Қожалықтың қамын күйттеген...
Қарақұм ежелден төрт түліктің жайлы мекеніне айналған ата қоныс. Мұнда бағылған мал семіз әрі берекелі болады. Осы сарындағы пікір қазіргі ел-жұрт арасында әлі күнге айтылып келеді. Себебі мұндағы шаруалар өз жұмысына асқан жауапкершілікпен қарайды. Кешегі миллионер совхоздың дәурені өтсе де, сол шаруашылықтың шетін көрген аға буынның ұрпағы бүгінде ата кәсіптен қол үзе қойған жоқ. Отар қойды өріске өргізбесе де, төрт түлік атаулыдан алыстай қоймаған ағайын тұрады мұнда. Сондай шаруа азаматтардың бірі Бөкенбей Әуезов еді. Әулет қамы үшін ата кәсіпке ден қойып, Қарақұмнан 40 шақырым жердегі Көлқұдық жайлауын мекен еткен Бөкенбай ағамыз «Әуез» шаруа қожалығын бір ізге түсірді. 2007 жылы негізі қаланған қожалықтың бар шаруашылығын бүгінде баласы Мұхит өз жауапкершілігіне алып, әкеден қалған ата кәсіптің тінін тарқатпай ұстап келеді. 2022 жылы бұл әулеттің әкесі Бөкенбай дүние салғанда балалары әке салған сара жолдан таймауға уағдаласқан-ды. Міне сол серт бүгінде әкеден тараған үш бауырды бір мүддеге біріктірген. Қара шаңырақтағы Асқар мен Нұрсәуле аналары Ақбикенің қолын жылы суға салса, Мұхит шаруашылықтың жай-жапсарын біркісідей бағамдап келеді. Ал бұл бауырлардың үлкені Мұхтар болса, сол Қарақұмнан өз отауын бөлектеп, ел қатарлы күн кешуде. Бауырларына бас-көз болатын ол науқандық жұмыстарда бел шешіп, білек сыбана іске кіріседі.
Бұл жолы Мұхит жайылымнан ауылға келген беті. Қыстың қамын ерте жасаса да, жоспарлап алынған жемнің шеті көрінгендей. Уақ мал күтімді көп қажет ететіндіктен, оның қыстайғы азығы да мол болуы шарт. Онсыз қысты жайлы етіп өткіземін деу бекер. Шығынға ұшырамаса да, көктемде көтерем мал бағуға тура келетінін Мұхит та ағасы Мұхтар да жақсы біледі.
– Біздің шаруашылықта уақ малға айрықша басымдық беріледі. Себебі оған ерекше күтім керек. Қыс қатты болмаса малдан шығын шығармай ұстауға болады. Бірақ сол қыста бабы келіспеген мал көктем шыққанда көтерем болып, кәдеге аспай қалуы мүмкін. Шығын сол кезде болады. Сондықтан біз шөпті де, жемді де қыс мезгіліне қарай мол етіп аламыз. Күзге салым шөп дайындау жұмыстары басталады. Мұндай кезде Мұхтар ағамның жұмысы еселей түседі. Себебі біздегі шаруашылықтың техникасын көбіне Мұхтар басқарады. Шабындыққа коселка түсіріп, оны престеу және тіркемеге арту жұмыстары техниканың көмегімен жүзеге асатындықтан, оны тынымсыз игеру керек болады. Бұл кездегі жұмыс қыстың қамы ғой. Алайда шаруашылықтың жайы келер қыстың ауанына да байланысты. Төрт түліктің бабы келіспесе, мал дегенің бір жұттық. Сондықтан біздің негізгі күнкөрісіміз осы болғандықтан, барлық жағдайды алдын ала бағамдап, шаруашылықтың кем-кетігін уақытпен санаспай толтыруға тырысамыз, – дейді «Әуез» шаруа қожалығының төрағасы М.Әуезов.
Елімізде отбасылық шағын бизнес нақты қолдауға ие болып, шаруашылықтың қай түріне болсын еркіндік берілгендіктен, мұндай іске ден қойғандар жеткілікті. Алайда сөзден іске көшкенде жағдай мүлдем басқаша болуы мүмкін. Өйткені мал бағу да оңай шаруа емес. Ебін таппасаң бірді екі ету – қиынның-қиыны. Оған тек өз ісіне берілген жандар ғана шыдай алады. Және бір нәтижеге қол жеткізеді. Біз әңгімеге арқау еткен Мұхит Әуезов бүгінде үкіметтен қандайда бір қолдау күтпей, өз күшімен жұмысын атқарып келе жатқан азамат. Жаз шықса қыстың қамына кірісіп, қыста қолдағы малдан көз жазбай келе жатқан оның бүгінде бағымында 200-ның үстінде уақ мал бар. Одан басқа мүйізді ірі қара мен жазық даланың жүйрігі мен ойсылқараның 10 шақты тұқымы бар.
Иә, «Жақсы әке балаға 40 жыл азық» деген аталы сөз әсте тегін айтылмаса керек-ті. Әкенің көзін көрген, әке салып кеткен сара жолды өздеріне ұстаным еткен ұрпақтары бүгінде ата-анаға жаман ат келтірмей, бір-бір шаңырақтың иесіне айналып отырған жайы бар. Үлкені Мұхтар Әуезов өмірлік жары Жарқынмен бірге 3 бала тәрбиелеп өсіруде. Ал әулеттің ортаншы баласы Мұхит болса осы шаруашылықтың басы-қасында жұбайы Айсұлумен бірге жүр. Ал әулеттің мұрагері Асқар болса әке орны саналған қара шаңырақта өмірлік жары Нұрсәулемен бірге осы әулеттің отанасы Ақбике аналарын бағып-қағуда. Осылайша жарасымды жанұя, шуақты шаңырақтың біріне айналған ағайынды Әуезовтер шарушылық пен кәсіптің, қызмет пен жұмыстың бел ортасында еңбек етуде. Бұл – әке таңдаған адал жол, ананың назары түскен айнымас ата кәсіп. Ал соның негізгі шарушылығы «Әуез» шаруа қожалығының ендігі жайы болса, оған бас-көз болып келе жатқан Мұхиттың бұл салады еңбегі еселі бола бермек.
А.ҚАРАСАЙ