Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Әмеңгерлік: «Әйел ерден кетсе де, елден кетпейді»

Әмеңгерлік: «Әйел ерден кетсе де, елден кетпейді»

Қазақтың ырымы мен дәстүрлерін түгендесек газет беттерінде ашық орын қалмас еді-ау. Олардың ішінде бүгінге жеткені бар, халық арасынан ұмытылып, қолданыстан кеткені бар, бәрі де өзінше бір төбе. Соның ішінде әмеңгерлікті білмейтін жан кемде-кем. Қазіргі таңда көп қолданысқа түспейтін, түссе де ел арасында көп айтыла бермейтін дәстүрдің бірі осы. Жалпы осы әмеңгерлік салты дұрыс па? Оның бүгінгі қолданыс аясы қандай?
Халқымыз ертеден «әмеңгерлік» салтын қатаң ұстаған. Әмеңгерлік – жесір қалған келіншектің өзінің рұқсатымен күйеуінің бір ағайынына ақсақалдардың батасымен қосылуы. Ол жетімнің обалына, жесірдің дауына қалудың алдын алатын бірден-бір салт.
Жесір әйел қазақы заң бойынша рұқсатсыз басқа ауылға көшпеген және өзге рулы елдің адамына тұрмысқа шықпаған. Мұның да өзіндік сыры, астары бар. Әйел ендігі жерде осы әулеттің адамы болғандықтан өзі де, балалары да бұл рудан бөлінбеген. Салттың түбінде «Жесірі қаңғымасын, жетімі жыламасын, өзге елдің адамына жалтақтамасын» деген үлкен мән жатыр.
Қазақта «аға өлсе жеңге мұра, іні өлсе келін мұра» деген сөз бар. Ол мұра тек бір-біріне қосылуы ниетті жандарды қосу ғана емес, ағасының немесе інісінің балаларына деген қамқорлық, оның қалған дүние-мүлкіне иелік етумен айқындалады. Алдағы уақытта өмірінің соңына дейін оларды өз жауапкершілігіне алады.
Негізінен әмеңгерлік салт күйеуі қайтыс болған әйелдердің бәріне бірдей жүреді. Салт бойынша күйеуінің қайтқанына жыл толған әйел ең алдымен өзінің туған қайнағасына тұрмысқа шығуы тиіс. Егер оны қаламай қайынінісімен қосылуды қаласа оған да қарсылық білдірмеген. Дегенмен інісі ағасының алдынан өтіп, 9 бас мал беретін болған. Кейде әйелдің ешкіммен қосылғысы келмейтін жағдайлар болады. Ол кезде де әулет үлкендері жағдайды түсініп, қарсылық білдірмеген. Тек өзге елдің адамына тұрмысқа шығудың алдын алуды қатты қадағалаған. Яғни, салт бойынша барлық нәрсе ежелден тек әйел адамның рұқсатымен болған. Зорлап, рұқсатсыз күш қолдану туралы нәрселер шындыққа жанаспайды.
Жалпы тарихқа зер салсақ бұл салттың ең көп қолданысқа енген уақыты соғыс замандарында болған. Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңдар жинағында да ері қайтыс болған жесірдің елден кетпеуі керек екені, жақын туыстарының біріне тұрмысқа шығу қажеттілігі міндетті екені көрсетілген деген дерек бар. Оның барлығы ел ішіндегі ауызбіршілікті, берекені ойлау болса, екінші жағынан тұрмыстың қиын шағында жетімдердің жаман жолға түсіп, басын тау-тасқа ұруының алдын алады деп сенген.
Соғыс уақытында әмеңгерлікпен қосылған жандардың бірі менің үлкен атам мен әжем. Күйеуі соғыста із-түссіз жоғалған әжемді әулеттің үлкендері ақылдасып қайынінісіне, яғни менің атама қосыпты. Олар тату отбасы болып, 2 сәбилі болады. Кейіннен үлкен әжем атама «барлық ер адамға өзі жақсы көріп алған әйелінің орны бөлек» деп, екінші әжемді өзі алып берген екен. Бүгінде біздің әулетте барлығымыз тату-тәтті тұрамыз.
Қазірде бұл салттың жұрнағы әлі бар. Оның мысалы ретінде әлеуметтік желіден көріп отырған жағдайларды айтсақ болады. Тіпті жақында ғана теледидарға шыққан отбасы да оның айғағы. Өзінің інісінің балаларын «жетім» деген атқа қалдырғысы келмеген Жеңіс мырза келінін әмеңгерлікпен 7 жыл бұрын алыпты. Бүгінде келіншегі екеуінің ортақ 3 баласы, інісінен туған 2 баламен барлығы 5 баланың ата-анасы атанып отыр.
Жалпы қай жағынан алып қарасақ та қазақ салтының жамандығы жоқ. Өз бауырынан туған балаға әкедей қамқор болатын, өз перзентіндей қарайтын жан өзінің ет жақыны екені рас. Ол бір жағынан баланың обалын ойласа, екіншіден өз бауырының әруағынан ұялады. Міне, қазақ халқы қай заманда да өз мәселесін осындай даналықпен реттеп отырған. Бұл жолдың әрі қарай да өз жалғасын табуы, салттың жаңғыруы бізге пайдасы болмаса зиянын тигізбек емес.
ӘЛНИЯЗИНА

(Сурет ашық дереккөзден)
20 желтоқсан 2023 ж. 962 0