштей разы болдым.
Н. БАҚЫРАН
06 қаңтар 2024 ж. 315 0